70-ке жуық жас спортшы қатысқан чемпионат
Алматы облысы Талғар ауданында тоғызқұмалақ спортынан жастар мен жасөспірімдер арасында жекелей чемпионат өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жарысқа облыстың жеті ауданы мен Қонаев қаласынан 70-ке жуық жас спортшы қатысып, өзара үздікті анықтады. Облыстық чемпионатта жастар тоғызқұмалақ спортының классика және блиц түрлерінен бақ сынады. Алғашқы үш орынды иеленген жүлдегерлер наурыз айында Өскемен қаласында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды. Жарыс жеңімпаздары арнайы медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл жолғы чемпионат мүлде басқа сипат алды. Себебі ұйымдастыру шаралары да, өту барысы да, марапаттау салтанаты да жоғары деңгейде өтті. Соңғы уақытта ұлттық құндылық саналатын тоғызқұмалақ спортын қолдау күшейген. Чемпионатқа Medialab.kz коммуникация агенттігі, Гульжан Тусибиянова басқаратын ArtProduction орталығы және отандық компьютер құрастырушы @qazaqtechnology компаниясы демеушілік жасады. Qaz365.kz ақпарат агенттігі бастаған бірнеше ақпарат құралы ақпараттық қолдау білдірді.
Тоғызқұмалақ спорты Алматы облыстық федерациясының президенті Жарас Ниязбектің айтуынша, ұлттық спорт бұдан кейін басқаша даму жолына түспекші.
«Бұл – тек спорт емес, ақыл-ойды, зейінді дамытатын нағыз зияткерлік ойын. Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық мақтанышы. Жуырда Астана қаласында Тоғызқұмалақ спортының жоғарғы кеңесінің жиыны өтті. Онда осы ұлттық құндылықты дамыту мақсатында қамқоршылар кеңесі құрылды. Осы жылы қыркүйек айында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтпекші. Зияткерлік ойындар қатарында тоғызқұмалақ бар. Әлемнің 50 елінен спортшы бақ сынамақ. Әр аймақта сол әлемдік додаға дайындық белсенді түрде басталып кетті», – дейді Жарас Ергөбекұлы.
Бүгінде әр аймақта тоғызқұмалақты мектептерде дене шынықтыру пәні мұғалімдері қосымша пән ретінде оқытады. Кейбір өңірлерде тоғызқұмалақ орталықтары, мектептері ашылып, аталған спортты дамыту жолға қойылған.