Бұрын да көтерілген осы мәселе бүгін де өзекті
Астанада ақылы автотұрақтар саны жыл сайын артып келеді. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақша сағатына – 100 теңге. Ол жекеменшік компанияның үлесіне тиесілі. Егер автотұрақтардың ақысын төлемесең, айыппұл салады. Оның сомасы – 10 000 теңгеден асады. Яғни, жүргізушілер 100 теңге төлемеген жағдайда 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл мәселені көтеріп жүрген депутат Нартай Аралбай депутаттық сауал жолдап, бұл халықты қанау екенін айтты. Ал айыппұлды қалтасы көтере бермейтін халық автотұрақтарға түбегейлі қарсы. Бұл туралы Qaz365.kz порталы QR News ақпараттық агенттігіне сілтемемен хабарлайды.
Астанадағы «Достар» клиникасының қызметкерлері күн сайын ақылы тұраққа шығындалып отыр. Арасында бірнеше рет айыппұл төлегендері де бар.
««Штраф келді, себебі каспимен қалай төлеуді де білмей қалып уақыт өтіп кетті. Сөйтіп жүре бергенде штрафтар келді», – дейді қала тұрғыны Фатима Жаңабаева.
Дәрігер Ұлбике Әжібаева күн де сағат сегізде жұмысқа келеді. Көлігін қайда қоям деп бас қатырады. Амалсыз алыс жерге қояды да, жұмысқа жаяу келеді.
«Қызметкерлерге тұрақтарды ақысыз қылса ғой! Жұмысым таңертеңгі сегізден басталады. Күніне 800 теңгені автотұраққа төлеуім керек. Айлығымның бір бөлігін ойып түседі. Біздің емханаға науқас адамдар да көп келеді. Көлігін олар қайда қояды?» – дейді ол.
Дәрігер Рысбек Сержанов әріптесінің сөзін қолдады.
«Мен таңертең сағат сегізден түскі асқа дейін жұмыс істеуге келемін. Сонда машинамызды қояйық десек, күн сайын бес жүз теңге төлеуіміз керек болады. Сол жаңағы ақша төлегеннен кейін де бұл жерде ешқандай қарауыл ешкім қарамайды. Машиналарымызды сырып-жырып кетеді. Осындай әртүрлі келеңсіз оқиғалар орын алып жатады. Сол себептен бізге нақты тоқсан тоғыз сөздің тобықтай түйіні – осы ақылы автотұрақтардың барлығын ақысыз қылуларыңызды сіздерден өтініп сұраймыз» – дейді ол.
Депутаттың пікірі
Осы мәселені көтеріп жүрген депутат Нартай Аралбайұлы әкімдікке бірнеше ұсыныс жасап, оның үшеуін қабылдатып та үлгергенін айтты. Сөзінше, автотұрақтармен жеке компания айналысады. Қаражатының 75-80 пайызын, бір кездері 95 пайызына дейін жеке компания алып отырған. Әлі күнге дейін 75 пайызын алып отыр. Депутаттың ойынша, азаматтар жеке компания көрсеткен қызмет үшін ақша төлемей кетсе, онда сол жеке компания өзінің тиісті ақысын алумен айналысуы керек. Ал оның орнына жеке компания ала алмаған ақысы үшін мемлекет тарапынан айыппұл салып, қаражатын алып беруге тырысатын болсақ, бұл – үлкен заңсыздық дейді ол.
