Яна Легкодимованың өлімі үшін сотталғандар Атырау қаласының тергеу изоляторынан өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған колонияға ауыстырылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Комитеттің мәліметінше, сотталғандар заңда белгіленген тәртіппен жазасын өтеу орнына жіберілген. "Ақ Жайық" басылымының дерегінше, Алтынбек Қатимов пен Ризуан Хайржанов үкім жарияланғаннан кейін бірнеше ай бойы тергеу изоляторында болған. Этаппен жөнелту рәсіміне сәйкес, оларға жолға шығу туралы небары бір сағат бұрын айтылып, 19 сәуір күні таңертең арнайы вагонмен тиісті мекенжайға жөнелтілді.
23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот үкімі 2025 жылдың 17 қарашасында шыққан болатын. Сот Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимовты кінәлі деп танып, оларды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Іс материалдарына сәйкес, олар бойжеткенді 2024 жылдың қазан айында өлтіріп, денесі мен телефонын өзенге тастап жіберген.
Сотталушылар шыққан үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген еді. Алайда апелляциялық сот бұл өтінішті қарап, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.