Павлодарда белгісіз жыртқыш қойларды қырып жатыр – ВИДЕО

Qaz365.kz редакциясы

Жыртқыштар осыған дейін екі рет келіп, жүз бастай малды қырып кеткен

Фото: видеодан скриншот

Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылында белгісіз жыртқыш қойларды қырып жатыр деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары белгісіз жыртқыш қырдағы малға емес, қорадағы түлікке тура шабатынын айтып отыр. Жыртқыштар осыған дейін екі рет келіп, жүз бастай малды қырып кеткен.

«Түнгі сағат он екіде байқағанда дін аман болатын. Көзіміз ілініп кеткен екен. Оянсам сағат төрт, шығып қарасам, талқандап, баяғыда кетіп қалыпты», – дейді ауыл тұрғыны Қамидолла Қойтанұлы Qazaqstan ұлттық телеарнасына.

Тұрғындар қаңғыған ит болмаса, ауылға қасқыр беттей қоймайтынынын айтады.

«Қаңғыбас иттер ма, қасқырлар ма, ол жағын білмейміз. Бәрін анықтап болған соң, айта аламыз», – дейді Ақсу қалалық Ветеринарлық қызметінің басшысы Марат Тиқанов.

Қазір өлген малдан сынама алынып, сараптамаға жіберілді.