Мүмкіндік берілген жоқ
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстан билігі тоқсаныншы жылдардан бері ауыл халқына жұмыс істеуге мүмкіндік бермегенін айтады. Ол халық тоқсаныншы жылдардан бері масылдыққа үйренген деген пікірмен келіспейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бізде тоқсаныншы жылдардан бері шәкіртақы, жалақы көтеріліп жатыр. Әлеуметтік төлемдер беріліп жатыр. Біз тоқсаныншы жылдардан бері өсіп келе жатқан жастарды масылдыққа үйретіп қойған жоқпыз?» деп сұрайды талқыға қатысқан спикерлердің бірі Ринат Зайытовтан.
Депутат оның ойымен келіспейді. Ринат Зайытовтың айтуынша, бұған дейін билік ешкімге жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген.
«Мәселен, ауылда он шақты баласы бар ақсақал бар. Жері бар. Бір жеріне малын жаяды. Егер сол малдың терісі мен жүнін сата алатын болса, ол баласы да ешқайда кетпейді. Сол жерде ары қарай жұмыс істейді. Ал біз ауылда жағдайы жоқ, қалаға қаңғып келіп, жұмыс таба алмай, одан кейін шиеттей бала-шағасын сүйретіп, біреудің босағасын паналап жүрген қазақтарды қалай масылдыққа тәрбиеледік деп ұялмай айта аламыз? Біз оларды осындай өмірге мәжбүрлеген шығармыз?» - дейді депутат "Атамекен” арнасындағы бағдарламаға қатысқанда айтқан сөзінде.
Ринат Зайытов «бір нәрсе істедік-ау» деп ойламайтынын атап өтті.
«Мүмкіндік берілген жоқ. Өз-өзіне жұмыс істемек түгілі өз-өзін емдейтін ауылда ауруханаға жоқ мысалы. Ойлаңыз. Жол жоқ. Орталыққа барып, қатынасып, жұмыс істейін десе. Жәрмеңке болады. Қалада танысы болмаса, ауылдың адамдары орын ала алмайды. Делдалдар кіріп алған. Ауылдан келген адамның не етін сататын мүмкіндігі жоқ, не өз сүтін немесе балын сататын мүмкіндігі жоқ. Жәрмеңкеге кіру үшін біреуге пара беру керек немесе танысы болуы керек», - дейді ол.