Шара барысында аталған тұмау инфекциясы жайлы ақпарат беріліп, жадынамалық парақшалар таратылды
Түркістан облысы Төлеби аудандық ауруханасының эпидемиолог дәрігерлері Кемеқалған ауылдық округіне қарасты мектептердің оқушыларына тұмау инфекциясы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шара барысында аталған тұмау инфекциясы жайлы ақпарат беріліп, жадынамалық парақшалар таратылды. Өз кезегінде мамандар аталған инфекция бойынша жүргізілетін тиісті шараларды түсіндірді. Одан бөлек, тұмаудың қандай түрлері бар екенін, адамдар тұмауды емдегенде қандай қателік жіберетінін, ауру асқынып кетпес үшін не істеу қажеттігін, тұмау кезінде жүкті әйелдерге неге дәріні көп ішуге болмайтынын айтты. Өкінішке қарай, көпшілік тұмауды үйреншікті ауру сияқты жеңіл қабылдап, дұрыс емделмей, ауруы асқынған соң ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Дәрігердің айтуынша, тұмауды басқа аурулармен шатастырып алу оңай. Сондықтан нақты диагноз қою үшін міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымына сәйкес, тұмауға қарсы ең тиімді құрал вакцинация болып табылады. Жедел респираторлық ауру (ЖРВИ) немесе жедел респираторлық вирустық инфекция термині бір-біріне ұқсас көптеген ауруларды қамтиды. Олардың негізгі ұқсастығы берілу жолында және белгілер жиынтығында. Науқаста бірнеше күн бойы дене қызуы, тамақтың қабынуы, жөтел, қалтырау, бұлшықет ауруы және бас ауруы байқалады. Респираторлық аурулардың ең көп таралған симптомы-мұрынның ағуы, ол риновирустар деп аталатын бірқатар байланысты вирустардан туындайды. Қалпына келтіру кезінде барлық осы белгілер жоғалады және ешқандай із қалдырмайды. Негізінен жедел респираторлық инфекциялардың қоздырғыштары адамнан адамға науқастың жөтелуі немесе түшкіруі арқылы беріледі.