«Бұл дұрыс емес дүние деп біз оған тиісті өзгеріспен алдырып тастап, ол әкімшілік кодекс қазір сенатқа жолданды. Енді жарты сағат бойынша мен тиісті ұсынысымды бердім. Қазір біз жұмыстанып жатырмыз. Бұл жерде ең өкініші жағдай – әкімдік сол жеке компаниямен бірнеше жылға тиісті келісімге отырып қойған. Сондықтан да нақты ұсынған мәселем – ақыры миллиондаған қаражат түседі екен, мен айтқанымдай, соңғы төрт жылда қателеспесем, 700 миллионнан астам теңге түскен. Сол қаражат ақыры халықтан түсетін болса, демек, неге біз мемлекеттік компания құрмаймыз.. Сол ақшаның бәрі мемлекетке түссін. Бұл бір. Екіншіден, аталған жеке парковкаға айналысатын компаниялар бір тиын ақша салмайды. Өйткені, ол жердегі жарықпен, жолмен, бүкіл инфрақұрылымның барлығын жергілікті әкімдік бюджеттің есебіне жасап береді және де олар ең болмағанда сіз бен біздің кіріп-шыққанда есептелетін қанша уақыт болғанымызды есептейтін арнайы шлагбаум да қоймаған. Бұл да құқық бұзушылық болып табылады», –дейді ол.
Нартай Аралбайұлы жеке компания қандай қызмет көрсеткенін білмейді.
«Екіншіден, сіз бен біздің көлігімізді сырып кетсе, өзге адам қашып кетсе, олар тағы жауап бермейді. Сонда олар не үшін ақша алады. Мәселе осы. Сондықтан да бұл заңсыз деп ойлаймын және әлі де күресетін боламыз. Бізге ұсыныс алып келді. Осы наурыздан бастап төленетін айыппұлдардың алынатын ақылдардың есебін елу пайызға түсірейік деген. Бірақ біз оған да қазір қарсы болып отырмыз. Айыппұлл алғысы келе ме, біз жүз теңге төлемей кеттік пе, жеке компания жүз теңге үшін сотқа берсін. Проблема жоқ. Содан барсын, өзінің ақшасын алсын. Бірақ жеке компанияның ала алмаған ақшасы үшін мемлекеттік ресурс пайдаланады. Мемлекеттің оны алып беруі – бұл үлкен мүдделер қақтығысы» - дейді Нартай Аралбайұлы.
Әкімдіктің ұстанымы
Астана қаласының әкімдігіне Жол-көлік инфрақұрылымдарын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбеков ақылы автотұрақтарды бірінші тұрған сәттен бастап отыз минут аралығында тегін қылу мәселесі бойынша осы ұсыныстар ұсынылғанын айтты. Үкімет басшысы оны қолдап, қазір қарастырып жатқан көрінеді. Нақты шешім қабылданады.
«Негізі келісімшарт бар. Жеке мемлекеттік әріптестікпен 2018 жылы жасалынған болатын. Бұл келісімшарт бойынша 25 пайызы мемлекетке, қалған 75 пайызы мемлекеттік жеке әріптестің қалтасына түседі. Яғни, тағы да айтып кететін жағдай – айыппұлдан түсетін қаржы толығымен осы қаланың бюджетіне түседі» - дейді Бауыржан Күмісбеков.
Күмісбековтың сөзінше, экологияға немесе қала көшелерінің кептелістеріне байланысты жалпы азаматтарымызға қоғамдық көлікпен жүруге ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Себебі, таңнан кешке дейін өздерінің кабинеттерінде отыратын жұмысшы үшін автокөліктің қажеті жоқ деп ойлайды әкімдік өкілі.
«Негізі таңертең қоғамдық көлікпен келіп, кешке кетуге ешқандай да былай негізсіз себеп жоқ деп ойлаймын. Себебі қоғамдық көліктің санын да арттырып жатырмыз. Қоғамдық көліктер үшін арнайы жол жолақтарын да жасап жатырмыз. Сондықтан ұсынысымыз – таңнан кешке дейін тек қана қоғамдық көлікпен жүру. Қоғамдық көлікпен арзан және тез әрі ыңғайлы» - дейді Бауыржан Күмісбеков.
Еске салсақ, елімізде 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтар бас қаладағы ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестікке төленген, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен. Сондай-ақ ақылы автотұрақ үшін жүргізушілерге 5.8 млрд теңге айыппұл салынған.