Мұндай жағдай буллингке итермелейді: психолог өзіне қол жұмсаудың себептерін атады

Qaz365.kz редакциясы

Қазір оқушылар арасындағы суицид өршіп тұр

elements.envato.com

Бүгін Мәжілістегі комитет отырысында психолог Әлжанбек Көшербай балалар арасындағы суицидтің көбею себептерін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Біз суицид бойынша Алматы облысындағы 54 мектепте жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі себеп – отбасындағы жағдай. Яғни әлеуметтік жағдайдың төмен болуы. Екіншісі, ажырасқан отбасыларда жиі кездеседі. Мәселе әкесі немесе шешесінің біреуімен қалатын балалар жөнінде болып отыр”, - дейді Әлжанбек Көшербай.

Ол Оқу-ағарту министрлігіне мектепте баланы ортаға шақырып, «бұл бала көпбалалы отбасыдан шыққан» деп жарнамалаудың қажеті жоқ екенін, мұндай жағдай буллингке итермелейді деп айтты. 

“Яғни, мектепке қажетті форма, кітап, басқа заттарды көпшіліктің алдында берудің қажеті жоқ. Жасырын үлестіру керек. Қазақта «Оң қолыңмен бергенді сол қолын білмесін» деген бар. Осындай жағдай буллингке себеп болып жатыр. Бір ауданда осы оқу жылында төрт бала суицид жасаған”, - дейді психолог.

Айта кетейік, Әлжанбек Көшербай айтып отқан жағдай Алматы облысында болған. 2023 жыл басталғалы өңірде 9 оқушы өзіне қол салған. Екеуі Талғар ауданында болса, Жамбыл мен Іле, Кеген ауданында бір-бірден, ал Қарасай ауданында төрт бала өз өмірін қиған. 

Жақында Кеген ауданы Саты ауылында бір сыныптың екі бірдей оқушысы көз жұмды.

Еске сала кетсек, төменгі палатада «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» комитет отырысы өтті.