«Кальканың бәрі тілдің жауы емес»: Анар Фазылжан қазақ тілін цифрландырудың маңызы жайлы сұхбат берді

Қарғалдақ

Қазіргі дамыған заманда ғалымдар қазақ тілін дамыту үшін қандай еңбектер атқарып жатыр?

Коллаж: Qaz365.kz

Қазақ тілін цифрландыру техникалық қана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі емес пе? Лингвистикалық жүйе бойынша, қазақ тілінің бүгінгі ахуалын қалай бағалауға болады? Қазіргі таңда қазақ тілінің барынша тұнық болуы, калькадан арылуы қаншалықты өзекті?

Qaz365.kz тілшісі филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжанмен осы турасында сұхбаттасты.

…Келер ұрпақ алдында жауап береміз

– Адамзат шынайы әлеммен қатар виртуалды кеңістікте өмір сүріп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілін цифрландыру техникалық қана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі емес пе?.. 

– Қазір бәріміз екі кеңістікте өмір сүреміз: реалды, яғни, шынайы және виртуалды кеңістік. Виртуалды кеңістікте өзімізді емін-еркін сезіну үшін осы реалды кеңістіктегі нысандарды, дүниелерді, тіпті дүниені былай қойып, санамызды да тіл арқылы цифрландырып, жасанды жады жасап жатырмыз. Бұл қаншалықты пайдалы немесе қауіпті екені туралы алуан түрлі пікір айтылып жүр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ЖИ-ге арналған сұхбаттарындағы тұжырлы ойы көп сұраудың күрмеуін шешіп беріп жүр. Министр цифрлық кеңістіктегі ЖИ біздің өмірімізді жеңілдетуге, құндылықтарымызды сақтауға қызмет ететінін айтты.

Тілтанушылар да қазақ тілін цифрландыру ісін дұрыс санайды, өйткені қазақтілді қауымдастық жаһаният өмір сүріп жатқан екі кеңістікте де әрекет етіп келеді. Ал сол виртуалды кеңістікте қазақ тілі реалды кеңістіктегідей, тіпті одан да жетілген түрде көрініс таппаса, біз келер ұрпақ алдында жауап береміз, өйткені олардың өмірі цифрлық кеңістікпен бізден де бетер тығыз байланысты болатыны белгілі. Сондықтан қазақ тілінің сапалы контентін цифрландыру ісі – өте маңызды мәселе. Ол – болашақта тілімізді сақтап қалудың бір мәселесі. Тіліміздің біз өмір сүріп жатқан сала, қоғамдық қатынас түрлерінің барлығына да икемделген цифрлық контенті болуы қажет. 

– 2022 жылдан бастап Тіл білімі институты Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасауға кіріскенін білеміз. Жалпы, «ұлттық корпус» деген не және оның басқа ақпараттық базалардан айырмашылығы неде? 

– Тіл білімі институты әлем жасанды зердені жаппай қолданбай тұрып, жасанды зерденің озық үлгілерінің бірі – ChatGPT сияқты платформа жұртқа танылмай тұрып-ақ, осындай жасанды зерделердің негізі болатын ақылды цифрлық базаларды әзірлеуге кірісіп кеткен. Сіз айтып отырған «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» дегеніміз осы. Дегенмен әлемдік лингвистикада қазақ тіл білімінің корпустық лингвистика саласы басқа дамыған тіл білімінен кенжелеп қалыптасты. Мәселен, «British National Corpus» деп аталатын ағылшын мәтіндерінің ақылды базасы қазақ корпусынан әлдеқайда ерте қалыптасқан еді. Дәл солай орыс тілінің ұлттық корпусы біздікінен жиырма жыл бұрын қалыптасып, тұтынушыларға, тіл зерттеушілеріне ұсынылды. 

Ұлттық тілдік корпус дегеніміз – өзінің базасына жинақталған цифрлық мәтіндеріндегі әрбір тілдік бірлікке «паспорт» жасалған, яғни белгіленім қойылған, тілтанымдық ақпараты толық ашылып көрсетілген мәтіндердің ақылды базасы. Корпусқа кіріп, өзіңіз іздеген кез келген сөздің бүкіл корпустағы, мәтіндердегі контекстер қорына қол жеткізесіз және сол контекстегі әрбір сөзді түртсеңіз, сол сөзге қатысты алуан тілтанымдық ақпарат аласыз; ол сөз осы контексте қандай грамматикалық формада қолданылып тұр, оның әдеби тілде қанша мағынасы бар, аудармасы, этимологиясы, шығу төркіні қандай, т.б. секілді ақпарат жинақталған. Сондай-ақ, контекст қандай мәтіннен алынды деген сияқты экстралингвистикалық, энциклопедиялық, дереккөздік ақпарат метабелгіленім арқылы беріледі. Мысалы, ол сөз «Абай жолындағы» бір контекстен алынса, ол қандай роман, қай жастағы аудиторияға арналған, авторы кім, авторының жынысы, туған жылы, сол шығарманың хронотопына, ұғынықтырақ айтсақ, оқиға айтылып жатқан уақытына дейін толық энциклопедиялық ақпарат табасыз. 

Фото: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жобаларының аясында шыққан кітаптар

Қазақ тілінің ұлттық корпусы – тілтанушының «микроскопы»

– Бұл жүйе ғалымдардың жұмысын қалай жеңілдетеді және ішкорпустар қалай құрылған? 

– Жоғарыда тек бес стиль бойынша мәтіндер жинақталатын негізгі корпус белгіленім жүйесін, яғни ақпарат жүйесін айттым. Ал ұлттық корпус болу үшін тіл шынайы өмірде қоғамның қай саласында, қай жанрда, қай стильде қолданылады – соның барлығындағы көрінісі қамтылуы керек. Әдетте әр ішкорпус тілдің белгілі бір сала не жанрындағы мәтіндерді жинақтап береді. Мысалы, қазір біздің институт әзірлеп отырған қазақ тілінің ұлттық корпусы жиырмадан астам ішкорпустан құралған. Олардың әрқайсының өзіндік ерекше іздеу жүйесі, өзіндік интерфейсі, өзіндік аннотациялары, яғни, тілтанымдық ақпараты бар. Себебі әрбір ішкорпус тұтынушының алуан түрлі тілтанымдық мұқтажын өтеуге жұмсалады. 

Сонымен бірге біздің корпус ең алдымен, басқа да әлемдік корпустар сияқты, зерттеушінің эмпирикалық базасы болып табылады. Тілтанушылар тілдегі қандай да бір құбылыстарға баға беремін, зерттеймін, ерекшелігін анықтаймын десе, тілдік деректер қорына сүйеніп қана қорытынды жасауға тиіс. Онсыз жасалған қорытынды жаңсақтыққа әкеп соқтырады, сондықтан ғалымдарымыз қандай да бір тілдегі құбылысты анықтау, оның тұрақты немесе уақытша құбылыс екенін белгілеу үшін үлкен тілдік деректерді қағаз нұсқадағы мәтіндерден көз майын тауысып, іздеп отыратын. Мысалы, бірнеше беделді авторда, беделді туындыда, сан мәрте қайталанған кезде ғана тілдік бірлік жаппай халыққа ортақ құбылыс екенін айтуға болатын. Қағаз мәтіннен жиналған эмпирикалық базаны жасау лингвистикадағы жаңалықтарды ашуға, тілдегі құбылыстарды айқындауға көп уақыт қажет ететін. Ал қазір Қазақ тілінің ұлттық корпусының көлемі неғұрлым ұлғайған сайын біздің қазіргі реалды тіліміздің ахуалындағы өзгерістерді тез анықтауға және дәйекті түрде көрсетуге мүмкіндік қарайды. Енді басталып жатқан құбылыстарды тез тіркеуге жағдай жасайды. Демек, Қазақ тілінің ұлттық корпусы – басқа да тілдің корпусы сияқты, тілтанушының «микроскопы», тілді зерттеу құралы. Мәселен, биологияда микроскоп анықталғаннан кейін өте үлкен жаңалықтар легі ашылды. Міне, Қазақ тілінің ұлттық корпусы әзірленді. Енді, біздің ойымызша, қазақ тіліндегі бұған дейін тілтанушылардың қырағы көзі байқамаған жаңа құбылыстар анықталып, көрсетілетін болады. 

Скриншот: qazcorpus.kz

– Корпуста қанша сөзқолданыс жинақталған? Бұл көрсеткіш жасанды зерденің қазақша сөйлеу сапасына тікелей әсер ете ме? 

– Ұлттық корпус қазір екі жүз миллион сөзқолданыстан тұратын базаға жетті. Алайда бұл әлі де аз. Олай дейтін себебім, ағылшын тілі корпусы мен орыс тілі корпусы мәтіндер базасы 2 миллиардтан астам сөзқолданысты құрап отыр. Бірақ, салыстыра қарағанда, орыс тілінің корпусы 2004 жылы жасалып, бес жылдан кейін, яғни 2009 жылы қырық миллион сөз қолданысқа жеткен. Ал қазақ тілінің корпусы 2022 жылы жасала бастады, оған дейін біздің институт корпусты басқа жобалардың ішінде, басқа міндеттердің аясында ғана әзірлеумен айналысты. Корпустың өзіне арнайы қаржы ұтып алу мүмкіндігі болмады. Тек 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында Қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеу жобасын ұтып алып, осы үш жылдан астам уақытта корпустың базасын екі жүз миллион сөзқолданысқа, 20 түрлі ішкорпусқа жеткіздік. 

Әр ішкорпустың мәтіндік базасы ерекше. Мәселен, «Мәдени-репрезентативті ішкорпус» қазақ мәдениетінің өкілі ғана түсінетін, қазақтың ұлттық ерекшеліктеріне негізделген мазмұндағы мәтіндерден құралған. Әдетте олар – фольклор, халық ауыз әдебиеті үлгілері, жырлар, жыраулар шығармалары, сонымен бірге этнографиялық, этнологиялық, этнолингвистикалық зерттеу еңбектерінің мәтіндері. Міне, бұл мәтіндердің құрамындағы этномаркерлі лексика, яғни басқа тілге аударылмайтын, баламасы жоқ тіл бірліктерінің мағынасы тілтанымдық қана емес, танымдық әрі мәдени тұрғыдан да ашылады. Мысалы, «сәукеле» дегенде біздің білетініміз – «қалыңдықтың бас киімі» деген жалпы лексикалық мағына. Ал оның астарында қандай символдық мән бар, неге қызыл шаңқай түсті матадан тігіледі, оған қандай әшекейлер тағылады, олардың қызметі қандай екені, сәукелені келіншек болғанға дейін киетіні туралы, сәукеле қалыңдықтың жеке мүлкі екені, қалыңдық дүниеден өткен жағдайда төркініне қайтарылатыны, оның құны қандай болғаны, оның құрылымдық бөліктері қалай аталғаны туралы тек қазақ мәдениетінің өкілі түсінетін, тіпті, қазіргі заманда қазақ мәдениетінің өкілі де түсіне бермейтін, бірақ біздің ұлттық мәдениетіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың ерекшелігін көрсететін осындай ақпараттар да толық беріледі. Кейбір тілдік бірліктердің қасына суреттер қоса тіркеліп, арнайы бейнебаяндар әзірленді, себебі қазіргі жас ұрпақ визуалды ақпаратты тиімдірек қабылдайды. 
Тізе берсек, Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы әрбір ішкорпустың өзіне тән осындай ерекшеліктері көп. Бұл ақпараттарды тілтанушылар ой-елегінен өткізіп, ғалымдардың дәйекті еңбектеріне сүйене отырып әзірлеген, корпустағы ізденуші алатын ақпарат – үлкен ғылыми ұжымның ыждағатты еңбегінің нәтижесі. 

Скриншот: qazcorpus.kz

Жалпы мұндай корпустар тағы да бір маңызды қызмет атқарады: қай тілдің ұлттық корпусы болса, сол тілде әзірленген жасанды интеллект өте жылдам әрі сапалы жұмыс істейді. Осы тұрғыдан келгенде, біздің тілтанушылардың қажырлы еңбегі бүгінгі күнгі қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі өмір сапасына да әсер етіп отыр. Біз бұл жолда тоқтамаймыз, әлі жетілдіретін, тілімізді жақсартатын салалар, бағыттар өте көп, себебі қазіргі тілдердің таптастырылуында қазақ тілі, бір өкініштісі, әлі де цифрлық ресурсы жағынан аз қамтылған тілдер қатарына жатады. Міне, біз осы бағытта көп еңбектенуіміз керек.

Фото: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы

«Қазақ тілінің тарихы қазақ халқының тарихымен параллель жүреді»

– Орайы туғанда сұрайын, Тіл білімі институтына есімі берілген Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін цифрландыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Әуелі институт тарихынан сөз қозғасаңыз…

– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тарихы арыдан басталады. Оның тарихы тікелей осы ұлы тұлға, Ұлт ұстазы, қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы, Алаштың, қазақ ұлтының рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынұлының қызметімен байланысты. 1922 жылы қазір Абай атындағы университет (Абай атындағы ҚазҰПУ) деп аталатын білім ордасында Ахмет Байтұрсынұлы оқытушы, профессор болып қызмет атқарды. Сол оқу орнының қабырғасында жүріп ол кісі өзінің көптен бері көксеген арманын жүзеге асырмақ болды. Оның арманы қазақ ғылымын академиялық жолмен ұйымдастыру еді. Бұл үлгі Германиядан алынған, Германия арқылы Ресейде де дамыған. Сондықтан 1922 жылы сол институт қабырғасында Академиялық орталық құрады.

Коллаж: Qaz365.kz

Ондағы мақсаты барлық ғылым саласының басын біріктіріп, қазақ тілінде ғылыми еңбектер әзірлеу еді. Сөйтіп, сол мақсатына жету үшін өзімен идеялас Алаш қайраткерлеріне әртүрлі сала бойынша дүнияуи ғылымдар бойынша оқулық дайындау жөнінде тапсырма берді. Мысалы, өзі лингвистиканы дамытса, астрономия оқулығын Әлихан Бөкейханов, педагогиканы Мағжан Жұмабаев, психологияны Жүсіпбек Аймауытов, математиканы Әлімхан Ермеков жазды (тізім осылай жалғаса береді). Сол оқулықтар арқылы Академиялық орталықтың ғылыми негізін қалап, дамытпақ болды. Алайда ол ойы жүзеге аспағанын тарихтан білеміз. Бірақ біздің институттың тарихын сол Академиялық орталық құрылған 1922 жылдан бастауымыз керек. А.Байтұрсынұлы сол кезден қимақағаздарға тілдік деректерді жинауды бастаған дегенді үлкен ақсақал ғалымдардан көп еститінмін. 

Кейінірек Қаныш Сәтбаевтың бастауымен 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылып, гуманитарлық бағыттағы бірнеше ғылыми зерттеу институты бір мекеме айналасына жұмылдырылды. 1961 жылы М.Әуезов тіл ғылымы өз алдына жеке сала ретінде дамуы үшін автономиялы болуы керек деген идеяны айтқан ұлы тұлғалардың бірі еді, сөйтіп Тіл білімі институты құрылды. «Тіл, тарих және әдебиет институты» деп аталатын үлкен шаңырақтан біздің институт, Әдебиет және өнер институты бөлініп шықты. Тарих институты, одан Археология институты, содан кейін Шығыстану институты құрылды. Кейінірек Философия, саясаттану институты да бой көтерді. 

Фото: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы

Тіл білімі институтының ресми тарихы 1961 жылдан басталады. Ал Ахмет Байтұрсынұлының атын институт 1990 жылы алды. Біздің институттың негізгі миссиясы – әлемдік лингвистиканың бір тармағы ретінде қазақ тіл білімі деген ғылым саласын дамыту. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі институттың миссиясы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту болды. Міне, осы үлкен екі миссияға 1990 жылдан бастап тағы бір миссия қосылды. Ол – Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын зерттеу, насихаттау, оның тұлғасын ұрпаққа таныту. Қазіргі кезде де институт осы миссиясын жаңа деңгейде, жаңа формада орындап жатыр. 

– Осыны тарқатып айтып берсеңіз…

– 2022 жылдан бастап Ахметтану бөлімі ашылды. Ол бөлімнің негізгі қызметі – Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық және т.б. ғылыми мұрасын тілтанушылық тұрғыдан зерттеу, насихаттау. Ахметтану бөлімінің аз уақыттағы жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай деуге болады. Бірақ алдағы уақыттағы бағыттары да, зерттеу көкжиегі де кең екенін естен шығармау керек. Ең алдымен біз жұртқа қажетті цифрлық ресурстарды әзірледік. Байтұрсынұлының ғылыми мұрасына, оның ғылыми танымына, тілтанымдық ізденістеріне және сол ізденістері бойынша жүргізілген заманауи зерттеулерге арналған «Ахметтану» сайты бар. Бөлім Ахметтану ісін дамытып келе жатқан жастардан құралды, олар Байтұрсынұлының жеке өміріне, қайраткерлігіне, ғылыми ізденістеріне, мұрасына қатысты көптеген мәліметті отандық және шетелдік архивтерден тауып әкеп, тіркеп қана қоймай, сол бойынша зерттеулер жүргізіп те отыр. 

Скриншот: ahmettanu.kz

Ахметтану сайтында Институт ғалымдары тұңғыш болып тауып, ғылыми-мәдени айналымға енгізген Байтұрсынұлының бұрын еш жерде жарияланбаған бейнесі, яғни видеосы бар. Оны өздеріңіз білесіздер. 
Ахметтану сайтының тағы бір ерекшелігі – ол жерден сіздер кезінде Ахмет Байтұрсынұлы оқыған немесе таныс болды-ау деген сол дәуірдің ғылыми еңбектерінен құралған кітапхананы да көріп, оқи аласыздар. Институт А.Байтұрсынұлы мәтіндерінің ішкорпусын әзірлеп отыр, ішкорпусты пайдаланушы сол мәтіндердегі әрбір тілдік бірлікке қатысты ақпараттар ала алады, сондай-ақ Байтұрсынұлының өзі ғана жеке қолданған ерекше тілдік мағыналарды, қолданыстарды.

Ахметтану көкжиегі туралы айтар болсақ, ол өте кең. Мысалы, «Ол кісінің термин жүйесінің жасампаздығының құпиясы неде?» деген мәселені әлі де толық зерттеу керек. Одан кейін үлкен цифрлық ресурстар негізінде Байтұрсынұлы мәтіндерінің стильдік ерекшелігін, жаппай қазақ даласының, қыр баласының сауатын ашуға септігін тигізген еңбектерінің тілдік, танымдық, философиялық құпиясын анықтау керек. Сонда Байтұрсынұлының, былайша айтқанда, «лайфхактарын» пайдалана отырып, ұлтымыздың сапасын көтеруге, ұлттық идеологияларды түгендеуге оқулықтарымыздың тілдік сапасын арттыруға көмектесетін тетіктер табуымыз да мүмкін деп ойлаймын.

Фото: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы

– Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы мен цифрлық қорлар туралы айтып өттік. Енді тілдің бүгінгі жай-күйіне, оның ішінде өзекті мәселелеріне ойыссақ…  

– Өзімді мазалаған мына бір нәрсе туралы айтайын. Қазақ тілінің тарихы қазақ халқының тарихынан ажырамайды. Бір өкініштісі, тілтанушылардың тарихшылармен байланысы әлсіздеу. Мәселен, тарихшылар дерек ретінде сүйенетін жазба ескерткіштердің қандай да бір хронологиялық оқиғалар желісін баяндайтын сюжеті болады. Ол, сөзсіз, тарихи дәлел ретінде, тарихи факт ретінде қолданылады. Бірақ сол ескерткіштердің бәрі қандай да бір тілде жазылған. Ол тілдің философиясы сол тілде сөйлеген мәдени қауымдастықтың өмір салтын, танытатын суперартефакт т.б. Сол үшін тарихқа тілтанушылардың көмегі ауадай қажет деп ойлаймын. 
Екінші мәселе, тарихшылар, әдетте, қандай да бір уақыт кесіндісіндегі қауымдастықтың тарихын қалпына келтіргенде археологиялық қазбалардан табылған артефактілерге жүгінеді. Ол артефактілер сол қауымдастықтың экономикалық ахуалынан, сонымен бірге кейбір әлеуметтік ахуалынан, саяси құрылысынан хабар беретіні сөзсіз. Ал қауымдастықтың ахлағы, құндылықтар жүйесі, қоғам мүшелері арасындағы қарым-қатынас қандай болған? – осы секілді сұрақтың барлығына көне заттық артефактілер толық жауап бере алмай жатады. Бейзаттық артефакторлар қажет-ақ! Олар тілде тұнып тұр. Сондықтан тарихшылардың тілтанушылармен коллаборациясы аса қажет. 

«Қазақ тілінің тарихы қазақ халқының тарихымен параллель жүреді» деген сөзімізге қайта оралайық. Мысалы, Кеңес өкіметі дәуірінде қазақ тілі орыс тілінің әсеріне ұшырады. Кейбір әлеуметтік тілтанушылар бұл кезеңде қазақ тіліне лингвоцид жасалды деп те айтып жатады. Отарлау арқылы, саяси өктемдік-үстемдік көрсету арқылы немесе бейбіт жолмен, аралас-құраластық негізінде әсер етсе де, сыртқы субстрат тілдің әсерінсіз, тек ішкі ресурстарымен дамитын тілдер өте сирек кездеседі. Бар болған күннің өзінде, ондай тілдер тым жұпыны келеді. Сол себепті тілдің дамуы өзге тілдердің әсерінсіз болмайды. Бұл – адам баласының әлеуметтенуімен параллель жүргізуге болатын құбылыс. 

Қандай да бір тіл де әлеуметтік мәртебе алу үшін, әлеуметтену үшін өзі сияқты басқа тілдермен әсерлестікке түседі. Мысалы, біздің тілімізге орыс тіліне дейін басқа да субстрат тілдер көп әсер еткен. Парсы, араб, қытай, моңғол тілдерін соның қатарына жатқызуға болады. Қазақ тілінде осы тілдерден енген сөздер баршылық. Ал Еуропа тілінен енген сөздер тікелей емес, орыс тілі арқылы келгенін бәріңіз білесіздер. Осы құбылыс біздің тіліміздің құрылысына, оның стильдік жүйесіне, синтаксистік құрылымына әсер етті. 

Субстрат тіл, ең әуелі, кез келген тілдің лексикалық жүйесіне қатты ықпал етеді. Ал тілдің фонетикалық жүйесі оның консервативті қабаты болады, көбінесе сыртқы әсерге беріле бермейді. Тура осы құбылысты қазір де байқауға болады. Қазақ тілінің лексикалық жүйесіне орыс тілінен енген сөздер жетерлік. Мысалы, қазір, шамалап санасақ, үлкен түсіндірме сөздікте тіркелген әдеби тілдің лексикалық қоры 106 мың сөз болса, соның шамамен 6 мыңы – орыс тілінен және орыс тілі арқылы Еуропа тілдерінен енген сөз. Олардың дені – ресми қарым-қатынасқа қызмет ететін кітаби стильдердің сөздік қорына тән бірліктер, яғни көбі терминдер.

Тұрмыстық қатынастағы орыс тілінен енген сөздерді кірме сөз деп айту қиын. Себебі олар дыбыстық жағынан игеріліп кеткен. Басқаша айтқанда, қазақтың «шапаны» мен «сәукелесін» киіп алған. Мысалы, мен қазір «бөкебай» десем, оның орыстың «пуховой» деген сөзі екенін көп адам аңғара бермейді; «әмірқан етік» десем, оның «америкалық етік» екенін ешкім ойламайды; «кірпіш» те солай, қазір оны «кирпич» деген орыстың сөзі деп ешкім ойламайды. Осы секілді игерілген тұрмыстық деңгейдегі орыс сөздерін көбіне кірме сөздерге жатқыза алмаймыз. Әрине, этимологиясы жайлы сөз болса, орыс тілінен енген деп айтамыз, бірақ олар кәдімгі қазақ сөздері боп сөздікте тұр, бүкіл сөзжасамдық жүйесі де қазақтың заңдылығы бойынша қалыптасып кеткен. 

Мұның бәрін айтып отырғанымыздың басты себебі тіл тарихы ұлт тарихымен байлаулы. Ал тілдегі бөгде кірмелердің жаңағы айтқанымыздай әбден өздік болып қазақшаланып игерілуі ұлтымыздың өміршеңдігін, кез келген сыртқы әсерді өзіне икемдеп алатын «ақылдылығын» өзіндік өзегіне беріктігін, жаңғыртқыш қабілетінің жоғарылығын көрсетеді. Міне, бұл факт тарих үшін де маңызды.

«Кальканың бәрі тілдің жауы емес»

– Ал қазіргі кезде орыс тілінің қандай теріс әсері байқалады?

– Ең әуелі осы синтаксистик құрылымдағы калькаларды айтуға тура келеді. Олар әбден дағдыға айналып, жиілігі жағынан да, беделді авторлардың қолданысында да көбеюі жағынан да қазақ тілінің ішкі ресурстарымен бірдей деңгейде тұр. Мысалы, «үлкен рақмет» деген – орыстың «большое спасибо» тіркесінің тікелей аудармасы. Қазақ тілінде рақмет үлкен болмайды, көп болады. «Көп рақмет» деп айту керек. Тағы бір мысал: « “К сожалению” дегенді “өкінішке орай” деу дұрыс емес, “өкінішке қарай” деп айту керек» дегенді журналистерден де, кейбір тіл мамандарынан да естіп жатамыз. Бұл екеуі де дұрыс емес, өйткені «орай» да, «қарай» да жақсы, жағымды мағынаны білдіретін контексте қолданылады. «Бақытына қарай жолықты», «тәлейіне қарай» деп жатады. Ал өкініш деген сөздің теріс мағынасы бар. Мұндай конструкциялар қазақ тілінде басқаша аударылады. Бұлар, әдетте, «бір өкініштісі», «бір қуаныштысы» деген формада келеді. Сондықтан «к сожалению» дегеннің қазақшасы «бір өкініштісі» болу керек.  Бірақ «кальканың бәрі – тілдің жауы» деп қарау – таяқтың екінші бір ұшы сияқты. 

Калькалар, әдетте, кез келген тілге екіжақты әсер етеді, өйткені тіл барлық сыртқы құбылысты түгел дерлік өзінің ресурсымен, өзінің ішкі қуатымен, ішкі мүлкімен тез арада, жылдам көрсете алмай жатады. Сондай жағдайда калькалар көмекке келеді. Мәселен, «болып табылады» деген тіркесті калька деп, онымен жаппай күресу дұрыс емес. Әлбетте, ол тіркестің, әсіресе, публицистикалық, көпшілік жанрларындағы қолданысына шектеу қойған абзалырақ. Бірақ таза ғылыми, спецификалық, яғни тек арнаулы аудиторияға арналған, жазылған ғылыми мәтіндерде «болып табыладының» аса бір қажет тұсы көп кездеседі. Сондықтан оны толығымен калька екен деп лақтырып тастауға болмас. 

Сол сияқты тілімізге енген тағы бір калька – «жанұя» сөзі. Шынын айту керек, басында мен де осы сөзбен қатты күрестім. Бұл – тәуелсіздік алған жылдарда «семья» деген сөзге ұқсатып жасалынған жасанды сөз. Қазақ психологиясына да жат. Себебі біз – мұсылман мәдениеті өкіліміз. Мұсылман мәдениетінде жанның ұясы қай жерде болатыны, жан қайдан шығатыны туралы әңгімелер айту – канондық-діни этика бойынша талқыланбайтын, тек Алланың құпиясы саналатын дүние. «Жанұя» сөзінің беретін ұғымын қазақ басқа сөздермен атаған. «Отбасы» – ең бір бейтарап түрі. Мысалы, осы мағынаны беретін «үйелмен» сөзі «Қыз Жібек» жырында кездеседі («үйілменіңмен өртенгір»); «үйелмелі-сүйелмелі» деген тіркестен де оны көруге болады. Ал күнделікті тұрмыстық деңгейдегі ауызекі сөйлеу тілінде «үй-іші» дейді («үй-ішің аман ба?» деп жатады).

Осы «жанұя» деген сөз кейінірек беделді авторлардың да тілдік қолданысына еніп кетті. Жиілігі артқаны сондай, қолданылуы жағынан кітаби стиль, яғни газет беттерінде, ресми ақпарат тарататын арналарда, журналистердің мәтіндерінде, т.б. «отбасынан» кем емес қолданылып кетті. Сол себепті де, мен ғана емес, көптеген тілтанушы осы туралы ойланып жүрміз. Біздің ойымызша, енді «жанұя» сөзі – жасанды деп күресінге тастайтын сөздер қатарында емес. 

Адамдар сияқты сөздердің де белсенділігі болады, оларға деген сұраныс көбейетін уақыттар болады, кейін ұмытылып қалатындары да кездеседі. Кейбіреулері ұмытылмай, ұзақ ғасыр бойы тілдің лексикалық жүйесінде белсенді жүре береді. Тілтанушының міндеті – соған объективті баға беру. 

Мәселе – қазақ тілінің орыстанып кетуінде емес, жүйесінде. Саламаттылық, сырқаттылық деген критерий бойынша қарайтын болсақ, қазақ тілі саламатты тілдер қатарына жатады. Сырқат тілдер деп өзінің өзегінде, ядросында (кез келген тілдің ядросы және перифериясы болады) субстрат тілдің әсеріне шалдыққан бөлігі көп болса, соны сырқат тілдер дейді. Әдетте, ондай тілдерді пиджин немесе креол тілдері дейді. Яғни лексикалық қабатының тең жартысы басқа тілден енген сөздер, грамматикалық формалары да басқа тілдің формасына ауысады. Біздің тіліміз ондай емес. Біздің тіліміз өзінің өзегін сақтаған тіл. Бұл жерде жазушыларымыздың, қалам ұстаған тіл қайраткерлерінің еңбегі өте зор.

– Сұхбат беріп, ойыңызды ортаға салғаныңызға көп рахмет!