Үкімет қаулысы шықты. Жезқазғанда Ұлытау техникалық университеті құрылады

Qaz365.kz редакциясы

2024 жылдан бастап жаңа техникалық оқу орны алғашқы студенттерді қабылдай бастайды

Ашық дереккөзден

Жезқазған қаласында мемлекеттік техникалық университет құруды көздейтін Үкімет қаулысы шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«15 тамызда «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлытау техникалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығында республикалық мемлекеттік кәсіпорын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының қабылдануымен баршаңызды құттықтаймын!», - деп жазды облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Әкімнің айтуынша, биыл білім беру бағдарламаларын әзірлеу, лицензия алу және аталған жоғары оқу орнын жарақтандыру бойынша жұмыстар басталады. 2024 жылдан бастап жаңа техникалық оқу орны алғашқы студенттерді қабылдай бастайды. Сонымен қатар, бас жоспарға сәйкес қаланың жаңа бөлігіндегі 30 гектар аумағында университеттің жаңа кампусын салуға жер анықталған.

«Канадалық серіктестермен бірлесіп, өңіріміздің жастары үшін білім беру және ғылыми бағдарламаларды іске асыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. «Ұлытау техникалық университеті» еліміздің тәуелсіздігі жылдарында құрылған алғашқы мемлекеттік университет екенін ерекше атап өткен жөн», - деді ол. 

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ұлытау облысына жасаған сапары барысында  Жезқазған қаласында мемлекеттік техникалық университет ашу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.