Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт перзенті, көрнекті ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент өз жеделхатында Мұхтар Шахановтың қазақ поэзиясын жаңа белеске көтеріп, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге қосқан ерен еңбегін атап өтті. Мемлекет басшысы ақынның әрқашан тіл жанашыры ретінде игі істердің бастауында болғанын және соңына мол әдеби мұра қалдырғанын тілге тиек етті.
«Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», — делінген хабарламада.
Бұған дейін ақынның ауыр дерттен кейін 84 жасқа қараған шағында қайтыс болғаны хабарланған еді. Ақынның жұбайы Ханшайым Шаханова Президентке хат жолдап, марқұмның аманатына сәйкес оны Түркістан облысындағы Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлеуге қолдау көрсетуді сұраған болатын.