×

Радикализммен күрес: «Ұлттық таным» жобасы не береді

«Жастар үні» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоба жетекшісі, саясаттанушы Мақсат Жақаумен сұхбат

Радикализммен күрес: «Ұлттық таным» жобасы не береді

Рухани өміріміздің негізіне айналған – дін тақырыбы көпэтносты Қазақстан үшін қай уақытта да өзектілігін жойған емес. Себебі зайырлы мемлекеттегі діннің орны мен ахуалы, әлеуметтік-психологиялық ықпалы – ел арасында түрлі ой туғызып, пікірталас та тоқтаған жоқ. 

Елімізде бұғанасы қатпаған өскелең ұрпақтың жат ағымдар мен санасын улайтын діни топтардың жетегінде кетпеуі үшін дін мен мәдениет арасына бөгет салмай, керісінше арадағы алтын көпір ретінде біріктіретін жаңа жобалардың бастау алып жатқаны құптарлық іс.

Сөзімізге арқау болған – Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ қолдауымен «Жастар Үні» Республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласының теологиялық оқу орындарында оқитын студенттер арасында қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттайтын –«Ұлттық таным» жобасы.

Дін мен дәстүр – біртұтас идея. Бір-бірінсізтұтас өркениетті қалыптастыра алмайтынымыз шындық. Qaz365.kz тілшісі осы бағытта бастау алған «Ұлттық таным» жобасы жайында толығырақ «Жастар үні» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоба жетекшісі, саясаттанушы Мақсат Жақаудан сұрап білген еді.

«Ұлттық таным» жобасы мен оның мақсаты жайлы кеңірек айтып өтсеңіз 

 

«Ұлттық таным» жобасы – өскелең ұрпақтың еліміздің құндылықтары мен тарихын жете білуге, дүниетанымын кеңейтуге, өткені мен бүгінін сараптауға, оны жан-жақты тануға бағытталған. Тәуелсіздік жылдарынан бері ұлтымыз «дамудың қандай стратегиялық жолымен жүреміз,мәдениетімізді қалай көтереміз, стандартты ойлаудан қайтіп арыламыз?» деген сұрақтарменізденіс үстінде келе жатыр. Ұлттық таным жобасы да – дәл осы сауалдарға бас қатырып, рухани-мәдени кеңістікте өмір сүріп жатқан қоғамда жастардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп отыр.

Негізгі мақсатымыз – осы жоба аясында Алматы қаласындағы теология мамандығы бойынша білім беретін бағдарланған жоғары оқу орындарының айталық, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті мен Әбу-Ханифа медресе колледжінің студенттерін тарихи-мәдени орталықтарға апарып, рухани сусындауына теңіздің тамшысындай болса да үлес қосу. Дін мен дәстүр қатар қолданылатын елімізде аталмыш оқу орындарында теология, дінтану, исламтану мамандықтары бойынша білім алып жүрген жастарды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы аясындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының тікелей бастамасымен «Жастар үні» республикалық қоғамдық бірлестігі бірігіп, ұлттық құндылыққа бай тарихымыз бен асыл мұраларымызды, руханиятымызды көріп-білсін,таным көкжиегін кеңейтсін, өздеріне қажеттімамандану деңгейінде академиялық білімдеріне қоссын, ғылыми ізденіс барысында жан-жақты болсын, фольклор мен әдебиетті, тарих пен мәдениетті, этнология мен этнографияны меңгерсіндеген салалық құндылықтарды насихаттайтынжобамызды бастап кеттік. Қазірдің өзінде бұл бастамамызға қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдірген студенттер саны 200-ден асады.Жобамыздың алғашқы шарасы 14 қыркүйек күні Орталық мемлекеттік мұражайынан бастау алды. 60-тан аса қыз-жігіттерден құралған студент жастар аталмыш мұражайдың этнология, полеонтология, археология, алтын қор залдарымен толық танысып шығуға мүмкіндік алды. Жаңа көзқарас қалыптастырды. Меніңше, қосымша білім – зайырлы білім деп аталуға тиіс. Себебі жаңа ақпаратты естігеніңмен, өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап, оны сезініп көргенге жетпейді. Теология мамандығында оқып жүргенстуденттеріміз Орталық мемлекеттік мұражайдағы тарихи-мәдени құндылықтарымызбен сусындап, жаңа дүниеге куә болып қайтты. Әлеуметтік желілер дамыған уақытта телефонға телмірген жастардың бір уақыт расында рухани әлемге сапар шеккенін қалайсың. Біз сол миссияны жүзеге асыруды бастап кеттік.

«Жастар үні» Республикалық қоғамдық бірлестігі – дәстүр мен мәдениетті сақтау мен дамытуға жіті көңіл бөледі. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін биыл тағы қандай жұмыстар атқаруда?

 

«Жастар үні» бірлестігі республикамыздыңтүкпір-түкпірін аралап, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, ақпараттық салада, сарапшылық пентанымдық бағыттарда түрлі семинарлар өткізіп келеді. «Ұлы істер үндемей тынады» дегенді басшылыққа алып, жасап жатқан көп істерімізді жарияға жар салуға бейіл емеспіз. Оның алғашқысы – жергілікті жерлерде, соның ішінде қала мен аудандарда, облыстарда танымдық, ағартушылық бағытта кітаптар тарату бойынша ауқымды істер атқарсақ, екінші жобамыз – еріктілік бағытын дамыту бойынша жұмыс істейді. Еліміздегі түрлі науқан кезінде бірлестігіміздің белсенді мүшелері бас қосып, қоғамдық-саяси бағытта, атаулы мерекелерде, саяси репрессия, ашаршылық, тәуелсіздік, конституция күндерінде жастарымыз ерікті ретінде міндеттерін атқарады. Өскелең ұрпақтың өзіндік үн қосып, пікірін ашық білдіретіні көңіл қуантады. Былтырға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша жастар саясаты бағытын дамытуда түрлі жобалармен айналыстық. Кезінде «Дүйсенбілік футбол» «Бағдаршам» т.б. көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Бұл әлеуметтік жобалардың барлығы дерлік – маргиналданған жастарымызға дұрыс жол сілтеп,бағыт көрсету үшін құрылған. Сонымен қатар бірлестігіміз құқықтық сауаттылықты арттыру менұлттық бірлік пен келісімді нығайту үшінағартушылық бағытында жұмыс істеп келеді. 

Жаһандану заманында жастардың рухани-мәдени қызығушылықтарын ояту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

 

Бұл – негізінен идеялар қажет ететін сұрақ. Біз қазір постиндустриалдық ақпарат заманының 4-кезеңіндеміз. Яғни цифрлық қоғам мен әлеуметтік желілер басымдыққа ие. Заман талабына сай жастарымыз сандық жүйеге өткенімен, олардың рухани іргетасын негіздейтін идеология – тарихи-мәдени орындарды танудан, кітапты көбірек оқудан басталуы керек. Кітап оқымаған баланың санасықандай мазмұнмен толығады? Салалық бағыт бойынша қалай дамиды? Сондықтан ең басты құндылықты негізге алып отырмыз.

