Жезқазғанда бюджеттің 223 млн теңгесі талан-таражға салынған

Qaz365.kz редакциясы

Ұлытау облысында бюджет қаражаты талан-таражға салынған

Фото: gov.kz/ Ұлытау облысының әкімдігі

Ұлытау облысының прокуратурасы 223 млн теңге сомасына бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісін анықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Прокурорлар Жезқазған қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің (бұдан әрі – ТКШ бөлімі) қызметін тексерді. Тексеру нәтижесі бойынша Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісі анықталды. Атап айтқанда, 2021 жылы ТКШ бөлімінің лауазымды тұлғалары құрылыс жұмыстарын жоғары бағамен қабылдаған, бұл 223 млн теңгеден астам мөлшерде бюджет қаражатын негізсіз артық төлеуге әкелген», – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Аталған факт бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастап, оны тергеп-тексеру Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырылды.

Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәлімет тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Сонымен қатар ҚР Конституциясының 77-бабына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз болып саналады.