×

Талай рет бокспен қош айтысқым келген - әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов

Ол ендігі Париж Олимпиадасына дайындалатынын жеткізді

Талай рет бокспен қош айтысқым келген - әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов
bassport.kz

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 29 жасында әлем чемпионы атанды. Бұған дейін жамбылдық боксшының жолында кедергілер аз болған жоқ. Бірнеше жыл бойы Абылайхан Жүсіповтің көлеңкесінде қалған оның жұлдызды сәті енді туғандай. Асланбек соңғы жылдары құраманың капитаны міндетін атқарып, былтырғы Азия біріншілігінде топ жарды. Ташкенттегі жеңіс тұғырынан түскен бойда ол талай рет бокспен қоштасқысы келгенін айтып, жеңісін барша қазақ еліне арнады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Bassport.kz-ке сілтеме жасап.

- Асланбек, чемпиондық атақ құтты болсын. Төреші финалдан соң қарсыластың қолын көтеріп, бізді әбден састырды. Бұл жағдай сізге қалай әсер етті?

- Көп рахмет! Қатты қуанып тұрмын. Төреші қарсыластың қолын көтергенде еш саспадым. Өйткені, рингтегі хабарлаушының «red corner», яғни, қызыл бұрыш деп айтқанын түсіндім. Жеңіске жеткенімді бірден білдім.

- Өзбек боксшысын өз жерінде, әсіресе, финалда жеңу қаншалықты қиын болды?

- Бірден айтайын, тек финал емес, барлық жекпе-жегім ауыр өтті. Ешнәрсе маған оңайлықпен келген жоқ. Қарсыласым лас бокстасты деп айтып жатқандар бар. Қандай бокс көрсетсек те, жеңіс менікі. Чемпион атандым. Қатты қуанып тұрмын. Сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Енді елге барып, жекпе-жектерімді қарап шығамын. Қандай қате кеткенін бапкеріммен бірге саралайтын боламыз.

- 29 жасыңызда алғаш рет әлем чемпионы атанып отырсыз. Бұл жеңісті кімге арнайсыз?

- Әрине, барша жанкүйерге, қазақ еліне арнаймын. Ташкентке қолдау білдіруге келген қазақтардан бөлек, теледидар артында тақым қысып отырған қаншама көрермен бар. Бәріне бас иіп, алғыс айтамын. Сондай-ақ, чемпион атанған күнім қызымның туған күніне сәйкес келіп жатыр. Қызым алтыға толды. Перзентіме осындай сый жасағаныма да қуанып тұрмын. Қазақ елінің, барша жанкүйердің, ата-анамның үмітін ақтадым. Осыдан артық бақ бар ма?!

- Асланбек, ұлттық құрамада жүргеніңізге көп болды. Бірақ жарқын жеңіс сізге көпке дейін бұйырған жоқ. Қаншама кедергілер кездесті. Сондай сәттерде әрі қарай да жұдырықтасу үшін күшті қайдан алдыңыз?

 - Қалай айтсам екен?! Талай рет қолымды бір сілтегім келген кездер болды. Бірақ жаттықтырушыммен ақылдасып, бүгінге дейін шаршы алаңнан кетпедім. 2021 жылғы Сербиядағы әлем біріншілігіне дайындалдық. Одан Сербия сәтсіз болды. Тағы да қолды сілтегім келді. Бірақ алда Азия чемпионаты келе жатыр еді, сонда бақ сынайын деп шешім. Амманда Азия чемпионы атандым. Бұл жеңіс тағы да үміт сыйлап, Ташкентке дейін тынбай жаттығуға бел будым. Міне, нәтижесін көріп отырсыздар. Бұл - спорт. Спортта оңай жол жоқ. 

- Ендігі мақсат Олимпиада ғой?

- Бұйырса, біраз ентігімді басып, Париж Олимпиадасының жолдамасын алу үшін дайындықты бастаймын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Абай облысында футболшылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызуға қатысты
Кеше, 12:34

Абай облысында футболшылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызуға қатысты

Акцияның мақсаты – өңірлердің экологиялық жағдайын жақсартуға ел халқын біріктіру.
Жартылай марафонға 18 жастан асқандар қатысты
Ол финалда украиналық Марта Костюкті 6:2, 6:2 есебімен жеңіп, осы маусымда үшінші турнирде жеңіске жетті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →