Бараат түні – Шағбан айының он бесінші түні
Мұсылмандар үшін ерекше саналатын Бараат түні 2024 жылы қашан және оны қалай өткізу керек, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бараат түні – Шағбан айының он бесінші түні. Биыл ол 24 ақпаннан 25 ақпанға қараған түнге түсіп тұр.
Бұл түн кешірім түні деп те аталады. Өйткені, осы түні Алла Тағала ғибадат еткендерді рақымына бөлеп, тәубесін қабыл алып, күнәларын кешіреді, мейіріміне бөлейді. Ислам ғұламалары бұл түнге «Қадыр түнінен кейінгі ең ұлық түн» деп баға берген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түнді ұйықтамай құлшылықпен өткізген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді. Олар – Тәруия, Арапа, Құрбан айт, Ораза айт және Шағбанның он бесінші түндері», – деген.
Бараат түні – періштелер жер бетіне түсіп, дұға қабыл болатын берекелі түн. Сондықтан бұл түнді Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күнәлардың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал.
Бараат түнін дұрыс қарсы алу үшін бұл түнді ұйқысыз өткізген дұрыс. Бұл түні көп ғибадат жасап, күнә істерден арылып, тәубе еткен жөн.
Бұл түні мұсылман адам өз өмірі мен жыл бойы істеген істерін електен өткізіп, ойлануы керек. Егер қателік жасағанын түсінсе, Құдайдан кешірім сұрап, оны түзетуге тырысқаны абзал. Егер біреуді ренжітсе немесе біреумен араздасып қалса, одан кешірім сұрап, достасуы керек. Егер біреуден қарыз алып, оны қайтармай жүрсе, дереу берешекті қайтарудың жолын табуы қажет.
Қасиетті Бараат түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Сол себепті әрбір мұсылман бұл түнді бағалай білуі керек. Бұл түні мүміннің жүрегінде өзге адамдарға деген ашу-ыза болмауы қажет, өзгелерді кешіріп, оларға жақсылық тілеуге тиіс.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», дейді.
Бұл күні ораза тұту – мұстахаб. Ал ораза ұстамаған адам күнәһар болмайды.
Бараат түні күндіз ораза ұстап (24 ақпан), түнін (25 ақпан) ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол.