Ол ата-аналарға баланың мектепте зәбір көріп жүргенін қалай анықтауға болатынын да айтып берді
Өскемендегі әжетханадағы қыздар төбелесіне қатысты іске әлі нүкте қойылған жоқ. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр. Психолог Бақытгүл Манасова соңғы кездері қыздар арасындағы осындай әлімжеттіктің көбеюуінің себебін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қыздар арасындағы төбелестің көбею себебі – отбасындағы ата-ана қарым-қатынасының жақсы болмауы. Ерлі-зайыптылардың ерегісінен осындай түйін болып жатыр. Сонымен қатар қазіргі кезде отбасында әйелдердің басымдық танытуы да себеп болып отыр», - дейді психолог «Көреміз» бағдарламасына берген сұхбатында.
Ол осы күні күнкөріс, материалдық жағдай деп, ата-ананың балалармен отбасы ішіндегі жағдайынан ажырап қалып жатқанымызды айтты. Өйткені, көбінің уақыты жоқ. Сондықтан ата-аналар балаларына қарай алмай жүр деп санайды. Екінші фактор – әлеуметтік желінің ашықтықтығы деп отыр. Яғни жасөспірімдер кез келген ақпаратты көре алады. Сол себепті осындай әрекеттерге барады екен. Үшінші фактор – психологтардың бүкіл педагогтарды балалардың психикалық ахуалынан хабардар ете алмауы.
“Бұл бала кезден бастап отбасындағы тәрбие үрдісінің дұрыс болмауынан. Кез келген ата-ана баласының эмоциялық жағдайына, сезімдеріне мән беруі керек. Жасөспірім кезінде балада құлдырау кезеңі өтеді. Сол кезде балада “мен” деген позиция пайда болады”, – дейді психолог.
Оның айтуынша, ата-ананың басты назар аударатын кезеңі – 11 жастан 15 жасқа дейінгі аралық. Сондай-ақ ол әйел адам ғана емес, екі ата-ана да баланың ішкі күйімен тығыз қатынас орнату керегін айтып өтті.
Сонымен қатар психолог ата-ананың баласының мектепте зәбір көріп жүргенін қалай анықтауға болатынын айтып берді.
“Ең бірінші, бала ата-анамен эмоциялық қарым-қатынасты азайтады. Екіншіден, баланың жүріс-тұрысы өзгереді. Яғни, баланың күдікті, оқшау іс-әрекеті болады. Бала оқшауланады. Өзінің бөлмесіне жиі кіргіштейді. Не болмаса телефонда ғана отырады. Сондай-ақ бала сіздің айтқаныңызды естімеуі мүмкін. Өйткені, оның ойында – жаңағы әрекеттер.Одан қалай шығудың жолын іздеп, өз-өзімен алысуы мүмкін”, – дейді маман.
Айта кетейік, сәуір айының басында Өскеменде сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тараған болатын.
Қыздың әпкесі Тоғжан Досымова ресми деректерде шындық ашып айтылмай жатқанына қынжылысын білдірді. Жәбір көрген қыздың әпкесі соттың әділ шешім шығарып, соққыға жыққан қыздар лайықты жаза алуы тиіс дейді.
Аталған оқиғаға байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тоғжанның айтуынша, қылмыстық жауапкершілікке үш қыз тартылған. Оның екеуі мектепте, біреуі колледже оқиды екен.
Айта кетері, ұрып-соққан оқушының бірінің анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде кадр бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Өскемен қалалық білім бөлімі басшысы Сәуле Алагөзова жақында оның қызмет кеткенін мәлім етті. Әкесі Антикорда істейді деген ақпарат та тараған. Бірақ ол жағы расталмады. Кейіннен мәлім болғандай, қыздың әкесі мектептердің бірінде күзетші болып істейді.
Заңгер Нұрлан Байғазиев зорлық көрсеткендер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін деп айтты.