×

Астанада боччадан республикалық турнир өтті

Бочча – тірек-қимылы қатты зақымданған адамдар үшін паралимпиялық спорт түрі

Астанада боччадан республикалық турнир өтті

Астанада бочча федерациясының бірінші президенті және Паралимпиадалық осы спорт түрінен алғашқы жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған жарыс өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, рухы асқақ, жігері мықты, мақсаты айқын адамдарға арналғаны сөзсіз. Соңғы жылдарда елімізде бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. 

Бұл жолы Қазақстанның 8 өңірінен келген параспортшылар «Аспан» спорт кешенінде бақ сынады. Сұлтанбек Орынбасаров елімізде бочча спортының негізін қалаушылардың бірі. Ол небәрі 23 жасында өмірден озды. Жас болса да спорттың осы түрін елде дамытуға өлшеусіз үлес қосқан. Еске алу турнирі екінші рет ұйымдастырылды.

Қазіргі кезде осы спорт түрінен федерация басшысы қызметін атқаратын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларды турнирдің жоғары деңгейде өтуімен құттықтай келіп, Сұлтанбек Орынбасаровтың Қазақстанда бочча спортының қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңіргенін атап өтті.

Ол сонымен қатар өткен үш жылдың ішінде елімізде аталған спортқа деген қызығушылардың қатары айтарлықтай артқанына назар аударды.

«Алғаш рет, яғни 2021 жылы сайысқа еліміздің 6 өңірінен келген 30 спортшы қатысқан. Ал, бұл жолы 10 өңірдің намысын қорғаған 70 спортшы бақ сынады. Мұндай үрдіс инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығын және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қауымдастықтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді», - деді федерация президенті.

Сондай-ақ ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келе жатқанын айтты. Осыған байланысты елде кедергісіз орта қалыптастыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Берік институционалдық негіз қалыптасып, еліміздің ірі қалаларында бочча спортының үйірме-филиалдары ашылуда.

«Жүйелі жаттығулар параспортшыны одан әрі шыңдап, олардың төзімділігін арттырып, рухын қайрайды. Әр адам өзінің бойындағы осындай қасиеттерді күнделікті жетілдіріп, дамытып отыруы қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келеді. Бұл – біздің мемлекетіміз бен қоғамның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ осы мәселе Парламенттің де айрықша назарында», – деді Мәулен Әшімбаев.