Әлемге әйгілі американдық рэпер Эминем мен колумбиялық поп-жұлдыз Шакира Қазақстанда концерт беретінін растады. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің №5 комиссиясының отырысында «Спорттық құрылыстар дирекциясы» ЖШС бас директоры Есет Байтасов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әртістердің өнер көрсетуі олардың Орталық Азия елдері бойынша туры аясында жоспарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, қос жұлдыздың концерті 2026 жылы Алматының Орталық стадионында өтеді. Қазіргі уақытта тараптар іс-шараның нақты күндерін және техникалық талаптарын (райдерлерін) талқылап жатыр.
Айта кетерлігі, 2026 жылы Орталық стадионда футбол алаңы мен жеңіл атлетика жолдарының төсемін жаңарту жұмыстары да көзделген. Дирекция басшылығы ауқымды жөндеу жұмыстары мен халықаралық деңгейдегі концерттердің қалай қатар өтетінін әзірге нақтылаған жоқ.
Орталық стадион бұған дейін инфрақұрылымның ескіруіне және спорттық ойындар мен мәдени шараларды бірлестірудегі қиындықтарға байланысты бірнеше рет сынға ұшыраған болатын. Дегенмен, әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың келуі қаланың туристік әлеуетін арттырып, мегаполистің мәдени өміріне үлкен серпін береді деп күтілуде.