Депутат студенттерді құбылмалы әлемге бейімдеу қажет екенін айтты
Депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда білім беру жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz
Оның айтуынша, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы дәстүрлі білім беру моделінің жеткіліксіз екенін көрсетті. Әсіресе, ChatGPT іске қосылғаннан кейін бұл өзгерістер айқын байқала бастаған.
«Бұрын білім беру логикасы түсінікті еді: адамға білім мен дағды берсең, ол жұмыс табады. Ал қазір жасанды интеллект мұндай тапсырмаларды тез әрі тиімді орындайды. Сондықтан бұл модель өзектілігін жоғалтып барады», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп жатыр. Халықаралық бағалауларға сәйкес, жұмыс орындарының шамамен 40 пайызы жасанды интеллекттің ықпалына ұшыраған. Әсіресе, заңгер, аудармашы, бухгалтер секілді мамандықтар үлкен трансформация алдында тұр.
Аймағамбетов жоғары оқу орындарының міндеті енді тек маман даярлау емес, студенттерді құбылмалы әлемге бейімдеу екенін атап өтті.
«Университеттер тапшы мамандықтарға ғана көңіл бөлмей, іргелі және гуманитарлық білімді күшейтуі керек. Себебі сыни ойлау мен кеңінен талдай білу – жасанды интеллект орындай алмайтын қабілеттер», – деді ол.
Сондай-ақ, ол гранттарды бөлу жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда сұранысы жоғары мамандықтардың бірқатары болашақта өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Ал нақты секторда кадр тапшылығы байқалады.
Бұдан бөлек, білім беру бағдарламалары мен кәсіби стандарттардың ескіргені де сөз болды. Аймағамбетовтің айтуынша, көптеген оқу бағдарламалары ресми түрде талаптарға сай болғанымен, қазіргі еңбек нарығына толық сәйкес келмейді.
«Егер жасанды интеллект оқу бағдарламаларының өзегіне айналмаса, біз тек сыртқы өзгерістермен шектеліп қаламыз. Бұл жағдайда түлектер бәсекеге қабілетсіз болуы мүмкін», – деді ол.
Сонымен қатар, оқытушылардың жұмысы да көп екені де өзекті мәселе ретінде аталды. Бұл олардың жаңа технологияларды меңгеруіне кедергі келтіріп жатыр.
Асхат Аймағамбетов қазіргі жағдайда білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, енді жастарға нақты бір мамандық емес, өмір бойы білім алуға қабілет қалыптастыруды мақсат ету қажет.
Еске сала кетсек, бұған дейін, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығына барып, еліміздегі цифрлық даму бағытындағы бірқатар ірі жобалардың іске қосу шарасына қатысты.