×

Қазақстандағы қымбатшылық одақтас елдер ішінде тағы «рекорд» жаңартты: Боқаев пен Халық себебін айтты

«Қазақстан Үкіметіне мүлде жаңа экономикалық саясат керек»

Қазақстандағы қымбатшылық одақтас елдер ішінде тағы «рекорд» жаңартты: Боқаев пен Халық себебін айтты
Qaz365.kz коллажы

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде инфляция жағынан тағы да «рекордты жаңартты». Бұл жолы экономикалық одақ ішінде Қазақстан азық-түлік, тауар қымбатшылығы жағынан да серіктес мемлекеттерінен «озып» кетті. Мұның себебі неде? Салдары қандай? Шешімі бар ма? Осы сұраққа белсенді Санжар Боқаев үңіліп, экономист Мақсат Халық пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қазақстан Үкіметіне мүлде жаңа экономикалық саясат керек»

«Қазақстан әйтеуір, Еуразиялық экономикалық одақта көшбасшы болды! Бірақ, бөрікті аспанға атпаңыздар, Қазақстан азық-түлік қымбатшылығы жағынан ЕАЭО елдерінен озып тұр», - дейді Санжар Боқаев.

Белсенді бұл сөзін дәлелдеу үшін арнайы кестені көрсетеді. Оған сәйкес, азық-түлік 2023 жылы ЕАЭО елдерінде 5,7 пайызға өссе, Қазақстанда 15,2 пайызға қымбаттаған. Сүт және сүт өнімдері ЕАЭО елдерінде 6 пайызға, ал Қазақстанда 21 пайызға қымбаттаған. Ал Ресейде дәл осы өнімдердің бағасы бар-жоғы 2,6 пайызға өскен. Ұн ЕАЭО елдерінде 1,4 пайызға тіпті арзандаған, дәл сол уақытта 14,4 пайызға қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлары экономикалық одаққа мүше елдерде 5,5 пайызға, ал Қазақстанда 15 пайызға қымбаттаған. Дәл сол секілді Санжар Боқаев бензиннің, дизель отынының, азық-түлік емес тауарларының бағасында да сондай айырмашылық барын айтады.

«Біздің жай анализ жасаған күннің өзінде Қазақстанда ЕАЭО елдеріне қарағанда, тауардың бәрі тез қымбаттайтынын көреміз. Яғни, Қазақстан аумағына бір тауар кірсе, ол міндетті түрде жасанды әрі делдал компаниялардың қолынан өтеді. Бізге жеткенше тауар олигархтардың, олиграхтардың компаниясы мен содан табыс алатын шенеуніктердің қалтасына түсетін ақша болып маржа қолдан жасалады. Сол себепті Тоқаев олигополиямен күрес жөнінде айтқан кезде ол бірінші кезекте, дәл сол жасанды компанияларға сілтеген», - дейді ол.

Санжар Боқаев Үкімет басшысы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы мәселе назар аударуы керектігін, жасанды компаниялар қалай жұмыс істеп, оларға кім иелік ететін анықтауы керек деп есептейді.

«Солардың артына шын түсіп, керексіз істерінен босатсаңыздар, баға бірден тұрақтала қалады. 2019 жылы да «Қазақстанда азық-түлік тауары ЕАЭО елдеріне қарағанда, жылдам өседі» деген ақпарат шыққанын назарларыңызға саламын. Демек, кейінгі бес жылда жағдай мүлде тұрақталмағанын көрсетеді. Азық-түлік пен тауар бағасы әрдайым бес жылда экономикалық одақтағы басқа елдерге қарағанда 15 пайызға қымбаттап отырған. Яғни, ол жасанды компаниялар бар, бола береді. Үкіметтің саясаты еш өзгеріп жатқан жоқ. Сол себепті мүлде жаңа экономикалық саясат керек», - дейді Санжар Боқаев. 

Қымбатшылықтың себептері

Санжар Боқаев көтерген осы мәселеге байланысты экономист Мақсат Халыққа қоңырау шалып көрдік. Ол «Боқаевтың сөзінің жаны бар» дейді. Сарапшы десе де, қымбатшылықтың негізгі факторы басқада дейді. 

«Бірақ бұл фактор да бар. Әсіресе, елге келіп жатқан импорт тауарларының қымбат болып келуімен байланысты. Соңғы уақытта Қазақстанда инфляцияның қатты артуы меніңше, біз өз нарығымызды Ресейге беріп қойғанымызда. Толығымен! Әркімге осындай мәселе көрінеді. ЕАЭО аясында біз өз мүддемізді көп жағдайда қорғай алмай қаламыз. Тек азық-түлікке қатысты емес, сонымен қатар тұрмыстық химия, техника, көлік жағынан қарасақ, біз Ресейдің автопромын қорғайтындай саясаттың жүріп жатқанын байқаймыз», - дейді ол.

Мақсат Халықтың сөзінше, Ресей ЕАЭО артықшылықтарын өте жақсы пайдаланғанын, бүкіл елде зауыт-фабрикаларды өздерінде аштырғанын жеткізді.

«Тойотадан бастап йогуртқа дейін сол жақта зауыт ашты. Бүкіл осы тауардың бәрі Ресейге шығарылып, Қазақстанға келіп жатты. Ол зауыттардың көбі соғыс басталғаннан кейін уақытша тоқтатты. Көпшілігі жапты да. Сол тауардың бәрін Ресейден алып келе алмағандықтан, теңіз асып, Түркиядан тасып, логистикалық шығындар өсіп кетті. Қымбатшылыққа бұл да әсер етті. Осындай себептер де барын атап өту керек», - дейді ол.

«Үкімет дүңгіршектегі сатушылармен алысып кетті»

Экономист Үкіметтің инфляциямен күресі өте бәсең екенін де қосты. Айтуынша, дәрменсіздік бар. Себебі нарықта мәселенің көбінде себебімен емес, салдарымен күресіп жатқан факторлар бар.

«Нақты себебіне үңілмей, соңғы тұрған дүңгіршіктегі сатушылармен күресіп жүргенін байқаймыз. Осының бәрі инфляциямен күрестің төменгі нәтижесі деп айтушы едім. Өте әлсіз құралы. Сондықтан, Үкімет инфляцияны 20 пайыздан 10 пайызға түсірдік деп мақтанғандай болды. Бірақ негізгі фактор – Ресей рублінің былтыр қатты құнсызданып кеткені болды. Ресейден келетін тауарлар өте арзан боп келді. Нәтижесінде соның салдарынан белгілі бір деңгейде инфляция қарқыны бәсеңдеді. Бірақ 10 пайыз да өте жоғары. ЕАЭО ішіндегі сіз айтқан ақпарат дұрыс. Бұл рекордты биыл ғана жаңартып отырған жоқпыз. Арғы жылы, бірнеше жыл бойы ол жалғасып келе жатыр», - дейді сарапшы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды
06.05.2024ж. 16:14

Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды

Президент тиісті жарлыққа қол қойды
Ол бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды
Көлік құралдарына салынатын салық ставкалары төмендетілуі мүмкін
Тиісті бұйрық Ақорда сайтында жарияланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →