×

Роза Рымбаеваның Ұлытаудағы концерті бірнеше адамның сотталуына себеп болды

Іс әрбір деталь бойынша қайта қаралды.

Роза Рымбаеваның Ұлытаудағы концерті бірнеше адамның сотталуына себеп болды
Фото коллаж Qaz365.kz

Жезқазған қалалық сотында Ұлытау облысының лауазымды тұлғаларына және олардың көмекшісіне қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша іс қаралды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

2024 жылдың басында “пара алды” деген айыппен 6 жылға сотталып, кейін ол жазасына 6 ай қосымша жаза тағайындалған Ұлытау облысы мәдениет басқармасының басшысы, айтыскер ақын Әнуар Омарға және оның қол астында қызмет еткен бірнеше мәдениет қызметкерлеріне қатысты кезекті сот процесі мәресіне жетті. Бұл жолы ұлытаулық мәдениет қайраткерлері Қазақстанның Еңбек ері, Халық әртісі Роза Рымбаеваның Ұлытаудағы концерті, актриса Меруерт Өтекешованың көрермендермен кездесуі және жергілікті жазушы Батырбек Мырзабековтің шығармашылық кешіне қатысты дауға ілікті.

Эпизодтар бойынша

Бірінші эпизод бойынша басқарма басшысы мәдениет басқармасының қарамағындағы Орталық басшысынан Қазақстанның халық әртісінің жеке концерті үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастыруды тапсырған.

Техникалық ерекшеліктер бойынша әншінің гонорары 5 млн теңге деп белгіленген. Жеңімпаз болып «Е.» ЖШС-і анықталды, алайда онымен келісімшарт жасалмады. Нәтижесінде концерт мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды, бірақ әншіге 5 млн теңге гонорар төленген жоқ.

Мәдениет басқармасының басшысы гонорарды төлеу үшін Орталық басшысына өтіп кеткен концерт бойынша конкурсты қайта заңсыз өткізуді тапсырып, оған өздеріне бұған дейін таныс болған «А.» ЖШС-нің өкілін тарту жөнінде нұсқау берді.

Басқарма мен Орталық басшысы қылмыстық ойларын тек қайталанған мемлекеттік сатып алумен жүзеге асыра алмайтынына көз жеткізіп, басқа әртістің концертін өткізуді жоспарлаған.

Осы мемлекеттік сатып алуға «А.» ЖШС қатысып, айтарлықтай төмен баға ұсынғандықтан, екі лот бойынша жеңімпаз атанып, онымен екі келісімшарт жасалды. Орталық басшысы бұдан кейін екінші лот бойынша келісімшартты негізсіз ұлғайтып, «А.» ЖШС-мен қосымша келісімшарт жасасқан.

Осының нәтижесінде «А.» ЖШС-і толық шарт бойынша төлем алып, әншіге 5 млн теңге гонорар төленді.

Осылайша, басқарма және Орталық басшылары «А.» ЖШС өкілінің жәрдемдесуімен мемлекетке 1 914 285 теңге көлемінде елеулі залал келтірді.

2-эпизод бойынша басқарма басшысы өзінің қызметтік лауазымын жоғарылату мақсатында, мемлекеттен ақша қаражатының бөлінбегендігіне қарамастан, басқармаға қарасты КММ-нің басшысына Ұлытау облысының құрметті азаматы, ақын, журналистің мерейтойы мен банкетін ұйымдастыруды тапсырған.

КММ басшысы басқа жұмыстарға бөлінген ақша қаражатын аудару сұрағын шешу арқылы, аталған іс-шара бойынша мемлекеттік сатып алуды өткізді, оның техникалық ерешектеліктеріне сәйкес, кешке 5 ақын, ғалымды шақыру және олардың әрқайсысына 500 000 теңгеден, жалпы 2 500 000 теңге төлеу қарастырылған.

Басқарма басшысы бөлінген ақшаның іс-шара мен банкеттің өткізілуіне жеткіліксіз екенін түсініп, өзінің қол астындағы қызметкерлерге іс-шараға 1 ақынды шақыруды тапсырды.

Бөлім басшысы бұл талапты «А.» ЖШС-нің өкіліне хабарлады.

Техникалық ерекшеліктің барлық шарттарының орындалмауына, яғни 4 ақын, ғалымның шақырылмауына қарасмастан, КММ басшысы «А.» ЖШС-не шарт бойынша толық төлем жасады. Сөйтіп, басқарма, КММ және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы мемлекетке 2 млн. теңге көлемінде елеулі залал келтірді.

«А.» ЖШС өкілі өз кінәсін толық мойындады, Басқарма басшысы өз кінәсін ішінара мойындады, ал қалғандары кінәсін мойындамады.

Сот үкімі

Үкім бойынша, бұған дейін сотталған мәдениет басқармасының басшысы 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал қарамағындағы мекеме және бөлім басшысына, көмекшіге 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, олар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сотқа қатысушылар не дейді?

ҚР еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов сот процесіне көңілі толмайтынын айтқан.

Кеше облыстық сот 1 жылға сағыздай созылған «Мәдениет қызметкерлерін сыбайласқан жемқор етіп көрсету фактсі» бойынша сот процесі аяқталды. Мен ұлтжанды азамат, «Егемен Қазақстан» газетінің Ұлытау облысындағы меншікті тілшісі Абдолла Дастан екеуіміз сот процесінің біржақты жүргізілгеніне куә болдық. Сот ақталу деректерін қаперге алмай, эксперт мамандардың пікіріне құлақ аспай, куәгерлерді шақыртуға прокурор қарсылық білдіруі осыған дәлел. Мәдениеттің жауапты 4 қызметкеріне 1 жыл бас бостандықтары шектелсін деген қатаң үкім шығарылды. Сот төрайымы өз үкімінде дәлелденген айыптаулар бойынша деді.( Қандай айып?) Ал, шындығында мемлекетке келген залал жоқ, ақша жымқыру фактісі жоқ, тиісті гонорарлар толығымен төленген. Тіпті әкімшіліктен келген мемлекеттік айыптаушының тағар кінәсі болмай шықты. Сонда бұл қандай қылмыс?! Мен Жаңаарқа аудандық халықтық сотында біраз жыл халық заседателі болған адаммын, мұндай заңды белден басу фактсін бірінші рет көрдім. Жалпы шешілмеген сұрақ көп, сот үкімі 15 күннен кейін күшіне енеді. Одан кейін Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым жасалмақ. Сол себепті мәдениет жанашырлары на құлаққағыс жасап қою ағалық әрі азаматтық борышын болғандықтан осы постты жарияладым, - дейді Серік Оспанов.

Ал журналист Абдолла Дастан бұл іс халық әртістері Роза Рымбаеваның, Меруерт Өтекешованың Жезқазғанға өнер сапарымен келуі, Батырбек Мырзабековтің 75 жылдығына арналған кешті өткізуге арналған іс шараларға қатысты туындаған қылмыстық іс  деп отыр.

 Көзделген іс шаралар толықтай өткізілген, қарастырылған қаражаттан жеп қою, ішіп қою, жымқырып қалу деген ешнәрсе байқалмаған. Роза Рымбаева да, Меруерт Өтекешова да іс-шаралардың жоғары деңгейде өткеніне сот барысында рахмет, алғысын айтып, ризашылығын білдірген. Батырбек Мырзабеков болса кейбір сәттерді алғашында түсінбеушілік салдарынан, мысалы, өзіне берілген сыйақыны басқа көздерден берілді деп ойлап, солай жауап бергенімен, сот барысында ол кісіге де қаржының кешке бөлінген қаражаттан төленгені түсіндірілген. Роза Рымбаеваның концертін өткізуді жеңіп алған алғашқы орындаушы қара тізімде тұрған болып шыққан, екінші жеңімпазбен хабарласу мүмкін болмаған. Мұның бәрінің тиісті дәлелдері бар. Ал концерттің мерзімі белгіленіп қойған. Сонда мәдениет басқармасы не істеу керек еді? Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өткізілуі тиіс концертті өткізбей тастауы керек пе еді? Амал жоқ, қазақылап айтқанда, ел, халық болып концертті өткізген. Бірақ Р.Рымбаеваға тиісті қаламақы сол сәтте төленбей қалған. Ал, қалай ойлайсыздар, қаламақы төлену керек пе, жоқ па? Әрине, төлену керек. Сондықтан да, екінші мәрте лот жарияланған.  Концерт өтіп кеткен соң лот жарияланған»  деп көрсетіліп тұрғаны сондықтан. Бірақ  өтіп кеткен концертке лот жариялау арқылы ешкім де Р.Рымбаеваға тиісті қаламақыны жымқырып, өз қалталарына салып алмаған. Оны жеңіп алған орындаушы Роза Рымбаеваға тиесілі қаламақысын толық төлеп берген. Сонда бұл қандай қылмыс? Басқа да қылмысты дейтін эпизодтардың да түсініксіздік тудыратын тұстары жетерлік. Бәрін бірдей мұнда жазып отыруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан үкім шыққанмен, көңілде тұрған сұрақ көп. Мұны мына ақпаратты дұрыстап оқып шықсаңыз, өзіңіз де байқайсыз. Сол себепті берілген ақпаратты алаулатып-жалаулатудың қажеті шамалы. Үкім заңды күшіне де енген жоқ. Алда апелляциялық шағым берілетіні сөзсіз, - дейді Абдолла Дастан.

Әнуар Омаров кезінде айтыскер ретінде көпшілікке кеңінен танылған. Ол кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке ауысып, Ұлытау ауданының әкімі болып екі рет тағайындалған. Кейін Сәтбаев қаласының әкімі болып, Ұлытау облысы жаңадан құрылған соң басқарма басшысы лауазымына қызметке кірісті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тұрғын үйлердің ауласында көлігін бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынбақ.
Облыста экожобаны іске асыру басталғаннан бері  2 322 бірлік техника жұмылдырылған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →