Халықты иммундау шараларының іске асырылу барысы айтылды
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде алты айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оған департаменттің барлық құрылымдық бөлімшелері мен қалалық, аудандық басқармаларының басшылары қатысты. Бірінші болып инфекциялық, паразиттік және аса қауіпті инфекциялардың эпидемиологиялық ахуалы сөз болды.
Департамент басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов өз баяндамасында бірқатар нозологиялар бойынша аурушаңдық көрсеткіштерінің төмендегенін, сондай-ақ кей түрлері бойынша өсу тенденциясының байқалғандығын, оның себеп-салдарына тоқталды. Халықты иммундау шараларының іске асырылу барысын мәлімдеді.
Түркістан облысы бойынша жыл басынан бері халықтың санитариялық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы талаптарға сәйкестігі бойынша 213 нысан тексерілген. Бұзушылық анықталған объектілерге жалпы 61 млн аса айыппұл салынды.
Ал облыс бойынша соңғы алты айда COVID-19 6,6 есеге, бруцеллез 2 жағдайға, эхинококкоз 26,6 пайызға төмендесе, оба, дифтерия, полиомиелит, туляремия, тырысқақ, сіреспе, паратиф, сібір жарасы, құтыру сынды инфекциялық және паразиттік аурулары тіркелген жоқ.
Мәжіліс соңында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша іс-шараларды күшейту және сыбайлас-жемқорлық тәуекелдерінің алдын-алу, мемлекеттік қызметшілердің этикасы, нысандарға бармай бақылау мен СЭҚ беруге қатысты жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылуы керектігі тапсырылды.