×

«Ешкім де ұмытылмайды»: ШҚО-да ардагерлер мен тыл еңбеккерлері құттықталып, Президенттің құттықтау хаты табысталды

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің шаңырағына барып, мерекемен құттықтады

«Ешкім де ұмытылмайды»: ШҚО-да ардагерлер мен тыл еңбеккерлері құттықталып, Президенттің құттықтау хаты табысталды
Фото: ШҚО әкімдігі

Жеңіс күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің шаңырағына барып, мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы оларға алғыс айтып, Қазақстан Республикасы Президентінің атынан арнайы құттықтау хаттарын табыстап, ел тарихының бір бөлшегіне айналған жандармен жүздесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Облыс әкімі барған жандардың бірі – тыл еңбеккері Шайкамал Есқожинова. Ол 1936 жылы Күршім ауданының Құйғанды ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық пен қиын кезеңдерге тұспа-тұс келіп, ерте есейген. Жолдасымен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың арасында ұстаздар мен медицина саласының мамандары бар. Шайкамал апа ұзақ жылдар балық зауытында еңбек еткен. Қазір оның басты байлығы – үлкен әулеті. Ол 17 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Ана еңбегі үшін «Алтын алқа» алқасымен марапатталған.

Сонымен қатар облыс әкімі Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Яковлевич Головатюктің үйіне барды. 98 жастағы қария бүгінде ерлік пен қайсарлықтың символына айналған. Соғыс жылдары жасөспірім кезінде Иркутскіден Байкалға дейінгі тайга арқылы теміржол құрылысына қатысқан. Кейін әскер қатарына шақырылып, милитаристік Жапонияға қарсы Манчжур операциясына қатысқан. Соғыстан кейін 30 жылдан астам уақыт қорғасын-мырыш комбинатында балқытушы болып еңбек етті. Ерен еңбегі мен жауынгерлік ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталып, «Құрметті металлург» атағына ие болған.

Мерекелік лебіз Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Еремеевич Стрехоға да арналды. Биыл ол 100 жасқа толды. Оның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің айқын үлгісі. Майданға 17 жасында аттанып, Кёнигсбергті азат ету шайқастарына қатысқан. ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған.

Кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов Жеңіс буынының ерлігі ел тарихында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Біз Жеңіс буынына әрдайым тағзым етеміз. Сіздердің ерліктеріңіз бен табанды еңбектеріңіздің арқасында бүгін бейбіт елде өмір сүріп отырмыз. Ардагерлердің өмір жолы мен естеліктері – кейінгі ұрпаққа аманат болатын асыл мұра, — деді облыс әкімі.

Ардагерлер соғыс және соғыстан кейінгі жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, бастан өткерген қиындықтарды еске алды. Сондай-ақ бүгінгі күні бейбітшілік пен бірліктің қадірін сақтау аса маңызды екенін айтты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ардагердің ерлігі бірнеше мемлекеттік наградамен бағаланған
Сондай-ақ қазақ батырлары туралы театрландырылған қойылымдар мен патриоттық хореографиялық композициялар ұсынылды
Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →