Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қорлаған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы
Алматыдағы орталық мемлекеттік архив

Қазақстанда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушылардың даңқына тіл тигізіп, қорлаған азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

Күдікті ретінде танылған П. есімді азаматша ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Оқиғаға Threads әлеуметтік желісіндегі Виолетта Паршина есімді қолданушының жазбасы себеп болған. Ол 1986 жылғы Алматыдағы трагедиялық оқиғаларға қатысушылар туралы посттың астына ұлттық намысқа тиетін ауыр балағат сөздер жазған. Бұл пікір қазақстандықтар арасында үлкен наразылық тудырып, желі қолданушылары құзырлы органдардан шара қолдануды талап етті.

Қазіргі уақытта күдіктінің әрекетіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріліп жатыр. Полиция департаменті істің егжей-тегжейін нақтылау үстінде.

Айта кетейік, Қазақстанда 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні дәл осы Желтоқсан оқиғаларына байланысты атап өтіледі. Бұл дата ел тарихындағы ұлттық бостандық жолындағы күрестің символы ретінде ерекше қастерленеді.