Атышулы "Дикий Арманның" ұйымдасқан қылмыстық тобына ҰҚК-ның адамдары қамқорлық жасаған, ал Қаңтар оқиғасына әзірлік 2021 жылғы жазда басталған. Бұл туралы cаясаткер Жақсыбек Құлекеев "Ақорда үшін күрес" атты еңбегінде жазады.
Dalainside Telegram арнасы кітаптың Арман Жұмагелдиевке қатысты тарауын шолып шықты.
Бұған дейін Бас прокурор "Дикий Арманның" ҰҚК -дағы үйлестірушінің басқаруымен әрекет еткенін хабарлаған еді.
Оның "үш әріптегі" кураторы кім? Бұлар неге бүлік шығарды? Түпкі мақсат Тоқаевтың орынтағы ма?
“Арман Жұмагелдиев соңғы 5 жыл бойы Қазақстандағы қылмыс әлеміндегі оқиғаларға жауапты болған, оған ҰҚК-де істейтін кураторлары көмектескен.
Тергеу "Жұмагелдиев ұзақ уақыт Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5-департамент жетекшісі Руслан Ысқақовтың бақылауымен қызметін жалғастырып келді" деген қорытындыға келген. Алайда, кім кімді өз мақсатына пайдаланып келгені толық түсінікті емес.
Бір абзацта Ысқақов Арманға Қазақстандағы трансұлттық қылмыстық топтардың елдегі қылмыстық жағдайға ықпалын жою үшін серіктес болуға ұсыныс жасаған десе, бір абзацта Ысқақов "Әділ Қытай", "Айшуақ Жантүгел" қылмыстық топтарын ұстау бойынша іс-шараларды ұйымдастырып, Шпек деген лақап атқа ие Рамазан Ғаббасовты қамауға атсалыса отырып, Дикийді оперативтік іс-шаралардан қорғап отырған делінеді.
Демек, ҰҚК алаңды түрлі ҰҚТ-дан тазартып, ал Арманның тобын айналып кетіп отырған.
“Жұмагелдиев ҰҚК-ның қамқорлығына сүйеніп, аймақтарға өз қарақшыларын қойып, тұтас Қазақстанды Нойс деген лақап аты бар Нұржан Иманалиевке тапсырған. Иманалиев қазір түрік түрмесінде отыр”, – деп жазады Құлекеев.
Осы деректерді пайдаланған танымал журналист Михаил Козачков Қаңтарға дайындық 2021-дің жазында басталғанын тілге тиек етеді.
"Дикий Арман" бастаған ҰҚТ-лар халықты үрейлендіріп, Тоқаевты кету туралы шешім қабылдауға итермелеу үшін террорлық акт жасауды, артынша қылмыс әлемінің лидерлері мен қоғамға белгілі адамдардан уақытша "Халық кеңесін" құрып, өздерінің адамын президент етуді жоспарлаған. Осыған байланысты Руслан Ысқақов жаппай тәртіпсіздікке дайын болу үшін Дикий Арманға күзет фирмасын тіркеп, қару мен шымыр жігіттерді жинауды тапсырған", – деп жазады журналист.
Кітапта айтылғандай ҰҚК-дан нұсқау алған Арман Алматыға 17 желтоқсан күні келіп, ешкімге білдірмей, өзге ҰҚТ қатысушыларымен кездескен.
Ал 5 қаңтарда Ысқақов Жұмагелдиевке адам жинап, алаңға баруды тапсырады. Арман ол жақта Мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенмен кездесіп, жақтастарының әрекетін ұйымдастыра бастайды.
Жұмагелдиевтің тапаншамен қаруланған адамдары қаладан 30-дан астам адамды ұстап, "Рицт Карлтон" қонақ үйінің паркингі мен "Қазақстан" қонақ үйінің банкет залында күштеп ұстаған.
"Тергеу дерегінше, ол адамдарды камераға түсіріп, есірткі тұтынғанын, мародерлік жасап, Әблязов құрған ҚДТ саяси қозғалысының мүшеміз деп айтуға мәжбүрлеген. Артынша кураторы Ысқақовтың нұсқауы бойынша ұсталғандары ҰҚК-ға тапсырған", – дейді Құлекеев.
Жұмагелдиевке қатысты тарау мұнымен аяқталмайды.