Жыл соңына қарай доллар бағамы 540 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін – сарапшылар

Qaz365.kz редакциясы
Freepik

Жыл соңына қарай доллар бағамы 540 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Halyk Finance сарапшылары осындай болжам жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аналитиктердің пікірінше, егер мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 85 долларға дейін төмендесе, ұлттық валютаның әлсіреуі белең алуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 101 доллар деңгейінде тұр. Алайда Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыс пен Ормуз бұғазының жабылу қаупі мұнай нарығындағы тұрақсыздықты арттырып отыр. Геосаяси оқиғалар аясында қара алтынның құны кез келген сәтте өзгеруі мүмкін, бұл теңге бағамына тікелей әсер етеді.

Сарапшылар теңгенің қазіргі нығаюын уақытша құбылыс деп бағалайды. Валюта бағамының төмендеуіне жоғары инфляция, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы шетелдік инвесторлар белсенділігінің бәсеңдеуі және Ұлттық қордан сатылатын валюта көлемінің азаюы себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ жаһандық нарықта доллар индексінің нығаюы да теңгеге қысым түсірмек.

Halyk Finance мәліметінше, USD/KZT бағамы алдағы уақытта мұнай мен металл бағасына, сондай-ақ негізгі сауда серіктес елдердің валюталық саясатына қатты тәуелді болып қала бермек.