Қызылорда облысында кәсіпкерлер көлемді айыппұл төлеуге мәжбүр

Qaz365.kz редакциясы

Жеті кәсіпкерге 82,8 млн теңге айыппұл салынған

Ашық дереккөздерден

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына 7 кәсіпкер жүгінді. Оларға 82,8 млн теңге айыппұл салынған. Бұдан бөлек өңірде тағы 77 кәсіпкерге айыппұл салынған, тек көлемі әзірге белгісіз, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Қызылордада сауда саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуші ретінде уақытылы тіркелмегендіктен көлемді айыппұл төлеуге мәжбүр.

Мемлекеттік кірістер органынан ескертпе хабарламасын алғандардың бірі жеке кәсіпкер Рәзия Шаймағамбетова.

«Мен алтын бұйымдарын қарызға алып сатамын. Былтыр желтоқсанда 4,3 млн теңге айыппұл салды. Ол ақшаны жедел несие алып, жаптым. Енді биыл сәуірде 920 мың теңгеге және қосымша 27 млн теңгеге хабарлама келіп тұр. Оны төлеуге үш ай мерзім ғана беріп отыр. Оны қалай жабамын? Мұндай көлемде маған несие де бермейді ғой», – деді Рәзия Шаймағанбетова Кәсіпкерлер палатасына жазған өтінішінде.

Осындай проблеманы Қармақшы ауданының кәсіпкері Бағила Несіпбаева да айтты. Ол Кәсіпкерлер палатасының алаңында мемлекеттік кірістер органы мамандарының қатысуымен өткен ашық есік күніне онлайн қосылды.

«Жолдасым екеуміз саудамен айналысамыз. Шүкір, салық және өзге де міндеттемелерді уақытылы төлеп келеміз. 2021 жылы қарашада салықтың маманы шақырып алып, айналым қаражаты межеге жетіп қалғанын ескертіп, үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге (ТИС) өтуге кеңес берді. Өттік. Соңғы екі жылда осы жүйе бойынша барлық міндеттемені өтеп келеміз. Салықтың мамандары биыл қаңтарда қайта шақырып, қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелуімізді сұрады және соңғы екі жылға 25,7 млн теңге айыппұл салды. Біз маман емеспіз. Бухгалтер ұстап отыруға жағдайымыз келе бермейді. Сол үшін салықтың мамандарымен кеңесіп отырамыз. Ал нәтижесі мынадай? Ол ақшаны қайдан аламыз? Осы оқиғадан кейін жолдасым ауруханада жатыр», – деді шарада Бағила Несіпбаева.

Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Салтанат Ержанова бүгінге дейін 84 кәсіпкерге осындай мотивпен айыппұл салынғанын атап өтті.