×

Түркістанда биыл шаршы метрі 220 мың теңгеден 800 пәтер беріледі

Салынып жатқан үйлердің құрлысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған

Түркістанда биыл шаршы метрі 220 мың теңгеден 800 пәтер беріледі
Фото: Qaz365.kz

Түркістан қаласында биыл 20 үйдің құрылысы аяқталып, 800 пәтер халыққа беріледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қала әкімдігі республиканың өзге өңірлерінен келген БАҚ өкілдерін құрлыс нысандарымен таныстырды.Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбектің айтуынша, салынып жатқан үйлердің құрлысы тамыз айында аяқталады.

Қала қонақтары алдымен Отырар мөлтек ауданындағы 5 қабатты 20 үйдің құрылыс алаңында болды.  800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үй (56,4 мың ш.м.) құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталды. Пәтерлерді нарық бағасынан төмен, яғни шаршы метрі  220 мың теңгеден несиеге ұсыну жоспарланған. 

«Мен қаланың құрлысына жауап беремін. Түркістан облыс орталығы болғалы құрлыс саласы қарқынды жүріп жатыр. Қаламызда 397 көпқабатты үй болатын болса, оның 149-ы соңғы жылдары пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 32 үйдің құрлысы жүріп жатыр. Бұл бюджет есебінен салынуда.  Біз көріп тұрған нысанда 20 үй салынып жатыр. Әрқайсысында 40 пәтерден бар. Жалпы саны – 800 пәтер. Әрбір үйдегі 40 пәтердің 20-сы үш бөлмеден. Олардың әрқайсысының көлемі  -80-85 шаршы метр. Қалған 20 пәтердің жартысы екі бөлме, жартысы бір бөлмеден», - дейді Байдулла Оразбек.

Оның айтуынша, салынып жатқан пәтерлердің құрлысы 70-80 пайызға аяқталған. Енді тамыз айында толық аяқтап, сосын абаттандыру жұмыстарына кірісеміз деп отыр.

«Пәтерлер «Отбасы банк» арқылы беріледі. Бұрын шаршы метрі 180 мыңнан болса, енді 220 мыңнан бағаланып отыр. Қазақстандағы ең төменгі баға. Қазір Түркістан қаласында 15 мыңнан астам үй кезегінде тұр. Бірақ бұл үйлер Түркістанға енді көшіп келіп, жұмысқа орналасып жатқан азаматтарға ипотекамен сатылады», - дейді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, 7 мердігер жұмыс істеп жатыр. Биыл сол 800 пәтер ипотека арқылы беріледі.

Желіде «пәтерлердің шаршы метрі арзан болғандықтан сапасы нашар емес пе» деген сұрақтар болған. Осыған қатысты қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков БАҚ өкілдерімен кездесуде жауап берді.

«Жалпы пәтердің бағасы сараптамадан шыққан кезде шаршы метрі 340 мың теңге тұрады. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы шаршы метріне 220 мың. Қалған 120 мың теңгесін облыстық әкімдік беріп отыр. Біздің «Отбасы банк» арқылы бекітілген баға бар. Одан аспауымыз керек. Сатылым бағасы 220 мың теңге. Бұл пәтерлердің сапасына еш әсер етпейді», - дейді әкім.

Айта кетейік, 2020 жылы Түркістанда 181,8 мың шаршы метр 496 пәтер пайдалануға берілген болса, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 2,3 есеге артып, 2023 жылы нақты 417,4 мың шаршы метр 3 933 пәтер ел игілігіне ұсынылды. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер 9 есеге көбейіп,  3 жылда 199 тұрғын үй, 10 767 пәтер пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласында тұрғын үй кезегіне 17 мыңға жуық азамат мұқтаж ретінде тіркелген. 2023 жылдың қорытындысымен кезекте тұрған азаматтарға 684 пәтер беріліп, жалпы 3 жылда кезекте тұрған азаматтарға 1518 пәтер кілті табысталды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →