×

«Соңғы 3 жылда 270 әскери қызметкер көз жұмды»: депутат Аралбай дабыл қақты

Ол әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да тоқталды

«Соңғы 3 жылда 270 әскери қызметкер көз жұмды»: депутат Аралбай дабыл қақты
Фото: parlam.kz

Нартай Сәрсенғалиев әскердегі қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген – армиядағы былықтар Парламентте көтерілді.

«Aманат» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Аралбайұлы қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы Қорғаныс Министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың сөзі

Депутат бейбіт күнде сарбаздардың  түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болғанын, бұл бір емес, бірнеше рет қайталанғанын айтады.

Оның сөзінше Қазақстанда соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. 

Сондай-ақ депутат Аралбайұлы кейінгі жылдардағы әскерде орын алған  оқиғаларды атап өтті. 

«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 

2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. 
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда» - деді Нартай Аралбайұлы. 

Әскерилердің жағдайы төмен

Депутат былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера болғанын, ондағы жазбалардың қайда кеткенін сұрады. 

«Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін Аманат партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың  армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес», – деді ол.

Сондай-ақ депутаттың сөзінше, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. 

Ол Қорғаныс министрлігіне екі ұсынысын жолдады. Депутат еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді талап етті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Министр Саясат Нұрбек жастармен кездесуде P. Diddy жайлы сөз қозғады
Кеше, 14:20

Министр Саясат Нұрбек жастармен кездесуде P. Diddy жайлы сөз қозғады

Министр адамдардың 24/7 жағымсыз жаңалықтардың шабуылына ұшырайтынын айтты

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →