Ерекше балаларға арналған жаңа спорт түрі
Осыдан 6 жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет бірегей балалар орталығы – «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубы ашылды. Биыл осы орталыққа алты жыл толды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар бейімделу спортымен шұғылданады. Аптасына үш күн, бір жарым сағаттан. Бәрі тегін. Балаларға арналған ерекше спортзалдың негізін қалаушы – 38 жастағы елордалық Садық Байымбетов.
Ол бұл жолы жаңа спорт түрі саналатын Arm-Bac-тан алғашқы жарыс өткізді. Arm-Back ағылшын тілінен аударғанда «қолмен тарту» деген мағынаны білдіреді. Іс жүзінде, ерекше балалардың қозғалысын реттеп, қарым-қабілетін жетілдіреді.
«Еліміздің 8 қаласынан ерекше чемпиондар келді. Бұл жолы Семей қаласы чемпион атанды. «Қазақстан халқына» қолдау қорының арқасында 8 қалада бейімдеу спорт клубы кеңейтілді», – дейді Садық Байымбетов.
Бұл іс-шараға Мәжіліс депутаттарының біразы қатысып, қолдау көрсетті. Олардың арасында Ринат Зайытов, Данияр Қасқарауов, Нартай Аралбайұлы бар.
«Бұл бастаманы бәріміз барынша қолдауымыз керек. Мен бұған дейін елордадағы ерекше балалардың жаттығу жұмыстарын өз көзіммен көзіп, арнайы мамандармен және ата-аналармен тілдесіп қайтқанмын. Бұл жолы бір топ Мәжіліс депутаттары болып, бүлдіршіндердің бірінші жарысына бардық. Ерік-жігірлерін көрдік. Жеңіске деген ұмтылысына сүйсіндік. Енді отандық мамандардың әдістемесі мен құрылғысын заңдастыруға және бүкіл әлемге таратуға мұрындық болуымыз керек. Бүгін Алғыс айту күні екен. Бұл күні 6 жыл бойы ерекше балалармен жұмыс істеп, осы саланың суығына тоңып, ыстығына күйіп, небір кедергіні еңсеріп жүрген бейімдеу орталығының мамандарына және болашақ чемпиондарға теңдессіз қолдау білдіріп жүрген ата-аналарына алғыс білдіргім келеді. Біз сіздермен біргеміз!» – деді Нартай Аралбайұлы.
«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек мұндай азаматтарды қолдау керектігін айтып, өз тілегін жеткізді.
«Ортамызда жүрген рухы мықты, жаны қайсар жандар әрқашан өмір сүруге құштарлықты арттырып, жаңа қырмен қарауға баулиды. Дәл осындай, тағдырдың тәлкегіне мойымай, болашаққа отты көздерімен анық қарайтын бүлдіршіндеріміз «Жас жауынгер» бейімдеу клубында шынығуда.
Клуб іске қосылғаннан бастап, 2018-2024 жылдар аралығында 50-ден астам бүлдіршін алғашқы қадамдарын жасаған екен. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 8 филиал қайырымдылықпен бастаған жолдарын сәтті жалғастыруда. Елорда төрінде «Жас жауынгердің» 6 жылдығына арналған ерекше турнир өтті. Турнирде еліміздегі «Arm-back» атты жаңа спорт түрінің таныстырылымы болды. Спортшы балаларымыздың жігерлері турнирде бәрін тәнті етті.
Бүгінгі Алғыс айту күнінде әлемді мейірімді әрі жарық етіп, көмек қолын созып жүрген барша азаматтарға рақметімді айтқым келеді. Ізгілік пен игі істерді жасауда қанаттарыңыз талмасын. Мереке құтты болсын!» – деді Дәулет Кәрібек.
Айта кетейік, «Жас жауынгер» бейімдеу орталығы 2020 жылы Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын жеңіп алды. Ал клубтың негізін қалаушы Садық Байымбетов «Жыл тұлғасы» номинациясында марапатқа ие болған.