Алматы қаласында ұстаздарды аттестаттау 14 сәуірден басталады. Бұл туралы қалалық Білім басқармасына қарасты Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Биыл «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілік санаттарына үміткер ұстаздардың құжаттары 14 сәуірден бастап «Ұстаз» кәсіби даму ұлттық платформасы арқылы қабылданады. Ал өзге санаттағы мұғалімдер 15 сәуірден бастап құжаттарын электронды үкіметтің eGov.kz порталы арқылы тапсыра алады.
Сондай-ақ алғаш рет аттестаттауға қатысатын мұғалімдер үшін білімін бағалау тестілеуі 16–27 сәуір аралығында өтеді. Тестке тіркелу 14 сәуірде басталған. Бұдан бөлек, педагогикалық білімі бар, бірақ еңбек өтілі жоқ немесе педагогикалық қызметке қайта оралғысы келетін азаматтар үшін тестілеу ай сайын ұйымдастырылып отырады.
Құзырлы мекеме білім беру ұйымдарының басшыларына аталған ақпаратты ұстаздарға дер кезінде жеткізіп, құжаттардың толық әрі уақытында тапсырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, 14 сәуір күні сағат 10:00-де аттестаттау тәртібі бойынша онлайн түсіндіру жұмысы өтеді.
Еске сала кетсек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында педагогтердің біліктілік тестіне қатысты талаптардың өзгергенін мәлімдеген еді.