Науқас адам эпидемия кезінде адамдармен байланысты мүмкіндігінше азайтуы қажет.
Түркістан облысында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 инфекцияларының эпид маусымында асқынуларға жол бермеу үшін 2024 жылдың 1 қазанына дейін тұмауға қарсы вакцинациялау жүргізеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы ретте Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов түркістандықтарды маусымдық тұмау сырқаттанушылығынан сақтануға шақырды. Сонымен қатар, инфекциялы вирусты жіті респираторық вирусты ауру, науқас адамнан дені сау адамға ауа – тамшылы жолдармен жұғатындығын жеткізді.
«ЖРВИ мен тұмау аурулары жас талғамайды, барлық адамның ауруға шалдығуы мүмкін. Ауру әлсіздік, қатты бас ауру, қалтырау, ауру ағымына қарай дене қызуының 38 - 40С көтерілуімен білінеді. Сондай-ақ, бұлшықет пен буындардың ауру сезімі, көздің жасаурауы, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, тершеңдік, құрғақ жөтел пайда болады. Аурудың ұзақтығы 5 күннен 10 күнге дейін созылады. Тұмаудың салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы- тұмауға қарсы жыл сайын екпе алу, өйткені вирустар өзгергіш келеді. Сондықтан вакциналардың құрамы ғылыми болжамдарға сәйкес жаңа маусымға дайындалып отырады» ,- деді Бахтыораз Елемесов.
Айта кетсек, науқас адам эпидемия кезінде адамдармен байланысты мүмкіндігінше азайтуы қажет. Сонымен қатар, бетперде тағып, қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы ерітіндімен жуу керек. Бұдан бөлек, бөлмені, үйді жиі желдетіп, таза ауада серуендеу, денешынықтырумен және спортпен айналысуы керек. Ең маңыздысы дұрыс толыққанды тамақтанып, витаминді тағамдарды пайдалану қажет.