Атырауда насыбайды заңсыз сатқан шетелдік ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

29 жастағы шетелдік ұсталды

Фото: gov.kz

Қаладағы сауда орталығында насыбайды заңсыз сатқан шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 18 наурыздан бері «Насыбай» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Іс-шараның мақсаты – темекі өнімдеріне жатпайтын насыбайды сатуға тиым салу. Насыбайды заңсыз саудалаудың жолын кесу. Атырау қаласындағы Авангард шағын ауданында орналасқан сауда орталықтарының бірінде Өзбекстан Республикасы азаматының насыбайды заңсыз сатқаны анықталды. Шетелдіктен арнайы пакетке салынған 340 насыбай алынды», - делінген хабарламада.

Қазір заңсыз саудамен айналысқан 29 жастағы шетелдікке қатысты тиісті іс құжаттары жинақталып жатыр.

Айта кетейік, 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіретін есірткі мен басқа да заттардың, соның ішінде насыбайдың зияны туралы айтқан еді.