Қарағандыдағы пәтерлердің бірінде газ жарылып, тұрғындар үйінді астынды қалды - қаза тапқандар бар

Qaz365.kz редакциясы

Жарылыс кезінде үйде 35 адам болған

Фото: әлеуметтік желіден

Қарағанды облысында көпқабатты тұрғын үйде газ баллоны атылып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 30 қаңтарда 00-07 сағатта Бұқар-Жырау ауданы Ботақара кентінде болған.

«Әуезов көшесіндегі 2 қабатты, 2-ші кіреберісте, 12 пәтерлі тұрғын үйде алдын ала болжаммен тұрмыстық газ баллоны жарылып, кейіннен екінші қабат жартылай қирап қалған. 2-қабатта орналасқан, одан кейін пәтердің, қабырғалары мен төбелерінің, оның ішінде бірінші қабатта орналасқан № 7 пәтердің, жалпы алаңы 300 шаршы метр аумақта шатыр толық құлап қалған. Өрт болған жоқ. Бірінші қабаттағы № 5, 6, 8 және екінші қабаттағы 11, 12 пәтерлер де жартылай зақымданған», – делінген хабарламада.

Үйде барлығы 46 адам тұрса, жарылыс кезінде үйде 35 адам болған.

«Сағат 00-11-ден бастап 03-37-ге дейін құтқару жұмыстары кезінде үйінді астынан 2 өлі және 5 жаралы адам табылды. Түрлі дене жарақаттарымен Бұқар жырау аудандық ауруханасына 3 бала жеткізілді», – делінген хабарламада.

Жергілікті жерде жедел штаб ұйымдастырылды.

Төтенше жағдай орнында 45 адам және 13 техника жұмылдырылды.

Құтқару жұмыстары аяқталды.

Жағдай облыс әкімінің бақылауына алынды.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде 8-7212-517223 сенім телефоны ашылды. 25 азаматқа жедел психологиялық көмек көрсетілді.

Тұрмыстық газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін:

  • 2 қабаттан асатын тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланбаңыз; үй-жайларды өз бетінше газдандыруды, газ аспаптарын, баллондарды және бекіту арматурасын ауыстыруды және жөндеуді жүргізбеңіз;
  • жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз;
  • газдың ағып кетуін тексеру үшін ашық отты пайдаланбаңыз (осы мақсатта сабын ерітіндісін қолданыңыз);
  • балаларға газ аспаптарын пайдалануға жол бермеңіз және оларды қараусыз қалдырмаңыз!