×

Бұл заң арқылы шетелге асқан активтердің 95 пайызын қайтаруға болады – Ермұрат Бапи

Бүгін  Тоқаев заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды

Бұл заң арқылы шетелге асқан активтердің 95 пайызын қайтаруға болады – Ермұрат Бапи
Коллаж: Qaz365.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды. Осыған қатысты Мәжіліс депутаттарының білген едік, деп хабарлайды  Qaz365.kz тілшісі.

Белсенді депутаттың бірі Ерлан Саиров бұл заң елімізде әлеуметтік әділеттілікті құрудың өте маңызды тетігі деп отыр. Өйткені 30 жыл ішінде елде экономикалық реформалар жүргізіліп, белгілі бір даму болды. Бірақ еліміздің азаматтары мен резидент емес азаматтардың өте шектеулі бөлігі Қазақстанның ұлттық байлығының негізгі бөлігін иемденгенін жоққа шығара алмаймыз деп отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек 162 адам – еліміздің ең бай адамдары екенін және Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын иеленетінін атап өткені есте шығар. Сондықтан ерте ме, кеш пе, әлеуметтік әділеттілік орнауы керек және бұл заң заңсыз сатып алынған активтерді біртіндеп эволюциялық қайтару механизмі болып саналады», - дейді депутат.

Ол осы ретте бір жылдан бері экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп келеді. Нақты нәтижелері бар деп отыр. Бірақ одан әрі жұмыс істеу үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек деп санайды.

«Осы заң жобасы арқылы біз заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жаңа құралдар жинағын аламыз.Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама заңсыз мүлікті қылмыстық процестік және әкімшілік процестік тәртіппен ғана қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ процесс, оның үстіне барлық уақытта нәтижелі бола бермейді.Сондықтан заң жобасы халықаралық тәжірибеге, активтерді азаматтық тәртіппен ерікті немесе мәжбүрлеп қайтаруға негізделген жаңа рәсімдерді көздейді», - дейді Ерлан Саиров.

Ол активтерді күрделі екенін, қолданыстағы заңнама активтердің тиімді қайтарылуын қамтамасыз ете алмағанын айтты. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтарудың негізгі тетігі азаматтық тәркілеу екенін еске салып өтті. Бұл барлық жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттарға (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы конвенцияға, БҰҰ, ЭЫДҰ және Дүниежүзілік Банктің ұсынымдарына) және үздік шетелдік тәжірибеге сәйкес келеді деп отыр.

«Заң жобасын әзірлеу кезінде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Канада, Австралия және басқа елдердің қылмыстық іс жүргізуден тыс, яғни азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде азаматтық тәркілеу арқылы мүлікті тәркілеу тетіктерін қолданатын тәжірибесі зерттелді.Азаматтық тәркілеудің мәні мынада: мүлікті тәркілеу үшін адам өзінің әкімшілік-билік өкілеттіктерін пайдаланып, активтерді заңсыз сатып алғанын не қылмыстық әрекетке қатысы бар екенін дәлелдеу қажет. 1986 жылы Еуропалық Адам құқықтары жөніндегі комиссия қылмыстық іс жүргізуден тыс тәркілеу кінәсіздік презумпциясына қайшы келмейді және негізгі мүліктік құқықтарды бұзбайды деп жариялады.Азаматтық тәркілеудің қылмыстық және әкімшілік тәркілеуден айырмашылығы, ол ескіру мерзімдерімен және қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімдерімен шектелмейді», - дейді мәжілісмен.

Сонымен қатар, ол азаматтық тәркілеу олигополиялардың әсерінен қабылдануы мүмкін ескі тексерулердің, актілер мен шешімдердің нәтижелерін назарға алмауға мүмкіндік береді деп айтты.

Ал тағы бір депутат, заңгер Абзал Құспан алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан 162  олиголопияндан активтерді қайтару керек деп санайды. Негізгі басымдық соларға берілу керек екенін жеткізді.

«Біздің қалауымыз бен мүмкіндігіміз екі түрлі. Осыны ескерейік.1 миллион доллар ұрлап алған адамдарды соттап жібереміз деп ойлағанмен, оның бәрі дәл қазір мүмкін емес. Ең басты олигополия өкілдерінің санын алғаш Президенттің аузынан естідік. 162 адам екен. Нақтысын айтқанда, бұл заң соларға қатысты. Егер біз қазір тізімді көбейтіп жіберіп, мыңдаған адам дейтін болсақ,  тергеушілердің де шамасы келмей қалады. Бұл жерде арнайы жедел-іздестіру шаралары бар.  Негізгі ауыртпалық соларға түседі. Халық деп айту оңай.  Кез келген адамды әкеліп, бұл жұмысқа жеге алмаймыз. Қаласақ, қаламасақ та, құқық қорғау органдарының ішінен сенімді деген азаматтарды іріктеп алуымыз қажет. Ең тәжірибелі деген, бұрын-сонды былық-шылыққа қатысы болмаған қызметкерлер жиналады. Уәкілетті орган солар болады», - дейді Абзал Құспан.

Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады деп айтты.

«Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Мониторинг және талдау барысында активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер айқындалады. Талдау қорытындысы бойынша, егер уәкілетті органда сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі комиссияға осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді. Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.Активті елден шығару немесе оны иеліктен шығару қаупі туындаған кезде, уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді», - дейді Асхат Аймағамбетов.

 Осы заң Парламент қабырғасында талқыланған белсенділік танытқан депутаттың бірі Ермұрат Бапи екені белгілі. Ол бұл қоғамға, мемлекетке өте қажетті заң деп отыр. Бірақ  оның сапасы жағынан, халықаралық деңгейде қолданылуы жағынан әбден көңілге қонымды екеніне сенімді емес.

«Біріншіден, заңгер маман емеспін. Екіншіден, біздің қоғамда бұндай құжат бірінші рет қабылданып отыр. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында бұрын-сонды болмаған. Қалай десек те, бұл заңда шикіліктер бар екені жасырын емес. Қай жерде шикіліктер бар екенін өзім де білемін. Бұл заңды тезірек қабылдау керек болды.  Арқаны кеңге салып, әбден пісіреміз деп жүретін болсақ ұзаққа созылып кетеді. Былтыр қарашада Тоқаев осы заңға байланысты тапсырма берген уақыттан бастап криптократтар ақшасын тыға бастады», – дейді Ермұрат Бапи.

Ол тағы созатын болса ізін жасырып кетуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан бұл заңды шұғыл қабылдау қажет болған көрінеді.

«Тезірек қабылданып кетсе, практикада, қолдану барысында сұрақтар туып, өзгерістер, толықтырулар қажеттілігі болған соң парламентке қайтып келеді. Қолданыс кезінде шетелдік юрисдикция алдында сұрақтар туады деп ойлаймын. Күзде не қысқа таман қажетті өзгерістерді үкімет ұсынады, үкімет ұсынбаса біз ұсынамыз. Мен өзім ұсынамын. Біз қолданыс барысында мониторинг жүргіземіз, мониторинг жасау жөнінде консалтинг компаниямен келісім жасап қойдым. Қоғамдық негізде олар өздері ашық айта алмайды, ашық айтуды мен мойныма аламын. Ал заңның кемшіліктері жөнінде жаңағы консалтинг компания айналысады», – дейді депутат.

Ол осы ретте заңның дөп басып айтатын еш ерекшеліктері жоқ деп отыр. Ең бастысы, ешкім бұл заңның аясынан шығып кете алмайды.

«Енді, әрине, бірінші президентке байланысты емес, себебі президентті қорғайтын басқа заң бар. Бірақ осы заңның қолданысқа енуімен кезек оларға да жетеді деп ойлаймын», – дейді ол.

Мәжілісмен ұрланған активтер тек шетелде емес, Қазақстанның ішінде де бар деп отыр. 

«Мысалы, «Қазақмыс» қандай негізде жекешелендірілді? Қандай бағаға сатып алынды? Сол сияқты «Қарметкомбинатты» айтуға болады. Қазақстанның ішінде де олигархтар, бірінші президенттің төңірегі иемденіп кеткен ірі-ірі алып өндіріс орындары бар.  Кім қалай иемденіп кеткенін, қалай жеке меншікке өтіп кеткенін анықтау керек. Шетелдегі активтерді қайтару мүмкін бе десек, әрине, мүмкін. Бұл жерде ең басты биліктің тарапынан ерік-жігер болу қажет. Қазіргі президенттің билігі тарапынан толыққанды ерік-жігер болатын болса қайтару мүмкіндігі 95 пайыз», – дейді Ермұрат Бапи.

Ол Тоқаев билігі тарапынан, комиссия, уәкілетті орган тарапынан алалау болса, таңдаулы түрде жұмыс істейтін болса бұл жұмыс жүрмейді деп отыр. Бәріне ортақ талап болуы керектігін айтты.

«Ұлттық мүдде тұрғысынан жұмыс істейтін болсақ, мен жеке өзім шетел парламентіндегі әріптестеріме «біздің елде әлеуметтік әділеттілікті орнату саяси науқаны басталды, Қазақстаннан ұрланған активтерді қайтаруға байланысты жергілікті органдар арқылы жәрдем жасаңыздар» деген мәлімдеме жасаймын. Сол арқылы біз бұл науқанға халықаралық деңгейді сипат беруіге амал жасаймыз. Ол үшін билік тарапынан ықылас болуы керек. Әзірге бұл ықыласқа көңілім толмайды. Президенттің өзі  қабылдаған заң болған соң өзі артқа тартады деп ойламаймын. Бұл жерде артқа тартатын төменгі органдар және Назарбаевтан қалған жүйеден билікте жүргендер. Себебі олардың да шетелде мүлкі болуы мүмкін», – дейді депутат.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қазақстандықтар маусым айында қанша күн демалады
Кеше, 16:41

Қазақстандықтар маусым айында қанша күн демалады

Бес күндік және жеті күндік жұмыс аптасы бойынша
Елде барлығы 6 миллионнан аса жалдамалы жұмысшы бар

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →