Елімізде спортпен айналысатындардың саны жылдан-жылға артып келеді
«Сұлулық әлемді құтқарады». Бұл сөзді басқа-басқа емес, Достоевскийдің өзі айтқан. Әдемілікті жақсы көрмейтін адам кемде-кем шығар. Сұлулықтың кепілі спорт деп те айтып жатамыз. Ендеше, 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесінде ел намысын асқақтатқан спортшы қыздарымыздың жан дүниесіне басқаша қырынан үңіліп көруді жөн санадық.
Елімізде спортпен айналысатындардың саны жылдан-жылға артып келеді. Оның ішінде нәзік жанды аруларымыз да жетерлік. Арасында әлем, Азия чемпионаттарында топ жарып жүргендері де бар.
Абиба Әбужақынова
Қазіргі қазақ дзюдосы дегенде бірден еске түсетін есім Абиба Әбужақынова болып тұр. Соңғы 1,5 жылда спортшы біраз белесті бағындырып үлгерді. Екі бірдей әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жетті. Біреуінде қола жүлде алды. Азия ойындарында күміс медальға қол жеткізді. Бірнеше әлемдік гран-при, гранд-слэм жарыстарында топ жарды. Биылдың өзінде үш жарыста тұғыр сатысына көтерілді.
Абиба Әбужақынова 1997 жылғы 7 шілдеде Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Табақсай ауылында дүниеге келген. Анасы бала кезінде көркем гимнастикаға берген. Бір жылдан кейін дзюдоға ауысыпты. Әу баста әке-шешесі бұл таңдауын құптамады. «Қыз балаға алысып-жұлысу жараспайды. Бір жеріңді зақымдап аласың», – деп қарсылық білдірген. Табиғатынан бірбеткей Абиба бұл таңдауынан қайтпайды. Кейіннен жалғыз өзі Алматыға кетіп, республикалық спорт колледжіне түсті. Осыдан бастап түрлі жарыстарда бақ сынап келеді.
Абибаның анасы Гүлзинат Ақберова 25 жыл педагог болған. Әкесі құрылысшы.
Жәмилә Бақбергенова
Жәмилә Бақбергенова 1996 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Мамандығы – заңгер. Оның сыңары Мәдина да спортта бірталай жетістіктерге жеткен. Азия чемпионы, Ислам ойындарының күміс жүлдегері. Мәдина тұрмыс құрған, екі бала тәрбиелеп отыр. Күйеуі Нұрсұлтан Теміров осы күні екі қызды өзі жаттықтырады.
Жәмилә үш жыл қатарынан әлем чемпионатында жүлде алды. Екі рет күміс, бір қола медальға қол жеткізді. Ендігі арманы – Олимпиаданың биік тұғырынан көріну.
Назым Қызайбай
Боксты ерлердің спорты деп жатамыз ғой. Бірақ соңғы жылдары спорттың бұл түрімен айналысып жүрген қыздардың қарасы көбейіп келеді. 2012 жылы Олимпиада бағдарламасына да енді. Тұманды Альбиондағы Марина Вольнованың қола жүлдесін де ұмытқан жоқпыз. Одан кейін Дариға Шәкімова 2016 жылы Рио Олимпиадасында қола жүлде еншіледі. Дегенмен қазақ қыздарының арасынан алғаш болып, бокстан әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай болды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында 21 жастағы жерлесіміз қарсылас шыдатпаған еді.
Назым Алматы облысының Жетіген ауылында дүниеге келген. Отбасында алты бала бар. Алматының «Шаңырақ» ықшам ауданындағы «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде» жаттыққан. Алғашқы жарысына да көп уақыт өтпей қатысады. Ең ірі жарысы жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде 44 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанады. Арада көп уақыт өтпей 46 келі салмақ дәрежесінде ересектер арасындағы чемпионатты да ұтады. 2012 жылы әлем чемпионатында қола, 2014 жылы алтын алды. Кейіннен бұл жетістігін 2016 жылы қайталады.
Спорттан бөлек жарнамаға да түсіп жүр.
«Менің жетістігімнің құпиясы мынада – мен әдеттегі жолмен жүрмедім. Мен өз таңдауымды жасап, арманымның жетегіне ердім. Менің әрбір жаңа күресім – бірінші кезекте көлеңкемен, өзіммен жекпе-жек болып саналады. Әр жеңістің артында қарқынды жаттығулар мен өзімді ұдайы дамыту тұр», – дейді чемпион қыз.
Бибісара Асаубаева
Екі дүркін әлем чемпионы атану кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл белесті шахматтағы Бибісара Асаубаева бағындырды. Ол 2021 жылы желтоқсан айының соңында алғаш рет жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионы атанған. Польшаның Варшава қаласындағы жетістігін 2022 жылы Алматыда да қайталай алды. Отандасымыз екі дүркін чемпион болды.
Бибісара Асаубаева 2004 жылы 26 ақпанда Таразда дүниеге келген. Төрт жасынан бастап шахмат ережелерін өз бетінше меңгере бастады. Асаубаева мектеп қабырғасында жүргенде Тараз қалалық Жастар сарайында секцияға қатысты.
Шахматты төрт жасында үйренген. «Алғаш шахмат үйірмесіне барғанымда менен басқаның бәрі үлкен еді. Жеті жастағы ұлдармен ойнап жүрдім. Алғашқы үш ай бойы тек жеңіліп жүрдім. Үйге жылап келетінмін. Анам сол кезде «мүмкін қажет емес шығар, осымен тоқтарсың» дейтін. Сосын арада 3 ай өткенде алғашқы жеңісіме қол жеткіздім. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді Бибісара.
Мариан Ордабаева
Бокс секілді күрес те ерлердің спорты болып саналады. Жанкүйер қауымның кейбірі жекпе-жек түрлерімен айналысатын қыздарға басқаша көзбен қарайды. Дегенмен бұл стереотипке сәйкес келмейтін, нәзіктігі мен ғажайып сұлулығын сақтаған арулар да бар. Солардың бірі дзюдошы Мариан Ордабаева десе болады. Мариан – екі дүркін Қазақстан чемпионы. Әлем және Еуропа кубогының жүлдегері. Азия чемпионы. Қазақстан Республикасының спорт шебері. Инчхонда өткен жазғы Азия ойындары мен Кувейттегі Азия чемпионатында қола жүлде алған. Әлемдік Гран-при турнирінде үш рет үздік үштіктен көрінген балуан (Алматы – 2013, Ташкент – 2013, Ұлан-Батор – 2014).
«Бұрынғы уақытпен салыстырғанда қазіргі кезде көптеген өзгеріс бар. Бірнеше аспектілер бойынша қыздар бүгінгі заманның талабына сай өмір сүруде деп ойлаймын. Дегенмен біз өзіміздің нәзіктігіміз бен сұлулығымызды сақтап, ер-азаматтардың алдында әрқашан әдемі болып көрінуіміз керек», – дейді спортшы қыз.
Мариан мереке күні жаттығу мен жарыстан қолы қалт ете қалса, туысқандарының қасында болғанды қалайды екен.
«Сегізінші наурыз күні гүлімді алып, бірінші кезекте анам мен әжемді құттықтаймын. Қастарында болып, емен-жарқын әңгімелесіп, қуантуға тырысамын», – дейді.
Сұлу қызға гүл берушілер көп болатыны белгілі ғой. Ордабаева шын жүректен берілген кез келген гүлді ала беретінін де айтты.
«Белгілі бір нақты осы гүлді ұнатамын деп айта алмаймын. Шын жүректен сыйланған кез келген гүлді қуана-қуана ала беремін. Өзім үйде гүл өсіремін. Антуриум және Спатифиллум деген гүлім бар. Яғни антуриум деген әйел бақыты, спатифиллум ер адамдардың бақыты дегенді білдіреді. Сондай-ақ архидея мен кактус өсіремін. Себебі мен үйде көп бола бермеймін. Кактус шыдамды. Оған күнде су құюдың қажеті жоқ.
Ол жаттығу мен жарыстардан қолы қалт еткенде табиғатта серуендегенді ұнатады.
«Табиғатты өте жақсы көремін. Әсіресе, таулы жерді ұнатамын. Шаңғымен сырғанау, балық аулау – менің ең сүйікті хоббиім. Әрине, уақыт өте тапшы. Бірақ мүмкіндік бола қалса, пайдалануға тырысамын», – дейді балуан қыз.
Мариан бала күнінде өлең де жазыпты. «Жас кезімде гимнастикамен айналысқанмын. Сурет үйірмесіне барған кезім де болған. Өлең жазатынымды көп адам біле бермейді. Каратэмен де шұғылданғанмын. Үйірмелерге барып жүріп таңдауым жапондардың күресіне түсті», – дейді ол.
Еліміздегі ең әдемі спортшы қыздардың бірі саналатын Марианның өзін қалай күтетіні де оқырман қауымға қызық болар.
«Бірінші кезекте бет-әлпетімнің осындай әдемі болғаны үшін ата-анама рақмет айтамын. Опа-далапты қолдана бермеймін. Шынын айтқанда, бетімді әрлеп мейкап жаққаннан гөрі лейкопластырь қолдануым жиірек», – дейді ол.
Жанбота Алдабергенова
Түркістан облысында Жанбота Алдабергенова деген спортшы қызымыз бар. Жақында Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткен фристайл спортынан әлем кубогының кезеңінде күміс жүлдеге қол жеткізді. Алты ай қыс жататын солтүстік пен шығыс емес, оңтүстік өңірден де қысқы спорттың шебері шығуы спорт жанкүйерлері үшін жаңалық болғаны рас.
Осыдан 10 жыл бұрын Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтыншы орын алды. Әзірге ақ Олимпиада ойындарында қазақ қыздарының ішінде ең жоғары нәтиже көрсеткен де осы Жанбота болып тұр. Басқа да атақтары да бар.
Қызықты әрі қауіпті спорт түрін таңдауын Жанбота бала кезден биіктікке секіруді жақсы көретінімен байланыстырады. Фристайл шеберлерінің елімізде көптеп шығуы үшін спорттық медицинаны дамыту қажет дейді. Елімізде бұл спорт түріне арналған жаттығу базалары аз көрінеді. Сондықтан спортшылар шетел асып жатады екен.
Жанбота жаттығу мен жарыстардан қолы босағанда көркем әдебиет оқығанды ұнатады. Сүйікті жазушысы ретінде орыс әдебиетінің классиктері Александр Пушкин мен Михаил Лермонтовты атады. Сондай-ақ ағылшын тілін толық, терең меңгеруді армандайды. Сол себепті тіл үйренуге де уақыт бөліп тұрады екен. Шыны керек, қазақ спортшылары тіл жағынан көп жағдайда ақсап жатады. Алдабергенованың бұл сөзін естігенде кәдімгідей қуанып қалдық.
Жанбота көпбалалы отбасыдан шыққан. Отбасында алты бала бар. Қазіргі кезде Жанбота Шымкент қаласындағы №8 қысқы спорт түрлері мектебінде жаттығады.