×

Киік мәселесі: министрмен кездескен шаруалар митингке шығатынын айтты

Министрдің бұл тақырыпқа қатысты еш дайындықсыз келгені байқалды

Киік мәселесі: министрмен кездескен шаруалар митингке шығатынын айтты
Коллаж: Qaz365.kz

Оралға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова келді. Министрмен жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қатар экобелсенділер, экологияға қатысты сұрақтары бар жергілікті тұрғындар да кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомствоның алдын ала таратқан ақпаратында министр сағат 09.00-10.30 аралығында тіркелген азаматтарды жеке қабылдайтыны, 10.30-12.30 аралығында коммерциялық емес және қоғамдық ұйымдармен кездесетіні, 12.30-13.00 аралығында бұқаралық ақпарат құралдарымен брифинг өткізетіні айтылды. Министр сапарында уақыт регламенті сақталмады. Жеке қабылдауға жазылған 8 адамның жартысы ғана кіріп үлгерді. Қалғандарын жиналыстан соң қабылдаймын деп сағат 14:00-ге дейін күткізгенімен қабылдаған жоқ.

Батысқазақстандықтармен кездесуінде министрге экологияға қатысы да бар, қатысы жоқ та сұрақтар да қойылып жатты. Ең көп сұрақ қойылған тақырып киік мәселесі болды.

Министрдің бұл тақырыпқа қатысты еш дайындықсыз келгені байқалды. Зүлфия Сүлейменова киіктің Орал популяциясына қатысты батысқазақстандық мамандар мен Экология министрлігінің бірлесіп жасаған концепцияны білмейтінін, таныспағанын айтты. Аталған концепцияны жасаған бастамашыл топтың құрамында бар Табылғали Сапаров жиында министрге жағдайды басынан бастап қайта таныстырды.

 – Министрліктегі концепцияны әзірлеушілер жобаның Сізге жеткізілгенін айтып еді. Өкінішке қарай, жұмыс әлі басталған жоқ. Жоба іске аса бастаса, киік мәселесі күн тәртібінде дәл бүгінгідей өзекті болмай, фермерлер мен жеке шаруашылығы бар ауыл халқы қазіргідей зардап шекпес пе еді? Ауыл шаруашылығының дамуы – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі. Мәселені шешкісі келетін адам себебін емес, шешу жолын іздейді. Сізден концепцияның неге іске аспай тұрғанын сұраймыз, - деді киік мәселесін кеңірек көтеріп жүрген «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров.

Жиын хаттамасына концепцияда көрсетілген Жайық өзеніне қалқымалы шлюз орнатуға қажетті құжаттарды әзірлеуді Су ресурстары комитетіне міндеттеуді, киік санын реттеуге қатысты ұйымдастыру жұмысын тамыз айынан қалдырмай бекітуді қосуды ұсынды.

         Министр шлюз жөнінде Атырау, Маңғыстау облысының пікірін сұрау керегін, Каспий экожүйесіне әсерін зерттеу қажетін айтты. Киіктің су мәселесін, суаттар жасау жайлы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен «Охотзоопром» ӨБ-ге бірлесе жұмыстану қажет деді.

 – Осы жиында бес-алты адам киік мәселесін айтты, проблемамен бұрыннан жақсы таныссыз. Бізге «мәселемен шешіп жатырмыз» деген жауаппен неге келесіз?! Облыстың алты ауданында мал азығы мәселеге айналды. Оны шешуге 8 миллиард теңге қажет. Сіздер ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтейсіздер, олар жабайы жануар мәселесімен айналыспайды. Фермерлер жабайы жануардан зардап шеккесін экология министрлігі араласуы тиіс. Мәселені шешуді басқа біреулерге арта берудің қажеті жоқ. Сіздің мәселені шешкеніңізді талап етеміз. Екіншіден, биылғы қуаңшылықтан тек мал шаруашылығы емес, сол киіктердің өзі зардап шегеді. Алдағы қыста оларға қорек жетпейді. Жәнібек ауданына резерватқа сұрап отырған 120 мың гектар жерді беруге қарсымыз. Бес жылдан бері киік мәселесі бойынша әлі бір қадам да жасалған жоқ. Үкіметке де бардық, бәрі мәселе жайлы біледі. Бірақ шешетін адам жоқ. Фермерлер митингке шығуға кепіл береді, – деді «Шопан ата» қауымдастығының Жәнібек ауданы бойынша басшысы Бауыржан Сабанов.

Министр Зүлфия Сүлейменова өзі басқаратын ведомствода фермерлердің шығынын өтеудің заңды механизмі жоғын, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе әрекет ететінін айтты. Ал 120 мың гектарды өзге жерден емес, киіктің жыл сайын төлдейтін тарихи отанынан, о бастан резервте тұрған жерден сұрап отырғанын, жергілікті билікпен бірлесе отырып тұрғылықты халыққа шығын келмейтіндей шешімге келетіндерін мәлімдеді.

  – Оңтүстік аудандар Еділ өзенінен келетін суға, Палласовка су жүйесіне тәуелді. Бұл жүйе арқылы су Жәнібек ауданына және Бөкей ордасы ауданындағы Мұратсай су қоймасына келеді. Нарым құмын нәрлендіретін су көздері кеуіп қалды. Соның бірі Мұратсайдан 35 шақырым жердегі – Қопа. Биыл Палласовка су жүйесі арқылы 29 млн.текше метр су келуі керек, қазір 16 млн.текше метр су келді. Мұратсай су қоймасында тек 40 пайыз су жиналған, ол толмағасын ары қарай су кетпейді. Келесі жылы осы су жүйесі арқылы келетін судің көлемін арттыруға көмек етсеңіз. Мұратсайға су көлемін 10 млн.текше метрге жеткізіп, Қопа көліне 50 млн.текше метр су жіберілсе дейміз. Бұған 1,8 млрд. теңге қаражат қажет. Қараөзен мен Сарыөзенге келетін суды да көбейту үшін 1,2 млрд. теңге керек. «Ащыөзек» және «Бөкейорда» резерваттарына суды арттыруға көмек етсеңіз, – деді Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов.

Министр полигон жанында тұратын халыққа төлемді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдау қажет екенін айтты, хат жолдайтынын айтты. З.Сүлейменованың айтуынша, климаттың су тапшылығынан өзгеруі, өзен-көлдердің тартылуы ел бойынша байқалады екен, салдарын төмендету бойынша жұмыс басталады.

 – Батыс Қазақстандағы ең алдымен шешуіңіз керек мәселе – киік және оған байланысты су мәселесі. Мынау жергілікті бюджеттен, мына мәселе Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрлігі шешеді деп қол қусырып отыруға болмайды. Сіз Үкімет мүшесісіз. Биыл Каспийге 8-9 млрд.текше метр су барды. Бізге қажет 500-600 млн.текше метр су Каспий мәселесін шешпейді. Каспийге су керек деп БҚО-дағы экология мәселесін ысырып қоюға болмайды. Каналдар жүйесін тазалап, ретке келтірсек біраз мәселе шешіледі. Каналдар өздігінен жұмыс жасап тұрса, насостар үшін миллиардтаған қаражат кетпес еді. Осы екі басты мәселені шешуіңізді сұраймыз, – деді Сенат депутаты Арман Өтеғұлов.

Жиында қоқыс өңдеу, Жайық өзенінің түбінен құм-қиыршық тас өндірісі, Капустин Яр полигоны іргесінде мекен еткен жергілікті тұрғындарға әлеуметтік төлем мәселелері де көтерілді.

Нұрлыбек Нұрланұлы

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →