Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде пәтерден өрт шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыстық «112» пультіне 9 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатында орналасқан көршілес екі екі бөлмелі пәтерде өрт болғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар баспалдақ арқылы 25 адамды эвакуациялады. Олардың 18-і ересек, жетеуі бала. Сонымен қатар тағы 20 адам, оның ішінде бес бала өз бетінше сыртқа шыққан.
Өрт сөндіру бөлімшелері жоғары шақыру дәрежесі бойынша жұмыс істеп, тілсіз жаудың басқа пәтерлерге таралуына жол бермеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.