×

Қазақстанда 2023 жылы қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 2,8%-ға төмендеді

2023 жылы қатерлі ісіктен әйелдерге қарағанда ер адамдар жиі қайтыс болды

Қазақстанда 2023 жылы қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 2,8%-ға төмендеді

Қазақстанда онкологиялық көмек Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық жоспары және 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспар шеңберінде дамуда. Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ҒЗИ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2023 жылы динамикалық бақылауда 218 213 онкологиялық пациент бар (2022 жылы – 205 822 пациент) онкологиялық пациент саны 5,7% - ға өсті.

Ерлерге (43,1%, 17 902 жағдай) қарағанда әйелдер (56,9%, 23 613 жағдай) қатерлі ісікпен жиі ауырады.

Сырқаттанушылық бойынша:

·      Бірінші орында сүт безі обыры (13,3%, 5 507 жағдай),

·      екінші орында колоректальды қатерлі ісік (9,5%, 3 939 жағдай),

·      үшінші орында өкпенің қатерлі ісігі (9,3%, 3 872 жағдай),

·      төртінші орында асқазан қатерлі ісігі (6,9%, 2 874 жағдай),

·      бесінші орында жатыр мойны обыры (4,9%, 2 035 жағдай) тұр.

Айта кетейік, 2023 жылы өкпе обыры колоректальды обырмен орын ауыстырып, 3-орынға түсті.

Науқастардың 55,6 % -ы 18 бен 64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар.

Онкологиялық көмек көрсету қорытындысы бойынша 2023 жылы сырқаттанушылықтың 4,2%-ға өсуі тіркелді. Өткен жылы онкологиялық аурулардың 41 515 жаңа жағдайы анықталды.

Өлім бойынша:

·      бірінші орында өкпенің қатерлі ісігі (15,7%, 2034 жағдай),

·      екінші орында асқазан қатерлі ісігі (11,9%, 1536 жағдай),

·      үшінші орында колоректальды қатерлі ісік (10,8%, 1 389 жағдай)

·      төртінші орында сүт безі обыры (8,2%, 1 054 жағдай)

·      бесінші орында ұйқы безінің қатерлі ісігі (6,2%, 805 жағдай) тұр.

2023 жылы қатерлі ісіктен әйелдерге (47,1%, 6 079 жағдай) қарағанда ер адамдар (52,9%, 6 841 жағдай) жиі қайтыс болды.

ЭРОБ АЖ деректері бойынша қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 2,8% - ға төмендеді, 2023 жылы қатерлі ісіктерден барлығы 12 920 адам қайтыс болды.

Өлім өсуі 5 өңірде: Маңғыстау облысы, Қызылорда облысы, Абай облысы, Ақтөбе облысы және Шымкент қаласында тіркелді.

0-I сатыдағы қатерлі ісіктермен онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы 2023 жылы 5,2%-ға ұлғайды және қатерлі ісіктердің жаңа жағдайларының жалпы құрылымында 30,5%-ды құрады.

«Біз жатыр мойны обырының скринингін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Бұрын жатыр мойны обырын анықтау үшін Пап-тест (онкоцитологияға жағынды) қолданылса, қазір әйелдерді АПВ-тестілеу (адам папиллома вирусына) 5 жыл сайын енгізіледі. Бұл АПВ-тестілеу бүкіл әлемде қолданылады. Егер әйелде АПВ анықталса, ол ары қарай қосымша зерттелуге жіберіледі. Сондай-ақ, өкпе ісігі аурушаңдық бойынша көшбасшы және өлім-жітім бойынша бірінші орында болғандықтан, біз өкпе обырына жаңа скрининг енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ДДҰ мақұлдаған өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясы (ТДКТ). ТДКТ сәулелену дозасы төмен, ол кез келген ісіктерді өте ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін біз Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматыда пилоттық жобаларды жүргіздік және олар жоғары анықтау көрсеткіштерін көрсетті», – деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова Алматыда өткен пресс-конференцияда.

Балалар арасындағы аурушаңдық

2023 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісік ауруымен есепте тұрған 14 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны – 2549. 2023 жылы алғаш рет анықталған 14 жасқа дейінгі балалар – 391.

14 жасқа дейінгі балалар арасында аурушаңдық бойынша ең көп тараған ісіктер түрлері:

1) лимфоидты және қан түзетін тіндер;

2) Ми ісіктері,

3) дәнекер және басқа да жұмсақ тіндер;

4) сүйектер мен буын шеміршектері;

5) Бүйрек.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспар бекітілді.

Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарға 5 Индикатор енгізілген:

1. Онкологиялық аурулардың ерте (0-I) сатыларының үлесін 35%-ға дейін ұлғайту;

2. Көзбен шолып оқшаулау онкологиялық ауруларының дамыған жағдайларының (III-IV сатысы) үлесін 10%-ға дейін төмендету;

3. Онкологиялық аурулары бар пациенттерді сәулемен емдеумен қамтудың 53%-ға дейін өсуі;

4. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5-ке дейін төмендеуі;

5. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың 5 жылдық өмір сүру деңгейінің 60,0%-ға дейін өсуі.

Қазақстанда ересектерге онкологиялық көмекті республикалық ұйымдар – "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" АҚ (бұдан әрі – ҚазОжРҒЗИ), "Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық АҚ (бұдан әрі – ҰҒОО), 15 онкологиялық диспансерлер/орталықтар, көп бейінді стационарлар жанындағы 5 онкологиялық бөлімшелер жүзеге асырады.

Кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде "Қазақстан халқына" Әлеуметтік қорымен бірлесіп өңірлердегі онкологиялық пациенттер ТМККК-ға кірмейтін 9 инновациялық препаратқа (Бригатиниб, Рибоциклиб, Абемациклиб, Олапариб, Лансурф (трифлуридин + типирацил), Лорлатиниб, Апалутамид, Нинтеданиб, Алектиниб) қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, Қор өңірлік онкологиялық мекемелер үшін заманауи жабдықтарды сатып алуды және ҚР онкологиялық қызметі үшін мамандарды оқытуды қаржыландырады.

Паллиативтік көмек көрсету бойынша

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 126-бабына сәйкес паллиативтік медициналық көмек түбегейлі ем жүргізуге айғақтар болмаған кезде айықпас науқас ауруының (жай-күйі) ауырсынуын және ауыр көріністерін жеңілдетуге бағытталған медициналық қызметтер кешені болып табылады. Кодекстің 196-бабына сәйкес паллиативтік медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді.

Елде паллиативті пациенттерге арналған 2098 төсек орны, оның ішінде 61төсек орны балаларға арнайы орналастырылған, бұл стандартқа сәйкес келеді (100 000 тұрғынға 10 төсек).

Онкологиялық пациенттерге паллиативтік медициналық көмек Денсаулық сақтау ұйымдарының мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерінде, стационарлық ұйымдардағы дербес мамандандырылған медициналық ұйымдарда ғана емес, сонымен қатар стационарды алмастыратын жағдайларда және үйде, оның ішінде 2018 жылы алғаш рет ұйымдастырылған мобильді бригадаларды пайдалана отырып жүзеге асырылады.

Егер 2019 жылы онкологиялық орталықтар базасында ұйымдастырылған 18 мобильді бригада жұмыс істесе, 2023 жылы еліміздегі барлық 20 өңірде 221 паллиативтік мобильді бригада жұмыс істейді. Аталған бағытты одан әрі дамыту қажет, өйткені 2023 жылдың қорытындысы бойынша мобильдік бригадалардың көмегімен 4-ші клиникалық топтағы мұқтаж 13 979 пациенттің жалпы санымен 5 937 онкологиялық науқас қамтылды. Көпсалалы бригадаларға 240 дәрігер, 278 мейірбике, 184 әлеуметтік қызметкер және 155 психолог қатысты.

 Қатерлі ісіктері бар пациенттерді оңалту "медициналық оңалтуды көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 бұйрығына сәйкес, өзгерістер мен толықтырулармен, сондай-ақ медициналық оңалтуды көрсетуді ұйымдастыру стандарты (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 65 Бұйрығы) шеңберінде және клиникалық хаттамаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда оңалту көмегі қалыптасу сатысында тұр, 2023 жылы қызметтерді стационарлық және амбулаториялық деңгейге бөлу жүргізілді; стационарлық қызметтер бөлінісінде онкологиялық оңалту бойынша КШТ, сондай-ақ оларды оңалту түрлеріне бөле отырып, хирургиялық, терапиялық және симптоматикалық болып қалыптастырылды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →