Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) доллар бағамы төмендегенімен, ішкі нарықтағы тауар бағасының неге төмендемейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Informburo-ға сілтеме жасап. Ведомство мұны импорттаушылардың шығындарымен, валюталық тәуекелдермен және нарықтың сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігімен байланыстырады.
Министрліктің мәліметінше, доллар бағамына бірінші кезекте импорттық үлесі бар тауарлар тәуелді. Бұл тізімге тұрмыстық және электронды техника, көліктер мен жабдықтар, фармацевтикалық өнімдер, сондай-ақ қант, балық және сүт өнімдері сияқты азық-түлік тауарлары енген. Мамандар бағам өзгерісінің әсері нарықта бірден емес, белгілі бір уақыттан кейін (тайм-лаг) байқалатынын, себебі өндірістік процестер мен логистикалық шығындарды есептеуге уақыт қажет екенін атап өтті.
Ведомствоның түсіндіруінше, ішкі нарықтағы баға теңгенің нығаюына қарағанда, оның әлсіреуіне жылдам реакция береді. Бұл импорттаушылардың шығындарының тікелей өсуімен байланысты. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер баға белгілеу кезінде теңгенің болашақтағы ықтимал құнсыздану тәуекелдерін де ескереді. Ұлттық банктің деректері бойынша, соңғы 10 жылда теңге долларға шаққанда жылына орта есеппен 8,9%-ға әлсіреп отырған.
Тарихи деректерге сүйенсек, 2010 жылдан бері теңге тек 2011, 2017 және 2023 жылдары ғана нығайған. Дәл осы кезеңдерде елімізде инфляция деңгейінің баяулауы тіркелді. Мысалы, 2023 жылы теңге 0,9%-ға нығайғанда, инфляция көрсеткіші 20,3%-дан 9,8%-ға дейін төмендеген. Дегенмен, бизнестің валюталық ауытқулардан сақтану әрекеті бағаның тез арзандауына мүмкіндік бермей отыр.