Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 10,6 пайызға дейін бәсеңдеді

Qaz365.kz редакциясы

Бірақ баға әлі өсіп жатыр

Ұлттық статистика бюросы

Қазақстанда сәуір айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 10,6%-ға дейін баяулады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Наурыз айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0,4 пайыздық тармаққа төмендеген. Дегенмен бір айдың ішінде (сәуірде наурызға қарағанда) жалпы баға деңгейі 0,8%-ға өсті.

Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,7%-ға жоғарылады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жүзім (5,6%), сары май (1,2%) және картоп (0,8%) қымбаттаған. Сонымен қатар, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің құны 0,9%-ға артты. Атап айтқанда, қол сағаттары (4%), цемент (2,4%) және жеке гигиена тауарларының (1,5%) бағасы көтерілгені байқалады.

«Жылдық көрсеткіште азық-түлік емес тауарлар 11,7%-ға, азық-түлік өнімдері 11,3%-ға, ал ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттады», – деп нақтылады статистика мамандары.

Бір жыл ішінде бағасы ең көп өскен тауарлар қатарында үтіктер (20,7%), тіс пастасы (14,6%) және заң қызметтері (10%) бар. Ал кейбір өнімдер керісінше арзандаған. Мысалы, жылдық есепте қырыққабат (24,4%), сарымсақ (7,8%) және банан (1,7%) бағасы төмендегені тіркелді. Сәуір айында клининг қызметтері мен косметолог мамандардың көмегіне жүгіну құны да шамалы (0,7-0,8%) өскен.