Ақмола облысының Қосшы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрқасым Әжітайұлымен кездесу өтті. Ғасыр жасаған қарияны құттықтауға жастар, қала тұрғындары және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шара барысында майдангерге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хат табысталды. Кездесуде ардагер жастарға ақ батасын беріп, ел тыныштығының қадірін білуге шақырды.
«Біз талай қиындықты бастан өткердік. Соғыстың зардабын көрдік. Кейінгі ұрпақ ондай ауыр кезеңді көрмесін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын», – деді Нұрқасым Әжітайұлы.
Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, соғыс ардагерлерінің өмір жолы жастар үшін үлкен тағылым.
«Нұрқасым ағамызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Ол кісі сұрапыл соғыстың ортасында жүріп, елін қорғады. Осындай қиын-қыстау кезеңде жанын емес, халқын ойлаған азаматтар бүгінгі жастар үшін нағыз үлгі. Нұрқасым Әжітайұлы үлкен әулеттің ақсақалы. Ұл-қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты жан. Оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге. Сондықтан жастар арнайы келіп, осындай тұлғалардан тағылым алуы керек», - деді облыс әкімі.
Нұрқасым Әжітайұлы 1925 жылы қазіргі Абай облысының аумағында дүниеге келген. Балалық шағы елдегі ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келген. 1943 жылы әскер қатарына алынып, мергендер даярлайтын әскери мектептен өтеді. Кейін Курск шайқасына қатысып, Берлинге дейін барған. Сондай-ақ Жапонияға қарсы майданда болған.
Ардагердің ерлігі бірнеше мемлекеттік наградамен бағаланған. Ол «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков медалімен және Ұлы Жеңістің мерейтойлық марапаттарымен наградталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарына ие болған.
Соғыстан кейін Нұрқасым Әжітайұлы әртүрлі салаларда еңбек етіп, ұзақ жыл ел дамуына үлес қосты. Бүгінде ол балалары мен немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.