×

Қытай тарихшылары географиялық масштаб анықтауда оқ бойы озық

Елдос Сауырқан қазақ тарихын зерттеудегі алты мәселені бөлісті

Қытай тарихшылары географиялық масштаб анықтауда оқ бойы озық
aqiqat.kazgazeta.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек» деген пікір айтып еді.

Бұл салаға мән беріп, ғалымдарға қолдау танытып келеді. Ұлттық Ғылым академиясына арнайы статус беріп, оны тікелей Президентке есеп беретіні, алдағы уақыттарда ел тарихына арналған 7 томдық еңбектің шығатынын  ескерсек, бүгінде отандық тарих ғылымы дамудың жаңа жолына түсетінін бағамдау қиын емес.

Осы орайда, өткен тарихымызға көз жүгіртіп, бүгінгі болмысызбен танысу үшін Qaz365.kz тілшісі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, әлеуметтік желіде Елдес Орда есімімен танылған Елдос Сауырқанмен әңгімелесті.

«Менің қазақ тарихына қатысты алты пікірім бар. Бәлкім, бұл көп жерде айтылып, жазылып жүр»

Бірінші, қазақ тарихына қатысты географиялық масштабты анықтау мәселесі. Белгілі бір аумақты белгілеп, қазақ тарихын сол аумақтың ішінен қарастыруға түбегейлі қарсымын. Мысалы, “Шыңғыс шапқыншылығы кезіндегі Қазақстан тарихы” деген сөз бар, бұл қаншалықты дұрыс? Тіптен ол шапқыншылық ба, әлде түркі-моғолдардың Тұран даласын азат ету соғысы ма? Егер Мысыр, Орташығыс немесе Еуропа мемлекеттері масштабында қарасаңыз, иә, әрине, ол шапқыншылық. Ал, түркі-моғол тұрғысынан шапқыншылық саналмайды. Бұл жағына келгенде Қытай тарихшылары мықтап кіріскен, олар географиялық масштаб анықтауда оқ бойы озық келе жатыр. Тіпті олар Шыңғыс ханды Қытай аумағын біріктіруші, қытай этносын іріктеуші саяси тұлға ретінде қарап, Шыңғыстан тараған немересі Құбылайдың құрған Юань мемлекетін орта ғасырлардағы Қытай тарихы есебінде бағалайды. Иран да дәл сондай. Олар ХХ ғасырға дейінгі түркілердің Ирандағы тарихын мемлекет тарихы есебінде қарастырады.

«Екінші, кадр мәселесі. Қазақстан тарихын зерттеуші мамандардың ішінде орта ғасырлар кезеңі мен ежелгі дәуір кезеңін зерттейтін жас тарихшылардың қатары мүлде аз десек те болады. Біздің елде салыстырмалы түрде Қазақ хандығынан бері қарайғы кезеңді зерттеуші тарихшы мамандардың қатары біршама көп. Әсіресе ХХ ғасыр басындағы кезеңді зерттейтін жас ғалымдардың саны көп. Кеңес одағы кезінде орта ғасыр кезеңін зерттеу саяси цензураға ұшырады және аталған дәуірге байланысты көзқарас та мейлінше бұрмаланды. Отандық орта ғасыр кезеңін зерттеуші тарихшылардың дені 60 жастан асқан жасамыс кісілер. Атап айтқанда, жас буын өкілдер арасында осы сала бойынша фундаменталды мектеп қалыптаспады. Қазақстан тарихын кешенді тұрғыда зерттеп жазу кезінде отандық тарихшылар ежелгі және соңғы орта ғасырлық кезеңдеріне байланысты зерттеулердің сан түрлі олқылықтарын байқады. Бұл олқылықтың орны әсіресе аталған дәуірді зерттеудегі отандық кадрлардың белгілі деңгейде аздығы байқалды. Сол себепті шетелдік мамандарға сүйенуге тура келді.

Үшінші, шетелдегі қазақтардың тарихы кешенді зерттелмей келе жатыр. Сөздің басында атап өткенімдей, қазақ тарихының географиялық масштабын анықтағаннан кейін түрлі себептерге байланысты шетжұртта қалып қойған қазақтар тарихы да басты назарға алына бастайды. Шетелдегі қазақтар ашаршылық пен қуғын-сүргіннің нәтижесі негізінде қалыптасқан жоқ. Олардың тарихы ежелгі дәуірден бастау алады.

«Төртінші, қазақта бір жақсы сөз бар “Бектер кетіп, ел қалар” деген. Сақ, Ғұн, Түркілер, Ұйғырлар, Қырғыздар, Түркештер, Қарахандар, Қыпшақтар немесе Түркі-Моғол кезеңі дәуірінде тек саяси элита ауысып (бектер) отырғаны болмаса, сайын далада өмір сүрген халықтың прототипі бірегейлі, бірыңғайлы болған. Қағандар ауысып отырғаны болмаса, мәдени анықтылық пен тұрмыс-тіршілік бірдей болған. Біз осыны әсіресе мектеп оқулықтары бағдарламасында көрсете білуіміз керек. Қытайдың мектеп оқулықтарында аталған мәселе түбірінен шешімін тапқан.

Бесінші, бәріңізге түсінікті болғандай, тарих дегеніміз – ғылым. Яғни  іргелі және кешенді ғылым. Ол саясаттан, эмоциядан биік тұрады. Тарихты қандайда бір биліктің, жеке тұлғаның немесе саяси ұранның ығына бейімдеп жазуға болмайды. Сонымен бірге қоғамның көңіл күйіне де бейімдеуге әсте болмайды. Егер сіз икемдедіңіз деген сөз ғылымның фундаменталды алғышарттарын бірінші кезекте бұздыңыз деген сөз, ол ешқашан қабылданбайды.

«Алтыншы, ХХІ ғасырда тарихшы боламын деген маман бірінші кезекте тарих ғылымына сабақтасатын іргелі өзге ғылымдардан да хабардар болуы шарт. Сонымен бірге көптілді, әсіресе қолданыста жоқ тарихи жазба тілдер мен кейбір өлі тілдерді игеруі керек. Өз кезегінде мен, «тарихшы көп ғылымды меңгерумен бірге психолог болуы керек» дегенді ұсынар едім. Өйткені білікті психолог тарихшы бұдан жүз жыл бұрынғы тарихқа ХХІ ғасыр адамдарының психологиясымен қарамайды және баға бермейді, есесіне сол кезеңдегі адамдардың психологиялық жағдаятын басқа қырынан ашуға тырысады. Біздің кейбір әуесқой тарихшылар ХХ ғасырдың бастапқы кезеңін зерттеген кезде көбінше дәл қазіргі социо-психология, гео-психологиямен баға беріп, қателік пен шатасуларға оңай жол береді. Егерде тарихшы болар тұлға қосымша психолог, синолог немесе филолог, тіпті мобилограф болса, ол дегеніміз нұр үстіне нұр емес пе», –  деп сөзін түйіндеді Елдос Сауырқан.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →