×

Танымал ер азаматтар «Матильда эффектін» қолданады

Танымал ер азаматтар «Матильда эффектін» қолданады
коллаж: Научная Россия

Қоғамда «әр жетістікке жеткен мықты еркектің артында дана әйел тұрады» деген жаттанды ұғым бар. Өз амбициясы мен миссиясын жолдасы мен балаларына құрбан еткен әйелдер кейбір еркектердің артында да емес, көлеңкесі болуға да жарамай отыр. Бұл қалыптасқан тенденцияны олқылық деп қарап, теңдік мәселесін көтерген әйелдер ақыры ажырасып тынса, енді бірі отбасын сақтап қалуға барын салып, көнбіс, қадірі қашқан келіншектер қатарына қосылған.

 

«Әйел» фильмі әлемдегі отбасылық тәжірибені көрсетті

 

Белгілі швед режиссері Бьорн Рунгенің «Әйел» атты драмалық фильмі феминизм жақтаушыларын қолдайтын, ғылым мен білім саласындағы дана, дара әйелдердің болмысы танымал еркектердің артында тұрғанын неке құпиясы арқылы әсерлі жеткізгені естеріңізде болар?.. Түсінікті болу үшін қысқаша шолу жасайын.

Фильмдегі басты кейіпкер Джоан Каслмен – табиғатынан талантты жазушы. Тұрмысқа шықпай тұрып-ақ оның шытырман желіге толы шығармалары АҚШ-тағы танымал басылым беттерінде студент кездерінде үздіксіз жарияланып тұрады. Өмірлік серігі Джо Кастельман да жазуға қызыққанымен, оның қабілеті машықтану деңгейінде болады. Басылым редакцияларында шығармасының жариялануы үшін бірнеше түзетулерден өтіп барып, жарыққа шығады. Джоанға үйленіп, балалы болғанда, үй тірлігі мен балаға Джо өзі қарап, әйелі кітап жазуға кіріседі. Кейіпкерлерді шынайы күлдіру, сөйлету, оқырманды қызықтыру мақсатында ішіндегі жарық сәулені қосып, шынайылықты беру үшін барын салады.

Шығарма Джоның атынан жіберіледі. Себебі Джоан үшін бұл қалыпты жұмысқа айналған. «Нобель» премиясын табыстау рәсімінде ғана күйеуі үшін жылдар бойы өз талантын құрбан етіп келгеніне қатты ашынады. Ашуланғаннан ызаға булығады. Тіпті оны жек көріп кетеді. Фильм сюжетінің ең қызығы мынада: «әйел ретінде мені аямаңдар, мен сендер ойлағаннан әлдеқайда мықтымын» деген үн қатады. Осы орайда «әйел тұрмай, еркек оянбайды» деген мәтел еріксіз еске түседі. Себебі күйеуінің былығын әшкере еткісі келген журналиске де сұхбат бермей, алдауына көнбей, даналығымен, даралығымен күйеуінің абыройын сақтап қалады. Бұл бір ғана мысал. Енді статистика сөйлесін.

 

Ғылымда неге әйелдер аз?

 

UNESCO статистика институтының мәліметіне сүйенсек, әлемде ғалым әйелдердің саны 30%-дан енді асқан. Бұл көрсеткіштің төмендігі ғылым жолындағы әйелдер үшін кедергілердің көптігін байқатады. Әлемде көптеген мүмкіндік бар. Бірақ сол көп мүмкіндіктің есіктері әйелдер үшін жабық.

Экономика мен еңбек нарығында, медиа, өнер мен мәдениетте, саясат пен қоғамдық сферада гендерге қатысты стереотиптер, дискриминация нәзік жаратылыс иесі һәм бұрымды деп қоғам таңып берген шаблондар үшін қалыптасқаны шындық.