Екінші мәселе – ұлттық тәрбие. Отбасы институты тұрақты болмай, ұрпақтар сабақтастығы жалғаспайды. Қазір әр 1/3 отбасында психологиялық қыспақта күн кешіп жатқан балалар қаншама?! Олардың мінез-құлқынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ал әлеуметтік күйзелістердің соңы – агрессивті, эмоционалды тұрғыда өзін басқара алмайтын сабырсыз, енжар ұрпақтың көбеюіне әкеледі. Отбасында тәрбиеден тыс қалған бала ақпараттың құрбаны болып, одан қалды көше тәрбиесіне бейімделеді. Сол себепті де біздегітәрбие беру жағынан идеологиямыз мықты болу керек. Жауапкершілікті әрқайсымыз өзімізденбастауға тиіспіз. Мемлекет тарапынан жаңа бағдарлар мен бағыттар анықталып, біржолға қойылмаса, құндылықтар анықталмаса, жүгенсіз кеткен ұрпақтың толқынын қалыптастыруымыз мүмкін. Ең өкініштісі, жинап-терген дүниеміздің барлығын бір-ақ күнде жоқ қылатын ұрпақпен сана үшін күресте жеңіліс табуымыз да ғажап емес. Жастарды еңбекке баулу жағын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Соңғы Түркістанда өткен Құрылтайда Президентіміз Қ.Тоқаев балатәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керегін қадап айтты. Бізде балаларға арналған бағдарламалар өте аз. «Бала жылы», «жастар жылы» деген – тек пафостық науқаншылықпен өтіп жатқаны қынжылтады. Сол себепті де ең алдымен идеологиялық тұрғыдағы ең ауқымды да жауапты жұмыстарды атқаруды тоқтатпауымыз керек.Балалар әдебиетінен бастап, жасөспірімдер әдебиетінің мазмұнын байытып, олардың оқылуын қолға алуды күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар бүлдіршіндеріміз үшін анимациялық бағытты да дамыту керек. Бұл жағы бізде ақсап тұрғаны жасырын емес. Үшінші мәселе – орта білім берубағдарламасын тұрақтандыру керек. Өкінішке қарай дәл осы жүйе – экспериманталды алаңға айналып кеткен сияқты. Мәселен, біз оқыған 80-90-жылдары тұрақты білім бағдарламасы болды. Қолымыздағы қарапайым күнделік үйге берілген тапсырманы жазып алып, келесі аптаға дейін ұмытпауға таптырмас құрал болатын. Қазіргі уақытта балалардың ертеңгі сабақтан нендей тапсырма бергенін білмейтініне қарап, көп нәрсені ұғуға болады. Бұл негізінен пандемия кезінде онлайн білім беруден басталды. Менің ойымша, мектепке күнделікті қайтару керек сияқты. Себебі балалар kundelik.kz сайтына әлсін-әлсін кіріп, «қашан баға қояды» деп алаңдап, түнге дейін отырып алады. Бұл – жүйесіздікке алып келеді. Сондықтан білімді таразының екінші жағы деп қарасақ, ұлттың даму тетігі осы саладағы тұрақтылықтан басталуы керек.

 

Ұлттық, әлеуметтік, діни араздық пен дұшпандықты қоздыруға бағытталған іс-әрекеттерге жол бермес үшін заңнамаға қандай өзгерістер мен толықтырулар керек деп ойлайсыз?

 

Біз істің себебімен күрессек, анағұрлым ұтымды шешім табамыз. Себебі заңнама тек жауапкершілікті ғана жүктейді. Оны күшейткеннен ештеңе ұтпаймыз. Мысалы, Скандинавия, батыс елдерінде де бұған қатысты мықты заңнамалар жоқ. Алайда оларда оқиғаның алдын алатын себептерімен жұмыс істейтін тиімді жүйе қалыптасқан. Айталық, балаларды Норвегия, Швеция елдерінде бастауыш сыныптан бастап, діни көзқарасының дұрыс қалыптасуы үшінмысалы, христиандық, католиктік не протестандықты таңдауға мүмкіндік берілетін білім үйретіледі. Олардың қай-қайсы да «ұрлама, адал еңбек ет, білім ал» деген ұстаным. Яғни жастайынан мемлекетіне үлес қосуға талпындыратын, ерекше мән беретін дінитұрғыдағы зайырлы пәндер өтеді. Сәйкесінше,дұрыс қоғам қалыптасады. Өкінішке орай бізде бұл жағы дамымаған. Біз кішкентай баланы оқытпақ түгілі, жасөспірімдер мен ересексерді діни бағытта дұрыс әрі ғылымға негізделген білімді бере алмай келеміз. Сол үшін де «Ұлттық таным» жобасын бастадық. діни араздықтық пен ұлттық келісімнің бұзылмауы үшін, ең алдымен отбасыдан бастап, дұрыс идеологиялық саясатты қалыптастыру керек.Заңды қатаңдата бергеннен ұтылмасақ, ештеңе ұтпаймыз. Біз қазіргі уақытта барынша ағартушылық, соның ішінде танымдық бағыттың дамуына күш салуымыз керек. Сонда бізге тіпті заңның да қажеті болмай қалады. Бәрін салықпен, әкімшілік жауапкершілікпен, қылмыстық жауапкершілікті күшейтумен айналысып жатқанымызды теорияға салсақ, мұнымыз өрт сөндірушілік әрекетке ұқсайды. Қылмыстың соңы тек жауапқа тартумен ғана шектелетін әрекет бізге не ұқтырады? Қылмыстың қайдан шыққансебебімен күресетін дұрыс стратегиялық кешенді жоспар ғана бізді күшейтеді. Сонда ғана дін мен дәстүрін қатар ұстанатын мықты елге айналамыз.

Жастар арасында экстремизм мен радикализмнің көріністерін болдырмау үшінаталмыш бірлестік тарапынан дін саласындағы саясатты дамытуға бағытталған қандай стратегиялық жұмыстар жүргізілуде?

 

Қандай қызметте жүрсек те, ең алдымен ниет пен ықылас дұрыс болуы керек. Біз қазір жастар саясаты бағытын дамытуды жүзеге асырып жүрсек, сөзсіз тек теология мамандығында оқитындарды ғана емес, жалпы студенттердің, соның ішінде рухани буыны қатпаған жастарға бағдаршам болуды көздедік. Яғни оларды мұражайлар, кітапханалар, театрлар, спорт кешендері мен мәдени орындарға апарып, жиі баратын жерлеріне айналдыру үшін барымызды салудамыз. Олардың көзқарастары мен дүниетанымын руханият пен материалдық мәдениетпен байытпай, көзіне көрсетпей, қолымен ұстатпай, сезіндірмей, мәселенің шешілмейтінін түсінгендіктен де, қоғамдық бірлестігіміз осы бағытты қолға алды. Теологияда білім алып жүрген суденттерді ғана емес, барлық жастарымызды мәдени-рухани орындарға апарып, әлемдік тәжірибені қолдану арқылы басқа деңгейге өтеміз. Мен Польшада болған кезімде, сағат таңғы 9-да Варшава мемлекеті музейінің алдында 18 автобустың қаз-қатар тізіліп тұрғанын көргенмін. Ішінен балабақшаның 4-5 жастағы балалары мен бастауыш сынып оқушылары, студенттері түсті. Сондағысы тек музейді көріп қайту емес, өнер мен тарих, мәдениет пен әдебиет болсын дуальды білімалу, музей ішінде отырып лекцияны тыңдау, бөлек сезім. Тәрбие мен білімнің ұштасқан бағыты да –осы. Міне, сол себепті жастардың бойында патриоттық сезімді ояту үшін барлық университеттерде креатив идеялармен жоспар құрып, қалалық, республикалық деңгейде мектеп, колледж, жоғары оқу орындарын аралап, музейлерді қаңыратпауды ойлау керек. Олардың ішін жастарымызбен толтыруға, адам үзілмейтін деңгейге жетуге тиіспіз. Болашағын ойлайтын мемлекет – дәл осындай әрекеттермен жүреді.Қоғамдық бірлестігіміз әрқашан осы бағытта елімізге өз үлесін қосып, тың жобаларын жүзеге асыра береді. Биыл бастау алған «Ұлттық таным» атты жаңа жобамыз аясында сан ғасырлық тарихы бар Алматыдай алып қаланың тереңіне үңіліп,мәдени орындарымен таныстырып, теология, дінтану, исламтану мамандығында білім алып жүрген студенттерге танымдық-академиялық кездесулеріміз арқылы дін саласындағы саясатты дамытуға, рухани жетілуіне барымызды саламыз.

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →