Аталмыш бағдарлама өңір экономикасының өсу құралына айналуы тиіс
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев сәуір айының ортасында күтілетін су тасқынының екінші толқынына дайындық мәселесін талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, қазір облыста жағдай тұрақты. Өткен жылдың күзінде ШҚО қалалары мен аудандарында су тасқынының алдын алу шаралары басталған еді.
Биыл алғаш рет тасқын суға төтеп беру үшін тарихи деректерге негізделген арнайы карта жасалды. Су тасқыны қаупі бар аудандарға тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, үнемі толықтырулар енгізіліп отырады.
Сонымен қатар әкім өңірдегі өзге де мәселелерге тоқталды. Облыста биыл жыл «Жол жылы» деп жарияланған. Ермек Көшербаевтың айтуынша, тұрғындар тарапынан түсетін шағымның көбі жолға қатысты, оған себеп, соңғы жылдары толыққанды жөндеудің жүргізілмегені. Биыл өңірдегі жолдарды жөндеуге екі есе қаржы бөлінген.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, 28,5 млрд теңге қарастырылған. Оған 600 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.
«Сапаға аса мән беруіміз қажет. Осы тұста жол патрульдерімен бірлесе жұмыс істеген абзал. Әсіресе көнетоз жолдарда мәселе шаш етектен. Уақыт өте топырақ шөгеді, климат өзгереді, әрине, жолға да әсер етеді. Сондықтан құрылыс технологияларының сапасын қадағалауымыз керек», - деді әкім.
Кез келген адам жөндеу жұмыстарын қайда және қашан жүргізетінін білуі үшін жолдардың толық тізімін құзырлы басқарманың сайтында міндетті түрде жариялау тапсырылды.
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты»бағдарламасын іске асыру басталған еді. Өңірде 1,5 млрд теңгеден астам сомаға 213 несие беріліп, бағдарлама аясында ауылдық жерлерде 235 жаңа жұмыс орны пайда болды.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарованың баяндауында, ағымдағы жылы дәл осы бағдарлама бойынша облыс азаматтарына 1000 несие беру жоспарланған.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, аталмыш бағдарлама өңір экономикасының өсу құралына айналуы тиіс. Мысал ретінде, Күршім ауданындағы тұшпара өндіретін кәсіпорынды сөзге тиек етті.
Шығыс Қазақстанда жыл сайын 146,5 мың тонна коммуналдық қалдықтар түзіледі. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а. Арман Есентаевтың өңірде 165 полигон мен ҚТҚ сақтау орны бар, оның тек 22-сінде рұқсат құжаттары бар екенін айтып өтті. Яғни, полигондардың санаулы бөлігі ғана экологиялық талаптарға жауап береді.
Ермек Көшербаев осы бағытта тікелей жұмыс істейтін жауапты басқарламаларды шақырып, әрқайсысына осы мәселе төңірегінде бірлесе күш салуды тапсырды.
«Қазір сіз осы бағытта қалай жұмыс істеу керектігін білмейсіз.Біз стратегия құрып, қоқыс жинау мәдениетін насихаттамайынша, шара қолданудың еш мәні жоқ», - деді өңір басшысы.
Әкімдік отырысынан кейін облыс әкімі су тасқыны жағдайының жедел мәселелері бойынша қалалар мен аудандардың әкімдерімен бейнеконференция арқылы іскерлік кездесу өткізді. Облыс тұрғындары үшін денсаулық сақтау, білім беру, ауылдар мен қалалардың сыртқы және ішкі келбеті, аудандық және кенттік жолдар мен қызмет көрсету мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ермек Көшербаев өңірде басталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шығысқазақстандықтар арасында жандана түскенін атап өтті. Бірнеше күн ішінде оған 20 мыңнан астам адам қатысты.