Әлем бойынша әйелдердің төленбейтін еңбекақысына жылына ЖІӨ 3 трлн долларды жоғалтатынын статистика көрсетіп отыр. Қоғамда теңсіздікті жоюға қатысты гендерлік саясат тұжырымдамасы мен теңдік стратегиясы қабылданса да, бұл – әлі күнге дейін күн тәртібінен түспеген күрмеуі көп тақырып.

Саналы ғұмырын ғылымға арнап, зерттеудің озық әдістемелерін қолданған ғалым әйелдер қаншама? Кәсіби амбициясы ерлермен тең дәрежеде, тіпті асып тұрса да, гендерлік аспекттің көрінісі алдыдан шыға беретіні тағы бар.

Еңбек нарығындағы әйелдер теңсіздігін зерттеп, соңғы 150 жылдағы америкалық әйелдердің мансаптық мүмкіндіктеріне қатысты талдау жасаған Клаудия Голдин экономика саласы бойынша «Нобель» сыйлығын жеңіп алды.

25 жылдан астам уақытын жұмсаған Клаудия ханымның еңбегі – гендерлік теңсіздік мәселесі бойынша қоғамдағы шешімін таппаған өзектілік тұрғысындағы – биылғы жылдың екінші Нобелі. Ал Мария Кюри –физика саласы бойынша «Нобель» сыйлығын екі мәрте иемденген алғашқы әйел. Бұл – радиацияны зерттеуге жылдарын арнаған ғалым әйелдің еңбегіне берілген лайықты баға.

 

Алғашқы ғалым әйелдер кімдер?

 

I ғасырда Иерусалимде туған алғашқы алхимик әйел Мария Копт сұйықтықты жылыту жолын тапқан. Осылайша алхимия мектебінің негізін қалаушылардың бірі атанды. Астролябия, ареометр секілді пайдалы құрылғылардың шығуын жүзеге асырған Гепатия – алғашқы әйел мұғалім. Ал Каролина Гершель болса, кометаны алғаш асқан астроном. Ғылымдағы алғашқы ғалым әйелдердің еңбек жолына қарасақ, ғылыммен айналысуына әкесі, ағасы не күйеуі қолғабыс еткен.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстанда ғылымдағы әйелдер Орта Азия бойынша көш бастап тұр. Елімізде ғалым әйелдердің үлесі 54%-ды құрап отыр. Бұл –  жалпы көрсеткіш. Егер оларды ғылыми дәрежесі мен жетістіктеріне қарай жіктесек, жарты пайыздан едәуір аз үлесті көрсетеді.

Гендерлік зерттеу бойынша эксперт Айгерім Құсайынқызы ғылым мен техника жағынан тек ер-азаматтар мықтырақ деген тенденция қалыптасқанын айтады.

Оның сөзінше, гендерлік теңдік мәселесі мінберде жиі көтерілсе ғана шешімін таппақ.

    «Менің зерттеу мәселем әйелдерге қатысты болғандықтан, Medianet  халықаралық ақпараттық орталығымен  бірлесіп жұмыс істегенде көзім жеткені – қазақстандық әйелдер ақысы төленбейтін жұмысқа 4 сағатын жұмсайды. Гендерлік бюджет пен гендерлік экономика тақырыбы ер мен әйелдің жанды жеріне тиеді. Алайда біз әйелдердің 4 сағат уақытын өзін дамытуға, хоббиімен айналысуға, тіл меңгеруге арнаса, қайтарымды ұзақмерзімді инвестиция екенін түсіндіре алмай келеміз», – дейді ол.

Жасыратыны жоқ, гендерлік теңдік құқығы сақталған ел ғана бәсекеге қабілетті демократиялы мемлекетке айналады. Биологиялық, физиологиялық ерекшелігіне байланысты қалауына қол жеткізе алмайтын әйелдерге қатысты жағдайлар да жиі орын алып жатады. Мәселен, Қазақстанда машина жасау, инжиниринг, IT салалары тек жігіттер қауымына арналған салаға айналды. Бұған толеранттық парадоксы да аргумент бола алады.

Жаһандық теңсіздік тіршілікте әйелдерді еркіндігінен шектейтіні жасырын емес. Әйтпесе, Орта Азия бойынша ғылым саласында бірінші орында тұрған ғалымдарды зерттеп жүргендердің салаларына зер салсақ, басым көпшілігі гуманитарлық бағытты қамтиды.

Бұл мәселеге қатысты елімізде феминистер мен  «әйелдер» тақырыбын зерттеп жүрген эксперттер, халықаралық ұйымдардың өкілдері сан мәрте мінберлерде өзектілігін айтқанымен, күні бүгінге дейін шешімін таппай, әлеуметтік теңдік орнатудағы әділдік формалары әзірге уақыт еншісіне қалып отыр. Ғылым саласындағы әйелдердің саны артуы үшін жаһандық гендерлік әділдік үшін күресетін, өз құқығы мен талаптарына қатысты көзқарасын ашық білдіретін бүкіл әлем азаматшаларының ғана емес, ер- азаматтардың да әмбебаптық мүддесі бір арнада тоғысса, әлем жаһандық әралуандыққа, моральдық шектеулерге, өркениет бөлшектенуге ұшырамас еді, бәлкім…

 

Дәстүрлі құндылықтың тиімсіз тұсы қандай?

 

Дәстүр мен ислам құндылықтарын сіңірген мұсылман елдеріндегі қыз-келіншектер зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанына қарамастан, ғылым саласында әйелдердің аздығы былай тұрсын, гендерлік теңсіздік мәселесін проблема деп қарамайды. Себебі отбасындағы тыныштық бәрінен маңызды.

 Дербестік пен индивидуализмді бұзып, қарым-қатынаста айрықша мән берілген қамқорлық этикасы, субъективтіліктен туындаған индивидтік релятивизмнің көрінісі  әйелдердің жанайқайын туғызып отыр.  Салдарынан дәстүрлі діни құндылықтарды гуманизациялау жолдарын іздейді. Алайда тек қыз-келіншектер болып жиналған басқосуларда олардың қауымдық ортадағы күйреудің алдында тұрғаны байқалады. Себебі отбасы үшін құтқарушы позициясынан шаршаған, қажыған, өзін кінәлі сезінген, кейіннен көндіккен,  жүйкесі сыр берген сыртқы факторларына қарап, аңғару қиын емес. Сол себепті де ғылымға емес, психологтар мен коучтардың сеансынан қалмайтын әйелдердің саны артты.

Ішіндегі арпалыс әлемде не болып жатқанын тұрмыстағы әйелдер ашып айтса, гендерлік теңсіздікке көз жұмғанының салдарынан азап шегуге өзіне рұқсат берген құрбан әйелдердің жаңа статистикасының циклін жасауға болады.

PS: Қалай десек те, ғылым саласында әйелдердің әлі талай жаңалық ашып, бұл салаға жаңа тыныс әкелетіні ақиқат.

Гендерлік теңсіздік көрінісі ғылымда да, өнерде де – «әйелдер үшін ауыр жол» деген стереотиптер күні бүгінге дейін бұзылмаса да, еркекше сөзінде тұратын, еркекше іс қылатын, еркекше ойланатын, қоғам қыспағында кей кездері үнсіздікпен үн қататын дана әйелдерді қалай нәзік жанды дерсіз?

 Табиғи болмысына тән өмірге адам алып келе алатын құдіреті бола тұра, ердің де ісі мен міндетін қатар атқаратын мықты әйелдерді бұрымды, нәзік жаратылыс деген шаблондармен шектемейтін күннің туары анық.

Себебі әйел – бүтін әлем. Оның болмысы да, жаратылысы да бөлек. Бір өзі бүтін ғаламға татиды. «Әр жетістікке жеткен мықты еркектің артында дана әйел тұрады» деген жаттанды ұғым «әр дана әйелдің артында қолдаушы, қорғаушы азамат тұр» деген ұстанымға құрылғанын біледі. Қоғам қаламайтын ақиқат осы. Сіз не дейсіз?

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →