×

Су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын өтеу: Үкімет қағида жариялады

Зардап шеккендерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады

Су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын өтеу:  Үкімет қағида жариялады
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Үкіметі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидасын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі үкіметтің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

Ережеге қарасақ, материалдық шығыны бар зардап шегушілер ТЖ болған күннен бастап 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға (әкімдік) материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.

Жәбірленушінің өзінің өтініш жазуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, оның туыстары немесе сенімхат негізінде өзге де адамдар, сондай-ақ егер жәбірленуші кәмелеттік жасқа толмаған болса, заңды өкілдері келтірілген зиянды (залалды) өтеу туралы өтінішпен жүгіне алады.

Келтірілген залалды өтеу туралы өтінішке: зардап шегуші адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; табиғи сипаттағы ТЖ туындаған сәттен бастап немесе ТЖ жою кезеңінде зардап шеккен адамның жоғалған және/немесе бүлінген мүлкінің тізбесі қоса беріледі.

Өтініштер мен құжаттарды тіркеуді әкімдік зардап шегушіге құжаттардың қабылданғанын растайтын қолхат бере отырып, материалдық залалды өтеу туралы өтініштерді тіркеу журналында жүргізеді.

Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

Әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды (өтініш берушінің мүлкіне қолжетімділік болуға тиіс) ұйымдастырады. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды, кейін жәбірленуші бағалау туралы есеппен танысуға тиіс.

Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.

Зардап шеккендерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады.

Айта кетейік, мүлікті толыққанды әрі сапалы бағалау үшін сарапшылардың жұмысы су тасқыны жағдайы тұрақталып, үйлер мен аула аумақтарынан су толығымен тартылғаннан кейін басталады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды
06.05.2024ж. 16:14

Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды

Президент тиісті жарлыққа қол қойды
Ол бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды
Көлік құралдарына салынатын салық ставкалары төмендетілуі мүмкін
Тиісті бұйрық Ақорда сайтында жарияланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →