×

Киіктердің ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігі ескерілмей келеді

Сәуір айынан бері құралай маусымы жүруде

Киіктердің ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігі ескерілмей келеді
Фото авторы: Тілек Бақтыгереев

Киік – кең далада топтасып өмір сүретін жануар. Мемлекет ақбөкендерді қорғау шараларын жеткілікті деңгейде жүргізіп келеді. Қазақстанда, әсіресе, Батыс Қазақстан облысында киік саны айтарлықтай өсті. Сөйте тұра киік популяциясы бойынша ветеринарлық-санитарлық қауіптің алдын алу шараларын жүйелі түрде атқару ісі ақсап жатыр. Бұл бағытта әлі күнге шешімін таппаған күрмеулі түйткілдер баршылық. Салалық ведомстволар, жергілікті атқарушы құрылымдар мен ветеринарлық-санитарлық жағдайды бақылайтын органдар өзара үйлесімді іс-қимыл жүргізе алмай отырған жайы бар. Qaz365.kz тілшісі мәселені сараптап көрді.

ҚАНША КИІК АУЛАНДЫ?

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәліметіне сүйенсек, былтырғы санақ бойынша киік саны  1 130 000 басқа дейін өскен. Ақбөкендер облыстың Жәнібек, Жаңақала, Казталов, Бөкей ордасы, Ақжайық, Тасқала аудандарын мекендейді. Қыс кезінде көрші­лес Атырау облысының Индер, Махамбет аудандарының, Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жаңақала аудан­дарының құмды алқаптарын паналай­ды. Шағын бөлігі Ресей Федерациясы­ның аумағына, Астрахан және Волгоград облыстарына барады.

Сәуір айынан бері құралай маусымы жүруде. Ақбөкендер әдеттегідей жыл сайын Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Талов, Казталов ауданының Қараоба, Қошанкөл ауылдық округтерінде төлдейді. Киік санының өсуіне байланысты былтыр Экология министрлігінің рұқсатымен киік популяциясын реттеу жұмысы жүргізілді. Лимит бойынша өңірдегі киік санының 20%-ы – 226 000 бас азайтылуға тиіс еді. Бірақ «Охотзоопром» РМҚК қадағалауымен жорыққа шыққан топтар 29 000 киікті аулап үлгерді. Алғашқы кезде кораль әдісі бойынша тормен аулау белсенді қолданылды. Кейін қарумен ату үшін аңшылар бригадалары жұмысқа тартылды. Осы тұста киік ұшаларын шалғайдан ет комбинаттары мен цехтарға жеткізу, оны уақытында сою мәселесі көптің көкейіне күмән ұялатты. Бірқатар мал соятын цехтар киік етін союға үлгере де алмай қалды. Санитарлық талаптың сақталуын қадағалау кәдімгідей босаңсыды. Инспекция басшысы Нұрлан Рахымжанов қолайсыз ауа райы, ұйымдастыру ісі бойынша тәжірибенің жоқтығы, техника жетіспеушілігі мәселесі киікті аулау маусымының ойдағыдай аяқталуына кедергі болғанын алға тартты.

Өткен күзде кораль әдісімен киік аулаған кәсіпкер Алик Кубеев процеске ветеринария саласы мүлдем араласпағанын айтты. Оның айтуынша, киік аулап жатқан бригада қасында ветеринар болуы тиіс.

«Ұсталған киікті қарап, етін пайдалануға жарамды-жарамсыз екеніне анықтама беру керек. Сойылған киік етіне ветеринар анықтамасы болмағасын, етті тасымалдау кезінде жол полициясымен мәселелер туындады. Үлкен штаб болды, бірақ арасында ветеринария болмады. Бұл іске араласпады, бастарын ала қашты. Атырау, Ақтауда ветеринария жұмыс істеді, сондықтан оларда киік еті базарларда сатылды. Ал бізде киіктің өкпе-бауырын зертханаға тап-сырғанда анықтама тауып бере алмай қиналдық. Ветеринария араласпаса, санын реттеуді жүзеге асыру қиын», – дейді кәсіпкер.

КИІК  ӨЛЕКСЕЛЕРІН  ЖИНАУҒА  КІМ  ЖАУАПТЫ?

Далада киік өлексесін жинау да даулы мәселелердің бірі. Әсіресе, ауылдық округ әкімдеріне күш түседі екен. Қызметтік міндеті бойынша округ аумағындағы санитарлық қауіпсіздіктің сақталуына әкім тікелей жауапты.

«Ауыл әкімдері қоғамдық жұмысқа алынғандарды жұмылдыра ма әлде өзі басқаратын аппарат қызметкерлерін далаға алып шыға ма? Қалай десек те әкімдіктің киік өлекселерін жинауға мұршасы келе бермейді. Осы бағытта өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмай отырғандары рас. Бірақ осы жұмысқа техника қарастыру былай тұрсын, тасымал үшін қаржы бөлу жайы мүлдем қарастырылмаған», – деген еді сол кезде облы-стық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев осы мәселе төңірегінде сұрау салғанымызда.

Ал БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов 2017 жылдан бері мекемелер бірлесіп жұмыс істейтін арнайы алгоритм бекітілгенін айтты. Оның мерзімі кезең-кезеңімен ұзартылып тұрады. Бұл құжат «Жабайы жануарлардың өлімі анықталған кезде, сондай-ақ олардың өлекселерін жоюға мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 2022-2024 жылдарға арналған өзара іс-қимыл схемасы» деп аталады. Осы схема бойынша «Охотзоопром» РМҚК-ның қызметкерлері, жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілдері, мал дәрігерлері және полиция қызметкерлері бірлесіп жұмыстануға тиіс. Киіктің неден өлгені, қай жерде өлексесі жатқаны туралы деректер тір-келіп, акт жазбасы толтырылуы керек. Аумақтық инспекция мәліметі бойынша 2022 жылы 393, 2023 жылы 1336 киік ұшасы арнайы қазылған апандарда өртелінген. 

Фото авторы: Тілек Бақтыгереев
Фото авторы: Тілек Бақтыгереев

Ал 2024 жылдың басынан бері 5371 ұша есепке алынды. Сәуір айында Бөкей ордасы ауданындағы Мұратсай ауылының жанындағы су қоймасына түскен киіктер топ-тобымен қырылып қалды.

«Құралай маусымын өткеру үшін киіктер Жәнібек ауданына беттеген. Олар жыл сайын осы су қоймасынан емін-еркін өтіп кететін. Құрғақшылық кезеңдеріне байланысты су деңгейі тізеден аспайтын. Биыл су тасқынына байланысты Мұратсай тоғанына су мо-лынан жиналды. Топ-тобымен суға түскен киіктер екінші беттегі жарқабаққа шыға алмай үйелеп қалды. Осыған байланысты «Охотзоопром» өкілдері, ауыл тұрғындары, полиция қызметкерлері және «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары бірлесе қимылдап, жедел әрекет етті. 50-ден астам адам жиналып, терең ор қазып, 5220 өлексені көмді. Осы жұмысқа 12 техника жұмылдырылды», – деді мән-жайды түсіндірген Нұрлан Сағынтайұлы.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтан сұрастыра келе, бірқатар мәселені анықтадық. Жауапты құрылымдарға жабайы жануарлар өлек-сесін жою жолын көрсететін нұсқаулық есебінде жазылған құжат бар. Оған облыс әкімінің орынбасары қол қойып, аталған схеманы бекітеді. Бірақ киік ұшаларын тасымалдау үшін арнайы дизель отыны қарастырылмайды. Олар-дың өлекселерін жинап, тасымалдау үшін тәулік бойы қадағалайтын топқа тіркемесі бар техника да берілмеген.

«Негізінен «Охотзоопром» инспекторларына жол талғамайтын аутокөліктер төңіректі барлау, броконьерлерді ұстау үшін берілген. Бірақ олар кейде киік өлекселерін «Пикаптарға» тиеп, белгіленген жерге алып барып көмеді. Ереже  бойынша киік өлексесі табылғаннан кейін бір тәулік ішінде жойылуға тиіс», – деді инспекция басшысы.

«МАЛҒА  КЕНЕ  КИІКТЕН  ЖҰҒАДЫ  ДЕГЕН  ТЕРІС  ПІКІР»

Жәнібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдрешев киіктің көбеюіне байланысты биыл да шаруалар дабыл қағып отырғанын айтты. Қожалық иелері ақбөкендер шабындықты таптайды, малға ауру жұқтырады деп қауіптенеді. Бөлім басшысы Орал обаға қарсы күрес станциясы сақ болуды ескертіп, хат жолдағанын айтты.

«Обаға қарсы күрес станциясының аса қауіпті аурулардың алдын алу және анықтау зертханасының зерттеу нәтижесі бойынша Жаңақала ауданындағы өлі ақбөкендерден алынған 340 кененің алтауынан Конго-қырым ге-моррагиялық қызба РНК қоздырғышы анықталды. Оған қоса Бөкей ордасы ауданы аумағындағы ақбөкен өлексе-лерінен 640 кене мен мүйізді ірі қарадан алынған 30 кене зерттелді. Киіктерден табылған тоғыз, ірі қарадан алынған екі кене үлгісінде жаңағы қауіпті аурудың қоздырғышы бары белгілі болды», – деді Нұрболат Әбдрешев.

Осыған байланысты мән-жайды анықтау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Орал обаға қарсы күрес станциясы» РМК басшысы Нұрбек Майқановқа хабарластық. Майқанов сауалымызға жауап беруден бас тарт-ты. Одан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспекци-ясының басшысы Мәлік Отаралиевке жолықтық.

«16 сәуір күні Бөкей ордасы ауданындағы Мұратсай су қоймасында тұншығып өл-ген киіктерден бес биосынама алып, Астанадағы орталық зертханаға жолдадық. Зерттеу нәтижесін хабарлау – сол мекеменің құзы-рында», – дегеннен басқа Мәлік Отаралиев жартымды жауап бермеді.

Осы мәселе төңірегінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевқа да телефон шалдық.  Мұстаев Орал обаға қарсы күрес станциясын нұсқады.

«Жабулы қазан жабулы күйінде қалуы» керек пе, дала жануарын бақылау қай мекеменің құзырындағы шаруа екені белгісіз болып тұр. Ал облыста киік жануарының қарқынды түрде өсіп жатқанын ескерсек, қауіпті ауру та-раған жағдайда аумақтық инспекциялар мен облыстық басқармалар басын алып қашуға даяр секілді. Жалпы жа-байы аңдар мен дала жануарының ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешенді іс-шара қабылдау – алдағы уақытта Үкімет деңгейінде көтерілетін мәселеге айналуы ғажап емес.

Фото авторы: Нұрлыбек Рахманов

«Ветеринария және биотехнология» ғылыми зерттеу орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсәттіров малға кене киіктен жұғады деген теріс пікір деді.

«Киік мүлдем жүрмеген аймақтарда да кене бар. Биыл су көп болды. Ылғал жақсы, кене де көп болады. Кене – бірнеше миллион жылдан бері экожүйенің мүшесі. Одан біз ешқашан құтыла алмаймыз. Ол қыста да, суыққа шы-дайды, үш-төрт жылға дейін де сақталады. Қазір неге көбейіп жатыр? Гидромелиоративті қызметтер жүргізілмейді. Бұрын жер жыртылды, егін болды. Қалдықтар өртелді. Қазір ол істелмейді, сосын кенелер сақталады. Кене тек киікте емес, ауыл шаруашылық малда да көп. Мал иелері оны емдеу, алдын алуды жүргізбейді. Жерден жеті қоян тапқандай видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жібереді. Ал қазір кенеге қарсы қаншама дәрі-дәрмектер бар. Тіпті біздің Оралда шығарамыз. Мал дәрігерлік аптека болмаса, қолданылған мотор майын жағу керек. Тыныс жолы бітелген кене түсіп қалады. Ең қарапайым шешім осы. Малға кене киіктен жұғады деген теріс пікір», – дейді Ғайса Ғарапұлы.

КИІК  КҮТПЕГЕН  ІНДЕТ

Киіктердің көбею динамикасына көз салсақ, 2003 жылы олардың саны қатты төмендеген. Қазақ даласында бар болғаны 21 200 киік есепке алынған. Жайық популяциясы бойынша 6,5 мың ғана киік қалған. Бірақ соңғы 43 жылда киіктердің өсу қарқыны рекордтық көрсеткішке жетті. Сөйте тұра киіктің күтпеген індеттен көрген құқайы аз емес. 1981, 1984, 1988 жылдары пастереллез ау­руынан далада жатып қалған киік мүйізін алып кеткен тұрғындар да жауапқа тартылып жатыр. Әлі күнге киік дериваттарын сақтау, тасымалдау бойынша қылмыстық істер қозғалуда.

Даладағы киік өлекселерін көміп, өртеу үшін арнайы техника қарастырылмаған. Заң аясында мыңдаған киік қырылып қалады. 22 жылдан кейін осы оқиға қайталанды. 2010 жылдың 18-28 мамыр ара-лығында Жәнібек ауданында 12 мыңнан астам киік жаппай қырылды. 2011 жылы 541 киік өлді.

Сол жылдары Орал обаға қарсы станциясы, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, мемлекеттік эпидқадағалау департаменті мен облыстық ветеринарлық инспекцияның лабораториялары зерттеу жүргізді. Киік-терден пастереллез қоздырғышының (геморрагическая септицемия) Pasteurella multocida және клостридиоз қоз-дырғышының (инфекциялық энтеротоксемия) Clostridium perfringens штамдары бөлініп алынған.

КЕСТЕ

2015 жылдың мамыр айында Бетпақдала популяциясында 150 мыңнан астам киік өлді. Бұл дүниежүзіндегі бар-лық киік санының 60%-ы деп есептелінген. Жануарлардың қырылу себебі геморрагиялық септицемия деп танылды. Геморрагиялық септицемия – пастереллездің бір түрі. Кейбір деректер бойынша 1957-1958 жылдары аусылдың тарауы 45 мың ересек киіктің және құралайларының үштен екісінің қырылуына себеп болған. Вирустық инфекция үй жануарларына да зардабын алып келген. Киіктер паразиттік патологиялардан да зардап шегуі мүмкін.

ҚОРЫТЫНДЫ

Киіктер – кең далада емін-еркін, өз бетімен, бейбіт жайылатын жануар. Аса сақ, үркек. Мамонт  дәуірінің құрдасының қорғаныш қабілеті де жақсы дамыған. Егер антропогендік фактор араласпаса, қандай індеттен қырылып қалса да, тез жетіліп, өсіп, көбейе алатынына кейінгі жылдардағы өсу динамикасы бірден-бір дәлел бола алады. Мамандар кейде өте ащы шөптерді талғап жейтінін, сол арқылы таскенеден тазаратынын да айтады. Аша тұяқтылар 17 тұқымдасқа жататын өсімдіктің 81 түрін қорек қылады. Киіктер орта есеппен 1 гектар жерден жыл бойы 11-24 келі шөп жесе, үй жануарлары 77-160 келі шөп жейтіні дәлелденген. Сондықтан олар шөпті жаппай құртып жатыр деу қисынсыз. Киіктер күй талғап жатпайды. Бір литрінде 16-18 грамм тұзы бар ащы суды да сіміріп жүре береді. Қатты ыстыққа да, аса суық ауа райына да төзімді. Осындай ерекше дала жануарын қорғау шаралары да тиімді ұйымдастырылуы керек.

Сонымен:

– Арнайы алгоритм белгіленгенімен, киік өлекселерін жинау ісінде жүйелілік жоқ. Осының салдарынан есептелініп, шаруашылық істерін атқаруға дизель отыны бөлінбейді.

– Жабайы жануар, соның ішінде киік арасында таралатын аурудың алдын алумен шұғылданатын мекеме жоқ. Әлдебір кесел тарай қалса, ешқандай ведомство жауапкершілікті мойнына алмайтыны анық. Салалық министрліктер құзіретті бөлу жайын ойластырмаған.  

– Ветеринарлар тек төрт түлікке жауапты екендерін алға тартады.  Бұл жерде мамандар мәселесі өзекті екені анық аңғарылады.

– Киіктердің биосынамасын жедел зерттейтін мекемелер аз. Қауіпті ауру қоздырғышын анықтаған кезде құзіретті мекемелер одан әрмен қандай әрекет жасайтыны туралы нақты алгоритм белгіленбеген.

– Қазіргі уақытта киікте де, малда да таскене көп екені жасырын емес. Дала зиянкестерімен күресу ісі кемшін. Шабындық, егістік, далалық алқаптарда дернәсілдерді улайтын мекемелердің жұмысын ширату қажет.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →