×

Ұлттық бірегейлік ұлтты біріктіреді

Ұлттық бірегейлік ұлтты біріктіреді

Жаһандану қарқын алған сайын әлемнің көптеген елінде ұлттық бірегейлікке қызығушылық артып отыр. Адамдар өзі шыққан этникалық қауымдастықтың өкілі ретінде өз ерекшелігін сақтағысы келуі заңды. Ұлттық бірегейліктің өзегі – халықтық дүниетаным, мәдениет, терең тарих, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ән мен күй. Ғасырлар бойы атадан балаға аманат болып беріліп, үзілмей келе жатқан төл мәдени құндылықтарымыз ұлтты ұйыстырушы факторға айналса – еліміздің келешегі де кемел.  

 Бірегейліктің белгісі тереңде

Адамдар қауымдастығы бағзы заманнан белгілі бір ұлт, этнос шеңберінде топтасып, бірлесе өмір сүріп келеді. Әрбір ұлт пен ұлыстың өзіне тән тілі, мәдениеті, тарихы, діні, ділі, саяси институттары, жер аумағы бар.  Осы тұрғыда  адамдардың ортақ бірлігі, біртұтастық сезімі пайда болады.  Ұлттық бірегейлік немесе тұтастық болған кезде этнос мүшелері өздерін ұлт деп атай алады. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп, тілі, әдет-ғұрпы, тарихи жады, мекені ортақ адамдар бірлесіп, жаңа белестерді бағындырады. Мемлекет осылай қалыптасады, дамиды. Саяси әдебиеттерде «ұлт» пен  «мемлекет» ұғымдарының бір мағынаны білдіруі де содан. Арқа тұтар тірегі – топтасқан ұлты бар адамдар билік институттарын құрып, әлеуметтік құрылым жандана түседі. Бұл әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесінде бар үрдіс.  

 Ұлттық бірегейлік (national identity) – өзінің нақты бір этносқа немесе ұлтқа қатыстылығын сезінген адамның идентификациясы ерте, бала кезден қалыптасады. Ол отбасында әдет-ғұрып, салт-дәстүрді бойына сіңіріп, мәдениет пен тілге сусындап өседі. Аңызбен өріліп, шежіремен шегенделген, деректермен дәлелденген ұлт тарихын біліп өскен, ана тілінің уызына жарыған адам өзін осы ұлттың, мемлекеттің толыққанды мүшесі, бір бөлшегі ретінде сезінеді. Балалардың мемлекеттік символдарға – туға, әнұранға құрметі де осыдан шығады. Ұлттық бірегейліктен туындайтын ұлттық мақтаныш сезімі отаншылдыққа ұласады, бірақ бұны өзгелерді кемсітумен шатастыруға болмайды.  

Расымен де, адамзат баласы әуел бастан ұлт пен ұлыс болып жаратылды, әрқайсысы өз алдына дербес қауым болып өмір сүрді. Сол себепті өзіне тән тілі, әдет-ғұрпы, салт-жоралғысы – бір сөзбен айтқанда мәдениеті қалыптасты. Бір-бірінен осы қасиеттерімен ерекшеленді. Бұл ерекшелік қазіргі кезеңде де жалғасып отыр. Өркениет қарыштап дамыса да, жаһандану бүкіл халықтарға біркелкілікті таңғысы келсе де, әр ұлт өз келбетін сақтап қалғысы келеді. Әлем сонысымен де қызық, сонысымен де тартымды.    

Ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген әлеуметтік-мәдени мұра, әдет-ғұрып, рәсімдер, мінез-құлық ережелері, көзқарас біздің болмысымызбен біте қайнасқан. Сонау сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ кезеңдерінен Қазақ хандығына ұласқан бұл мәдениет пен рухани дәстүр ғасырлар сүзгісінен өтіп, қазіргі қазақ халқының төл құндылығына айналды.  Бүгінде ол мәдениеттің бірден-бір сақтаушысы – қазақтар. Сондықтан түп негізімізді сақтай отырып, озық дәстүрлерімізді заман көшіне ілестіре алып жүру – біздің ұлттық бірегейлігімізді сақтаудың кепілі. Тіл мен діл, адамгершілік қасиеттер, дүниетаным, материалдық және рухани мәдениет үлгілері, отбасы дәстүрі, әдет-ғұрып, ойлау салты – ешкімге ұсқамайтын ерекшелігіміз, қайталанбас қазынамыз. Халқымыздың тұтастығы шайқалмай,  небір «тар жол, тайғақ кешулерден» аман өтуі – осы қасиеттердің арқасы.  

Ұлттық бірегейлікті сақтау неге маңызды  

Әлемде ұлт-мемлекеттер бар, азаматтық мемлекеттер бар. Бағзы заманнан өз территориясында мемлекет құрған ұлттар титулды ұлт ретінде мемлекеттілігін сақтауға ұмтылады, өйткені ұлттық бірегейлік оның  тұрақтылығының міндетті шарты. Егер басты орынға ұлттық бірегейлік емес, діни, кландық, тағы басқа біріктіруші факторлар шығып кетсе, ұлтты сақтауға қауіп төнеді, ол дағдарысқа ұшырайды.    

1990 жылдардағы өтпелі кезеңде «Алдымен – экономика, сосын саясат»  деген ұстаным салдарынан ұлттық бірегейлікті сақтау және дамыту ісі көп жыл бойы тасада қалғаны рас. «Сананы тұрмыс билеген» шақта ұлттық құндылықты түгендеу мәселесін ұлт мүддесін көксеген санаулы топ қана көтергенмен, көпшіліктің қолдауына ие бола алмады. Одан бергі уақытта интернет технологиялары шарықтап дамып, қоғамды жаһандану үрдісі өз ырқына баурап алды. Әлбетте, басымдық алған жаһандық мәдени трендтер мен дәстүрлі құндылықтар арасынан өз жолыңды, өз соқпағыңды адаспай табу оңай емес. Отбасында дәстүрмен сусындап өскен, уызына жарыған адам ғана бұндай алапат тасқынға төтеп бере алады. Ал ұлттық тарихы мен  мәдениетіне қызықпайтын, оны мансұқ ететін қауым көбейсе – ұлттық сипат жойылып, дүбәра мәдениетке жол береді. Қазір жаңа технологияның кең  таралуына байланысты тұтынушылық мәдениет кеңінен етек алды,  жаһандану ақпарат пен білімге жол ашумен қатар, қызыл-жасыл, жарқыл-жұрқыл өткінші дүниелерді мәдени өнім ретінде ұсынып, қалың қауымның санасын жаулап жатыр. Бұл мәдени жаһанданудың қауіпті жағы.  

Десе де, ұзақ жылғы дағдарыстан соң ұлттық бірегейлік туралы сөз қозғалып, биік мінберлерден еліміздің болашағы ұлттық ерекшелігімізді сақтауда екені айтыла бастады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жаңа Қазақстан құру туралы бастамасында «Дәстүр мен қазіргі заманды біріктіретін жаңартылған ұлттық бірегейлік тұрақты мемлекеттіліктің негізгі орталығына, дамудың жасампаз күшіне айналуы керек» деп атап айтқан болатын. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда жарияланған «Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы» атты мақаласында да ұлттық бірегейлік мәселесіндегі ескі және жаңа көзқарастардың айырмашылығы жөнінде ой толғай келе, «Тарихтың осынау асау толқынына жұтылып кетпеу үшін мемлекетке мызғымас ішкі өзек қажет. Бұл дегеніңіз, экономика да, саяси жүйе де емес. Бұл – барлық азаматтың өзіне ғана тән мәдени-болмыстық  құндылық матрицасына жататынын сезінуі. Егер саяси жүйе – оның тірегі, экономика – өмірлік нәрі болса, бірегейлік – ұлттың жаны, мәні, еркі мен рухы» деп түйіндеді.

Қазақстандықтарды не біріктіреді?

Зерттеушілердің пікірінше, адам бойындағы бірегейлік 18-20 жаста қалыптасады. Осы жаста ол өзінің кім екенін, қандай топқа жатанынын, не мақсатқа ұмтылатынын ұғынып, біледі. Егер адам сәби кезінен отбасында мәдени-тарихи құндылықтарға сусындап өскен болса, ұлттық болмысы бала кезінен қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық мақалын осы бірегейлікке де қатысты айтуға болады. Қазақтың ауыз әдебиетінен бастап, тарихы, өнері жайында біліп өскен адам өзін толыққанды өз ұлтының өкілі санай алады. Оның ішінде тілдің орны бөлек – қазақ болу қазақ тілін білу деген сөз. Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалмауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген нақыл сөзі ұлттық бірегейліктің ең басты факторы – ортақ тіл екендігін білдірсе керек.    

Қазақстанның көк паспорты, Қазақстан азаматы деген мәртебе  – бірліктің,   бірегейліктің бір белгісі. ҚР Президенті  жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға қарағанда, ел тұрғындарының 46 пайызы өзін біртұтас ұлттың өкілі ретінде санайды. Осы жерде дүниеге келген өзге ұлт өкілдері де ортақ құндылықтарды ұстанады. Шетелде жүргенде әрбір  қазақстандықтың шығу тегіне қарамастан «қазақ» деп аталуы да соның көрінісі.  

Қазіргі қазақстандықтардың ортақ құндылығы жайында айтқанда еліміздің тарихи тағдырына байланысты көп ұлтты елге айналғанын айтпай кету мүмкін емес. Сондықтан титулды ұлттың тарихи-мәдени құндылығы мен қазіргі қазақстандықтарды біріктіретін құндылықтар жүйесінің арасында алшақтық тым үлкен болмауы ләзім.  

Халықтың басым көпшілігі өзінің, ұрпағының келешегін Қазақстанмен байланыстыруы қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды жақсартып, адамдарды біріктіреді, ұлттық мақтаныш сезімін туғызады. Атақты спортшы Геннадий Головкиннің «Әкем – орыс, анам – кәріс. Ал мен – қазақпын!» деген сөзі бүгінгі қазақстандықтардың көпшілігінің болмыс-бітімін айшықтаса – бұл да ұлттық бірегейліктің белгісі. Бұндай бірлік сезімі мемлекетке деген сенім мен өзара ынтымақты арттырады.  Өз елін сүйетін адам өзгелерді де құрметтей алады.   

Тәуелсіздік жылдары ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қайта жаңғырту мақсатында «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» «Туған жер» бағдарламалары қабылданып, көптеген шаралар іске асырылды. Бұл жобалардың кемшін тұстары да болды, жетістіктері де аз емес. Ал қазіргі  таңда мұндай арнайы бағдарламалар болмағанмен, қазақстандықтардың қазіргі буынын біріктіретін құндылықтар жүйесін табу, бір ұлттық идеяның төңірегіне жұмылдыру ісі мән-маңызын жоймайды. Бұл салада ең дұрысы – ешкімді мәжбүрлемей, күшпен көндірмей-ақ, soft power немесе жұмсақ күшті пайдалану қажет дейді сарапшылар. Ұлттық мәдениетке, дүниетанымға негізделген түрлі іс-шаралар ұйымдастыру, Наурыз мейрамының маңызын арттыру, ұлттық трендерді жастарға тартымды сипатта насихаттау арқылы еліміздің бірлігі мен бірегейлігін  нығайту назардан тыс қалмауы керек. Жаhандану заманында тамырын ұлттық құндылықтарға байлаған жастар ғана ұлттың ертеңі бола алады. Ең бастысы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегейлігінің негізгі сипаты «қазақы» мәдени кодтың басым болуымен ерекшеленуі керек. Ежелден келе жатқан әлеуметтік-мәдени тамырға сүйене отырып даму ұлттық және мемлекеттік бірегейлікке жеткізеді. Ал егер қоғам түрлі жікке бөліне берсе – ұлттық  бірлікке қауіп төнеді.

«Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас» деген екен қаһарман тұлғамыз Бауыржан Момышұлы. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегенді айтқан да дана халқымыз. Ұлт құрылысы еш тоқтамайтын үдеріс, сондықтан бұл бағытта тынымсыз ізденістер мен нақты әрекет еш тоқтамайды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Президент Алматыдағы балалар үйіне қатысты жағдайға назар аударды
Бүгін, 11:33

Президент Алматыдағы балалар үйіне қатысты жағдайға назар аударды

Президент әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді.
Іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Шаһарда 15 739 көпбалалы ана бар
Облыс әкімі мерейтойға аз уақыт қалғанын ескертіп, жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →