Мемлекеттік қызметшілер қанша айлық алады: орташа көрсеткіш жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Енді мемқызметшілердің жалақысы үш жылда бір өсіп отырады

istock

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің орташа айлық жалақысы – 440 мың теңге. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Сенат кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, биылғы қаңтар айынан бастап басшылық емес лауазымдағы қызметкерлердің еңбекақысы 16%-ға өскен.

Бүгін, 30 сәуірде Сенат депутаттары мемлекеттік қызметшілердің жалақысын үш жылда кемінде бір рет индекстеуді міндеттейтін заң түзетулерін мақұлдады. Жаңа құжат бойынша, еңбекақыны инфляция деңгейіне қарай көтеріп отыру енді ерікті емес, міндетті сипатқа ие болады. Бұл шара кадрлардың тұрақтамауын азайтып, мамандарды ынталандыруға бағытталған.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, жалақыны арттыру тетіктері қолданыстағы заңда да болған, алайда жаңа норма оның орындалуын заң жүзінде бекітіп берді. Келесі жоспарлы жалақы өсімі үш жылдан кейін жүзеге асырылады деп күтілуде.