Қазақ тілі мен орыс тілінің қолданылу мәртебесіне қатысты енгізілген өзгерістер қоғамда үлкен талқылау тудырды. Осы орайда журналистер Мәжіліс депутаты Ринат Зайыттан «орыс тілі енді тең емес, қатар қолданылады» деген норманың астарында не жатқанын сұраған болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Халықтың қалауы және реформа
Депутат бұл өзгерісті өте жақсы қабылдағанын жеткізді. Оның пайымдауынша, бұл – биліктің халық үніне құлақ асқандығының көрінісі.
«Бұл өзгерісті өте жақсы қабылдадым. Себебі бұл – осы реформаның ішіндегі халықтың қалауымен болған жалғыз шегініс. Өзгерісті енгізудің өзі – халықпен санасу», — деді Ринат Зайыт.
«Тең» мен «қатардың» айырмашылығы неде?
Журналистің «Бұл екі сөз синоним емес пе? Манипуляция емес пе?» деген сұрағына депутат қарапайым мысалдармен жауап берді. Ол тілдердің қатар қолданылуы олардың міндетті түрде тең құқылы екенін білдірмейтінін меңзеді.
«Екеуміз қазір осы тұрғанда қалай тұрмыз? Қатар тұрмыз ба? Тең тұрмыз ба? Тең тұрған жоқпыз. Сіз сұрақ алушы, мен жауап берушімін. Бірақ қатар тұрмыз. Домбырада екі ішек бар, екеуі тең тұрмайды ғой. Қатар тұр», — деп түсіндірді депутат.