Әлеуметтік желілерде бапкердің қатысуымен видео тараған еді
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов Алматыда Словения құрамасымен ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында қазақша қойылған сұрақты келеке еткен ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке қатысты шара қолданылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін Туризм және спорт министрлігінің басшылығы интернетте тараған видеоға қатысты федерациядан ресми түсініктеме беруді талап еткен болатын. Видеода Черчесов қазақ тілін қорлайтын мәлімдемелер жасаған. Жаттықтырушыға мемлекеттік тілді құрметтеу қажеттілігіне байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы видео тарады. Осыған қатысты Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат та жолдаған еді.
«Федерация басшылығы Черчесовке айыппұл салдық деп отырмын. Әрине, Черчесовтің қалжыңы шектен шықты. Мен оған мемлекеттік тілдің өзектілігін түсіндірдім. Станислав Черчесовке айыппұл салынды», – деді Бәрменқұлов.
Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.